05-10-23 |
1390 рет қаралған
Тоқаев: Кейбіреулер тілді саяси құрал ретінде пайдаланады.
Тоқаев: Кейбіреулер тілді саяси құрал ретінде пайдаланады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің қоолдану аясы туралы ойын айтты.

Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілін қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатыр. Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негіз жоқ. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз. Мемлекеттік тілдің жағдайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында, осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда. Ал нақты қазіргі ахуалға қарайтын болсақ, тілдің жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Мәселе тілге келгенде, дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек. Сонда ғана біз табысқа жетеміз – деді Тоқаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде қазақ тілі креативті индустрияның тіліне айналған.

Мысалы, «Аватар» сияқты әлемге белгілі фильмдер қазақша сөйлеп жатыр. Сондай-ақ Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытып жүрген талантты жастарымыз да қазақ тілін дүние жүзіне паш етуде, тілімізді өнерімен, еңбегімен, яғни нақты ісімен дәріптеп жүр. Бұл – біздің жастарымыздың саналы таңдауы. Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті – деді президент.

Ол «Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын басты құндылықтың бірі ретінде дами беретінін» айтты.

Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Ең бастысы, тіл саласындағы біздің бағдарымыз – айқын, баршаға түсінікті. Сондай-ақ шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда. Жалпы, осы айтылған жұмыстың бәрін рет-ретімен жасасақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз – деді ол.

Arasha.kz

ФОТО: Ақорда

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.