Біз
әлеуметтік
желіде
22-03-25 |
610 рет қаралған
Ұлттық бірегейлікті ұлықтаудан ұтарымыз көп.
Ұлттық бірегейлікті ұлықтаудан ұтарымыз көп

Наурыз мейрамын атап өтудің ауқымы да, мазмұны да жыл өткен сайын өзгеріп келеді. Бұрын бұл күн тек жыл басы, Ұлыстың ұлы күні ретінде дәріптеліп, ұлттық киім киіп, ұлттық ойындарды насихаттап, наурыз көже дайындаумен есте қалатын еді. Ал қазіргі кезде Наурыз – ұлттық бірегейлікті айшықтаудың, халықтың көне салт-дәстүрін жаңғыртудың, ұлттық мұраларды ұлықтаудың тамаша мүмкіндігіне айналды. Осы айтулы күннің аясында ұйымдастырылып жатқан шаралар халықтың отаншылдық рухын оятары, елді бірлікке ұйыстырары, ұлттың тарихы мен тамырына деген сүйіспеншілігін қалыптастырары анық.

Мысалы жақында Көкшетауда ақ кимешек киген аналардың қатысуымен үлкен шеру өткені белгілі. Қала көшелерінде қатар түзеген 1600 кимешек киген аналардың көпшілік көңілін бірден өздеріне аударғаны рас. Бір қатардың бойымен баппен қозғалған аналар шеруінің ұзындығы бір шақырымнан асты. Ақ шағаладай көрінген аналардың әдемі шарасына назар аудармау мүмкін емес еді. Содан болар, шеруге шығушылармен бірге, Көкшетаудың барлық көшсі шеруді тамашалаушыларға толып кетті.

Кимешекті аналар шеруін өткізу біраз уақыттан бері айтылып, жоспарланған шара болатын. Мұндай ерекше шараның өтуіне Президенттің ұлттық киімдерге қатысты айтқан сөзі де түрткі болған-ды. Көкшетауда ұйымдастырылған Ұлттық құрылтайға арнайы қатысып, сөз алған Мемлекет басшысының «Ұлттық киім кию бірте-бірте үйреншікті жағдайға айналып барады. Бұл өте жақсы үрдіс. Бетін жасырып, қара жамылғаннан гөрі, ұлттық нақыштағы киімдерді киген әлдеқайда жарасымды. Біздің ұлттық киімдерімізде этникалық бірегейлікті айқын көрсетеді, сондықтан оны жан-жақты насихаттау керек», — деген тағылымыды сөзі көпшілікке тамаша қозғау салған болатын. Күні кеше өткен кимешектер байқауы мен кимешек киген аналар шеруі осы жақсы ұсыныстың шындыққа айналғанының көрінісі іспеттес.

Ақмола облысының аналары бірігіп ұйымдастырған шара шын мәнінде көпшілік көңілінен шықты. Көкшетау қаласының әкімдігі қолдау көрсеткен игілікті іске жас келіншектерден бастап, тоқсандағы кейуаналарға дейін белсенді атсалысты.

 «Асыл аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анаргүл Мұхамедрахимованың айтуынша, ұлттық киімдерді дәріптейік, ұлттық бірегейлігімізді ұрпаққа көрсетейік деген ұсынысты аналар бір ауыздан қолдаған. Алғашқы топтың шынайы ықыласын білген соң бірлестік төрайымы әр саладағы қыз-келіншектерге өз бастамалары туралы айтып, қолдау көрсетуді сұрап қолқа салған. Ал көпшіліктің ынта-ықыласын көргеннен кейін кимешек киген аналар шеруін, кимешек сайысымен біріктіріп өткізу туралы ой туындаған екен.

Бір уақытта 1600 кимешек киген аналар шеруінің Қазақстанның Гиннестер кітабына енуі – көкшетаулықтар үшін тамаша жетістік болды. Ал осы шерудің соңы түйінделген «Ақ кимешек» байқауы ұлттық киімдердің тарихын, ерекшелігін танытуымен құнды болары даусыз. Айрықша сипатқа ие байқауда Ақмола облысының әр түкпірінен келген 29 үміткер қатысып, өз өнерін көрсетті.

Байқауға қатысушыларға қойылатын басты шарт – аналар кимешекті өз қолдарымен жасап, көпшілікке таныстыруы, оның сәнді, ыңғайлы, тартымды екенін дәлелдеуі керек. Ал жиналған жұртшылықты таңдандыру оңай шаруа емес екені түсінікті. Ол үшін байқауда жеңіске жетсем деген ықылас-ниет аздық етеді. Додада үздік боп танылу үшін кимешекті үлкен талғаммен, терең тағылыммен жасау шарт. Үміткерлер қолынан шыққан кимешек өзіндік бірегейлігімен, ұлттық нақыштарымен, заманауи  үндестікті ескере отырып жасалғанда ғана топ жаратыны мәлім.

