Қазақстанда 900-ден астам азамат мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді алудан өз еркімен бас тартқан. Олардың арасында бірнеше жылжымайтын мүлігі, автокөлігі және тұрақты жоғары табысы бар отбасылар кездеседі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, "Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту" цифрлық сервисі іске қосылғаннан бері eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы 900-ден астам адам осы мүмкіндікті пайдаланған. Министрлік жәрдемақыдан бас тартқан азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына талдау жүргізген. Нәтижесінде мұндай шешімді көбіне табысы жоғары, жеке кәсібі бар және бірнеше мүлікке иелік ететін азаматтар қабылдайтыны анықталған.
Мәселен, Қазақстанның батыс өңірінде тұратын алты адамнан құралған отбасы мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан. Отбасында кәмелетке толмаған төрт бала бар. Соған қарамастан, олардың ай сайынғы ресми табысы 3,8 миллион теңгеден асады. Яғни отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа айлық табыс 636 мың теңгеден жоғары. Бұдан бөлек, отбасының меншігінде бірнеше тұрғын үй, жер учаскелері және автокөліктер бар.
Осындай шешім қабылдаған тағы бір отбасы Қазақстанның орталық өңірінде тұрады. Жеті адамнан тұратын отбасының бесеуі – кәмелетке толмаған балалар. Олардың ай сайынғы ресми табысы 2,3 миллион теңгеден асады.
Министрліктің мәліметінше, отбасы мүшелері жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Сондай-ақ олардың меншігінде элиталық тұрғын үй, жер учаскелері, жеңіл автомобильдер мен коммерциялық көлік бар. Ал еліміздің оңтүстігіндегі тағы бір отбасы жалдамалы жұмыспен қатар жеке кәсіп жүргізеді. Олардың да бірнеше тұрғын үйі мен жер учаскелері бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік төлемдерден бас тарту азаматтардың ерікті шешімі екенін атап өтті. Мұндай қадам мемлекеттік қолдауды оған көбірек мұқтаж адамдарға бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан азамат болашақта әлеуметтік төлем алу құқығынан айырылмайды. Егер отбасының материалдық жағдайы нашарласа немесе өмірлік ахуалы өзгерсе, азамат заңнамада белгіленген жалпы тәртіппен жәрдемақы тағайындауға қайта өтініш бере алады.
Ведомство әлеуметтік төлемдерден бас тартуға арналған цифрлық сервистің тек eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасында жұмыс істейтінін еске салды. Министрлік азаматтарға мессенджерлер немесе SMS арқылы әлеуметтік төлемдерден бас тартуға арналған сілтемелер жібермейтінін мәлімдеді. Сондықтан тұрғындарға күмәнді сілтемелерге өтпеу және жеке мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу ұсынылады.