31-07-20 |
410 рет қаралған
Мүмкіндігі шектеулі балалар  шетелдердегі байқауларға барғысы келеді.
Мүмкіндігі шектеулі балалар  шетелдердегі байқауларға барғысы келеді

Қызылорда қаласының N6 мектеп-интернатының дарынды жастары өздерін ірі алаңдарда жиі көрсетіп келеді, бірақ барлығының бірдей елде және әлемде өзін танытуға мүмкіндік бола бермейді. Алайда осындай дарынды балаларды қолдау мақсатында Қазақстанда Шығармашыл жастарды қолдау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру жобасы жүзеге асырылуда. Ол халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан дарынды жастарды анықтау және қолдау үшін жағдай жасауға бағытталған жас және дарынды адамдарға гранттар беруге арналған жоба.

Әлеуметтік жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аясындағы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде жүзеге асырылады.
Жоба ережелеріне сәйкес, грант алушылар бірнеше бағыт бойынша халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдарға жіберіледі. Осындай гранттың үміткері мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс жасайтын Қызылорда тұрғыны «Ложкари» тобының жетекшісі Базар Мария.
«Мен Қызылорда қаласында есту қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істеймін. Осы шәкірттерімді өнерге баулып келе жатқаныма 18 жыл болды. Бұл балалардың есту қабілетінде шектеулі болғанымен өмірге, өнерге деген құштарлықтары өте жоғары. Менің оқушыларым ымдап ән айтып, би билейді. Сонымен қатар, домбыра, сазсырнай, шаңқобыз сияқты аспаптарды ойнауды үйретудемін» – деп баяндады ансамбль жетекшісі.

Республика бойынша 2015 жылы есту қабілеті шектелген балалардан құрылған «Балауса» домбырашылар тобын ең бірінші болып құрған Мария, көптеген сұрақтар астында қалған болатын. Қиындықтарға қарамастан, Марияның оқушылары жүлделі орындардың иегері атанып, Түркия қаласына да жолдама алған. Қазіргі кезде олар «Ложкари» тобын
құрып, аталған жобаға қатысып отыр.

Мария осы жобада грант ұтып алса, «ерекше балаларын» Болгариядағы, Кипрдегі және Ресейдегі конкурстарға апаруға мүмкіндік туатынын айтты.

«Қазақстанға дәл осындай жобалар өте қажет. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі адамдар халықаралық немесе республикалық деңгейдегі байқауларға қаржы жағынан қиындық туып, қатыса алмай жатады. Сондай уақытта бұл мүмкіндік үлкен көмек болады», – дейді ұстаз.

Атап өтсек, жоба аясында республикалық байқаулар мен фестивальдерге қатысу үшін 200 мың теңге көлемінде 30 грант және халықаралық байқаулар мен фестивальдарге қатысу үшін 700 мың теңге көлеміндегі 20 грант бөлінеді. Гранттар 9 шығармашылық бағыт бойынша беріледі: музыка, хореография, театр, кино, цирк өнері, әдебиет, бейнелеу өнері, сәулет, дизайн.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.