29 шебердің қолынан шыққан кимешектер көпшіліктің шынайы қызығушылығын тудырды. Содан болар, ұлттық киімдер тігуді кәсіп еткен отандық дизайнерлердің де бұл сайысқа жіті көңіл аударған еді. Бұған қоса, аналардың бас киімді кию әдісі мен оның шығу тарихы, жасалу жолдары туралы құнды деректері байқаудың маңызын да, мазмұнын да байыта түсті. Ал киізден, түрлі матадан және тоқу арқылы жасалған түрлі үлгідегі кимешектерге таңданбаған жұрт аз. Тартысты өткен сайыс қазақ аналарының ұлттық құндылықтарды қалай қадірлейтінін ұқтырды. Осындай айтулы сайыста көпшілік қолдауымен бас жүлдені 66 жастағы Ұлжалғас Қарымсақова иеленді.

Көкшетаулық аналар кимешек киюден рекорд орнатып, «Ақ кимешек» жасаудың үлгісін көрсетіп жатқанда, астаналық жастар да қол қусырып қалған жоқ. Елордалық Білім басқармасы мен Техникалық және көркем шығармашылық орталығы бірлесіп 3000 оқушыға «Қамажай» биін билетіп жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді.

«Қамажай» – қазақтың ұлттық биі екені көпшілікке белгілі. Бұл биді мерекелік шараларда жеке немесе жұптасып билеп, топ жарып жүрген қыздарымыз аз емес. Ал үш мың қыздың бір алаңда жиналып би билеуі бұрын-соңды болмаған айрықша оқиға.

«Шашу» фольклорлық ансамблінің шығармашылық жетекшісі Рахат Тәуіржанның айтуынша, көп адамның басын біріктіріп, ән айтқызу, күй тартқызу, ұлттық киіммен шеру жасату оңай шаруа емес. Соның ішінде мыңдаған адамның басын біріктіріп, би үйрету одан да қиын әрі күрделі. «Қамажай» – қазақтың ұлттық дәстүрін, ұлттық болмысын танытатын ұлттық би. Ол нәзіктікті, әдемілікті бейнелейді. Мұндай өнерді ұлықтау мәдениетімізді кеңінен насихаттау үшін де маңызды. Сондықтан қыздар ұлттық биге дайындықты ерте кезден бастап кеткен.

– Бұл шара біздің достарымызды көбейтті. Биге дайындық барысында Астанадағы бірнеше мектептің қыздары бір алаңда дайындалып, бір-бірімізбен жақсы араласып кеттік. Сонымен бірге, біз ұлттық билердің тарихына, маңызына мән бердік. Мысалы Қамажай биіндегі әр қимылдың өз мәні бар. Ондағы саусақ, білек, бас, мойын, аяқ, бел қимылдары бірігіп әдемі оқиғаны, қыздың туған жерге деген махаббатын, елге деген іңкәр сезімін бейнелейді, – деді биші қыздардың бірі Айлин Бекболатқызы.

          Ал Айша Қалдарбектің Қамажайды билеу кезіндегі әсері тіпті керемет. «Бұрын дайындық кезінде аса мән бермеген екенбіз. Аппақ бүрмелі көйлек пен әдемі камзолдарын киіп, шекелігін тағып, шашпауын шылдырлатып келген үш мың қыз бір орталыққа жиналғанда айналаға ерекше сән береді екен. Содан болар, біз биді үлкен әсермен биледік. Биімізді сырттай қарап, сүйсініп, қол соғып тұрған көрермендердің ыстық ықыласы бізге шабыт берді», – дейді бойжеткен.

          Әсіресе, Қамажай биінің соңында биші қыздардың қызғалдақ гүліне ұқсап, әдемі көрініс жасауы көпшілікке тосын сыйдай әсер етті. Мұндай әсем шараның Қазақстанның Гиннестер кітабына енуі орынды әрі лайықты болды.

          Елордалықтардың халықты таңдантатын шаралары мұнымен аяқталмады. Наурыз мейрамы кезінде Астанада ең үлкен жент жасалып, тұрғындарға тегін таратылды. Ұзындығы 15 метрді құрайтын жентті дайындауға ең мықты аспаздар тартылды. Мұндай бастамалар қазақтың ұлттық құндылықтарын ұлықтауда, өзіндік бірегейлігімізді айшықтауда таптырмас тәсіл.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.