13-08-20 |
1140 рет қаралған
Ресми БАҚ – сенімді ақпарат көзі.
Ресми БАҚ – сенімді ақпарат көзі

Бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі функциясы әлеуметке жаңалық таратуға, күнделікті ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған. Соның ішінде ресми БАҚ-қа жүктелер міндет жоғары. Өйткені, ресми БАҚ ақпараттың жаршысы болып қана қоймай, өзі ұсынған «өнімнің» шынайылығына, деректің жалған еместігіне жауапты болады. Ал коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандық ақпарат құралдары өзінің функционалды міндетін қаншалықты дұрыс атқарды? Аудиторияны жалған ақпараттан қорғай алды ма? Әлемді алаңдатқан індет кезінде халықты сабырға шақырып, үрейін басуда ақпарат құралдарының көмегі қандай болды?

Шынын айтқанда, пандемия бүкіл саланың тыныс-тіршілігіне елеулі өзгеріс әкелді. Карантиндік режим бұрынғы өмір ағысына айтарлықтай ықпал етті. Белгісіз аурудың дабыры, салдары азаматтардың дегбірін кетіріп, қорқынышын арттыра түскені рас. Мұндайда елеңдеген көңілді одан сайын өршітіп, үрейін еселейтін емес, ертеңгі күнге деген үмітін үкілейтін, сенімін нығайтатын ақпараттардың көп болғаны маңызды. Өйткені, коронавирустан қорғану үшін бұл індет жайлы әрбір азаматтың мол ақпарат алғаны, неге қарсы тұратынын түсінгені керек. Сондықтан, бұқаралық ақпарат құралдары бірінші кезекте халыққа шынайы, жедел, қажетті ақпарат таратуы керек болды. Екіншіден, жұртшылыққа сабырға шақырып, бір мақсатқа ұйытатын позитивті материалдар беруі тиіс болды. Үшіншіден, қауесеттің жолын кесіп, жалған ақпаратқа жол бермеудің тетігін іздеу міндеті жүктелді.

Төтенше жағдай кезінде құзырлы орындардың бұқаралық ақпарат құрадарымен тығыз байланыста жұмыс істеуі де көптеген қиындықтардың алдын алады. Өкінішке орай, біздің мемлекеттік құрылымдар ақпарат беруде әлі де болса шабан. Көпшілік көкейіндегі сауалдарға жедел жауап беру жағы біз ойлағандай жедел бола бермейді. Осы жолы бар салмақ Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне түскені мәлім. Коронавируспен күрестегі бастапқы жұмыстардың басы-қасында болған Елжан Біртанаовтың командасы ақпарат таратуда аз олқылық жіберген жоқ. Әсіресе, ірі қала, облыс орталығындағы аурухана, санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың жауапты тұлғалары журналистермен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын болмады. Көпшілігі ресми тілге жүйрік болғандықтан, мемлекеттік тілдегі ақпараттардың таралуы ақсап жатты. Ал ақпаратқа сусап отырған халық жайбасарлықты кешірмейді. Осындай сәтті ұтымды пайдаланып, хайп қуғандардың алғашқы кезде көбейіп кеткенін мойындауымыз керек. Мұнда бұқаралық ақпарат құралдарының да кінәсі бар. Ақпараттың дұрыстығын тексеріп алмай жариялаудың соңы заңдық жауаптылыққа жетелейтінін өкінішке орай кейбір тілшілер білмейді. Рейтинге жұмыс істейтін, оқырман көбейтуді ғана мақсат ететін сайттардың осы тұста тексерілмеген ақпараттар арқылы «аты шыққаны» рас.

Жалпы құзырлы орындардың ақпарат беруден қашқақтап, журналистермен тікелей байланысқа ниеттенбеуі жалған ақпараттардың таралуына түрткі болатынын ұмытпауымыз керек. Мысалы коронавирус індеті жайында айтылғанда денсаулық сақтау мамандары тек сырқаттар санын тізбелеумен шектелді. Олар қандай ем алып жатыр, қай ауруханада орналасқан, жағдайы қалай деген сұрақтарға жауап болмады. Содан келіп «Коронавирус биліктің ойлап тапқан ауруы. Онымен ешкім ауырып жатқан жоқ. Айналамызда жаңа індетпен ауырған адамдар неге жоқ?» деген күмәнді сауалдар жиі талқыға түсетін болды. Журналистердің ауруханаларға барып, сырқаттардың жағдайын өз көзімен көрсек болған әрекеті жауапсыз қалды. Осының салдарынан сақтық шаралары сақталмады, қауіпсіздік ережелері қолданылмады. Өздері ашық ақпаратқа ие болмаған соң журналистердің де материалы сенімсіз, шашыраңқы шықты. Көбінесе бұқаралық ақпарат құралдары бұл кезде ақпаратын ашық ұсынып жатқан шетелдегі дерек көздерін талғажау етті. Испания, Германия, Франциядағы кокронавирустан жаппай ауырған халықтың ауыр халін көрсетіп, тұрғындарды үрейлендіру сарыны басым болды.

Бұл тұста тәртіпті бақылауға тиіс Ішкі істер миниятрлігінен де біраз ағаттық кетті. Информацияны жеткілікті ұсынып тұрғанымен, блок бекеттердегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, сақшылар тарапынан болған келеңсіздіктер халықты сабырға шақырудың орнына, ашуын туғызды. Дегенмен, айыптау сарыны басым біздің күштік құрылымдардың тәртіп бұзған, жадған ақпарат таратқандармен пәрменді күресіп, оны ақпараттандыру жағынан да белсенді болғанын мойындауымыз керек. Содан болар, бұқаралық ақпарат құралдарының кез келгенін қарасаңыз, «Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптарында қандай шара көзделген?» деген сауалдарға нақты жауап алуға болатынына көз жеткізесіз. Сонымен бірге, жалған ақпараттарды әдейі таратқан, білместікпен өзгелерге жолдаған азаматтардың да қандай жаза алып, қандай айыппұл төлейтіні тұрақты беріліп келді. Бұл да болса халықты әр сөзге жауапты қарауға, тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге үндеген пәрменді қадам болды. Осы тұрғыдан алғанда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі жоғары бағалауға тұрарлық.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.