16-07-20 |
450 рет қаралған
Шебер шет қалмайды.
Шебер шет қалмайды

Коронавирус пандемиясы бүкіл адамзаттың тұрмыс-тіршілігін үйреншікті қалпынан өзгерткендей. Көп адам өмірге басқаша қарай бастады. Елімізде төтенше жағдай енгізілгелі үйде карантинде отырғанда негізгі жұмысынан айырылғандар нәпақа айырудың өзге жолдарын қарастыра бастады.

Шымкент қаласының тұрғыны Ақмейірім Азаматқызы да карантинде құр отырмайын деп қосымша кәсіп бастап кетті. Өзі 2017 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін саясаттану

мамандығы бойынша тәмамдаған.

Сол студент болып жүрген кезде Нұр-сұлтан қаласындағы «Сыйлықтар әлемі» деген дүкенде сатушы болып істепті. «Ол жерде барлық зат қолдан жасалатын еді. Сондағы қолөнер шеберлерінің жұмыс барысын бақылап, сырттай үйреніп жүрдім. Карантин басталғанда «неге қолдан сөмке, себет тоқып сатпасқа?» деген ой келді. Тоқыма туралы жан-жақты іздендім. Интернетті ақтарып, іздеп, ютубтан қарап, керекті жіптерді сатып алдым», – дейді Ақмейірім.

Ақмейірімнің айтуынша, тоқыма өнеркәсібі Ресейде өте жақсы дамыған. Ресейліктер тоқудың түбін түсіретін көрінеді. Кейіпкеріміз де сол жақтың шеберлік сағаттарына қатысып, бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеріп келеді.

Жіптің түрі көп. Біріншілік және екіншілік деп те бөлінеді. Мысалы, менің тауарларым трикотажды жіптерден тоқылады. Бұл жіптер де Ресейде шығарылады. Өте сапалы. Біздердікі үлбіреп қалады, формасын шығара алмай қаласың, – деген Ақмейірім тоқымадан бөлек матадан қуыршақтар тіккенді, сабыннан түрлі заттар істегенді ұнатады.

Жас кәсіпкер бізді өзінің кәсібімен таныстырды. Оның тоқыған сөмкелері мен себеттерін көрсеңіз, көз тоймайтын сұлулық әлеміне еніп кетесіз. Төртбұрышты, үшбұрышты, домалақ, сопақша, әр алуан үлгідегі қыз-келіншектердің қол сөмкелері көздің жауын алады. Ол түрлі-түсті сөмкелердің «Зефирка», «Кросс-боди» және «Софи» аталатын түрлерін тоқиды екен.

Сөмкелерге қарағанда себеттер көбірек өтеді. Елорда мен Алматыдан тапсырыс беретіндер көп.

Бір сөмкеңнің бағасы қанша? – дедік.

Сөмкелердің бағасы – 8-12 мың аралығында. 1 сөмкені тоқуға 1 күн кетеді, қиын сөмкені 2 күнде тоқимын.

Басқа қандай жоспарларың бар?

Байқағаным, мұндай тоқылған сөмкелерді түріктер, америкалықтар, италяндықтар жақсы көреді. Сол себепті шетелдік нарыққа шыққым келеді. Тігінді үйреніп алсам деймін. Шығармашылыққа жақын болғандықтан өзімді шығармашылық ортаның айналасынан көремін, – деді ол.

Иә, бір ғана Ақмейірімнің мысалынан карантинде үйде отырып, қызығушылық пен хоббиді кәсіпке айналдыруға болатынын көріп отырмыз.

Оның жолдасы облыстық Опера және балет театрында хор әртісі боп істеген екен. Жұмыс тоқтаған соң ол да қосымша жұмысқа бет бұрып, пицца жеткізумен айналысып бастапты. Кәсіптен нәсіп тапқан жас отбасы «бұрынғы жұмысымыздан әлдеқайда көп табыс табамыз» деп марқайып отыр.

 

Десе дегендей, қазіргідей нарық заманында «жоқ» деген сөзді айтуға болмайды. Екі қолға күрек табылады. «Бар», «болады», «болып жатыр» деген жақсы сөздерді айтсақ, Ақмейірім сияқты кез келген сәтсіздіктен қиналмай шығатынымыз аян.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.