Logo
Іздеу
Айдарлар

Сібір жарасының өршуіне байланысты Атбасар ауданында екі ауыл карантинге жабылды

/
Сібір жарасының өршуіне байланысты Атбасар ауданында екі ауыл карантинге жабылды

Ақмола облысындағы алғашқы науқас 27 маусымда анықталған. Бірнеше күннен кейін тағы да адамдар Көкшетаудағы жұқпалы аурулар орталығына сібір жарасына күдікпен жатқызылды. Бұл туралы Halyqstan телеграм арансы хабарлады.

Ол кезде жағдайға түсініктеме берген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова карантинге негіз жоқ екенін, бәрі бақылауда екенін айтқан еді.

Алайда, кейінен тұрғындар арасында жаңа науқастар анықталып, 1 шілдеден бастап 15 күнге карантин шектеулері енгізілді.

Қазіргі таңда сырқаттанғандар саны жиырмаға жуықтады. Бір адамның жағдайы ауыр, қалғандары – орташа ауыр жағдайда.

Жұқпаның көзі де анықталды, ауылдың бірінен небәрі 7 шақырым жерде орналасқан ескі мал қорымы.

Мамандар жедел түрде аумақты дезинфекциялап, жұқтырған 10-нан астам малды жойды.

Кеше үкіметтегі брифингте жағдайға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров түсініктеме берді:

– Мал да, адам да бұл жерге кірмеуі керек. Біз аумақты қоршап, шлагбаум қойдық. Республикалық індетке қарсы жасақ дезинфекция, өңдеу және жою жұмыстарын жүргізді. Лабораториялық қорытындыны ала сала, 1 шілдеде карантин енгіздік, – деді Сапаров.

Атбасар ауданындағы жағдай аса қауіпті аурулардың алдын алу жүйесіндегі әлсіз тұстарды айқындап берді.

Атап айтқанда, мал көметін орындарға тиісті бақылаудың болмауы – олардың кейбіріне ондаған жыл болған (мысалы, Атбасар ауданындағы мал қорымы 1940 жылдардан бері бар).

Егер топырақ пен ауаға жасалған қайталама сараптамалар қауіптің жоқ екенін көрсетсе, карантин 15 шілдеде алынып тасталады. Сол уақытқа дейін ауылдар жабық күйде қалады.

Әзірге, билік биологиялық қауіпсіздікке бақылауды қайта қарап, өңірдегі барлық мал қорымдарын тексеруді уәде етіп отыр. Ақмола облысының өзінде осындай 60-тан астам нысан бар.
 

Серіктес жаңалықтары