Біз
әлеуметтік
желіде
30-03-25 |
1120 рет қаралған
Тарихты табыс көзіне айналдыруға не кедергі?.
Тарихты табыс көзіне айналдыруға не кедергі?

Тарихтың тұмса тетіктерін пайдаланып туризмді дамытып жатқан елдер көп. Себебі, тарихқа қызықпайтын, тарихты оқымайтын адамдар аз. Әсіресе, әлемді саяхаттағанда тарихы қызық, өткені тартымды елдерге басымдық берілетіні ешкімге құпия емес. Тарихты сүюдің, тарихты түгендеудің үлгісін көрсетіп келе жатқан мемлекеттердің ішінде бауырлас Түркияның шоқтығы биік.

Түрік елі түсірген «Ғажайып ғасыр» сериалының өзі әлемнің әр түкпіріндегі қаншама туристі сұлтан Сүлейменнің сарайына ғашық етті. Қаншама саяхатшы Хюррем сұлтанның хамамын көруге асық болды. Билеушілердің тарихи деректерін көркем шығармаға өзек еткен түріктердің өзі «Ғажайып ғасыр» көрсетілгелі Стамбулға келіп, тарихи жерлерді көруге ынталы жандардың еселеп өскенін айтады.

Ендеше, тарихын туризмнің ғана емес, табысының көзіне айналдырған Түркияның тәжірибесін тиімді қолдануға бізге не кедергі? Қазақтың тарихында да аты аңызға айналған хандар мен билер, батырлар мен даңқты қолбасшылар аз емес. Біздің елімізде де аты алтын әріппен жазылатын батыр қыздар баршылық. Солардың өмірін, ерлігін, өрлігін неге көркем туындының негізіне айналдыра алмай жүрміз?

Әрине, біздің еліміз де тарихи туындылар түсіруге бейімделіп келеді. Бұл бағытта ешқандай ізденіс жоқ десек қате айтқан болар едік. Тарихи фильмдер туралы айтқанда «Жау жүрек мың бала» және «Томирис», «Тар заман», «Көшпенділер», «Оян Қазақ!», «Батыр Баян» туындыларының бірден еске түсетіні белгілі. Бұл тарихи фильмдердің халықтың өткеніне, ел шетіне жау тигенде ұйысқан ел бірлігіне, қанша қатер төнсе де ел үшін жанын пида еткен батырлардың ерлігіне деген халықтың жылы сезім, мақтанышын тудыратыны рас. Мұндағы кейіпкерлерді ұл-қызымызға көрсетіп, үлгі етіп жүргеніміз де шындық.

Дегенмен, тарихи филмдерді түсірудегі ізденіс бір сәт те тоқтамауы керек. Соның ішінде төмендегі мәселелерге көңіл бөлу артықтық етпейді. Мысалы, біз сөз еткен туындылардың қай-қайсысын алсаңыз да жаттандылық, табиғи үрдісті ескермеу байқалады. Тіпті кейде оқиғалардың сендірмейтін, көңілге күдік тудыратын тұстары да кездеседі. Бұл әрине фильмді жасаушылар мен сценарий авторларының қателігі.

  Тарихты сөйлетуге тиіс туындылардағы ең басты қателік – сценарийді дұрыс жазбаудан бастау алады. Себебі бұл іспен бізде көбіне-көп нағыз мамандар емес, сол киноның авторлары мен оның айналасындағылар айналысады. Соның салдарынан оқиға желісінде байланыс болмайтын, үндестік ескерілмейтін, бір көріністің екінші көрініспен қабыспайтын тұстары жиі кездеседі. Көркем туынды болғандықтан шығармашылық топтың кейде тарихи оқиғаларды тым әсірелеп, барынша зорайтып көрсететіні байқалады. Бірақ, кітапты оқыған жандарға мұндай шеңберден шығудың ұнамауы мүмкін. Сондықтан туындыны көпшілікке жеткізуде неғұрлым әсерлі жасаймын деп, қарабайырлыққа бармау керек.

 Кәсіби авторлар тартылмағандықтан шығар, кейінгі фильмдердегі кейіпкерлер аузына салынған сөздердің де тұщымдысы аз. Ал бұрынғы фильмдердегі кейіпкерлердің тауып айтқан, астарлап меңзеген, әзілмеген жеткізген тіркестерін жұртшылық әлі күнге аузынан тастамай жүреді. Бұл да болса сценарий авторларының шеберлігіндегі, ізденісіндегі ақтаңдақтардың, қателіктердің жемісі.

Сосын актерлерді таңдауда да орын алатын кемшіліктерді айтпай кетуге болмайды. Біздің режиссерлер мен продюсерлер жаңа актер табуға тырыспайды. Көпшілігі актерлік машығы қалыптасқан, ел алдында жүрген, оқытуды, үйретуді қажет етпейтін дайын мамандардың қызметіне жүгінеді. Ал күнделікті көзі үйренген актерларды халықтың тарихи тұлға ретінде танымауы, мойындамауы  мүмкін. Үнемі комедияларда ойнайтын актерлар тарихи оқиғаларды сомдауда қанша кәсібилік танытып жатса да, көрерменнің қабылдауы ауыр. Осы жағын да алдағы уақытта ескерген абзал.

Сосын тарихи фильмдер суреттелетін кезең мен қазіргі кезеңнің арасы жер мен көктей. Осыны актерлардың түсінбейтіні ойлантады. Мысалы хандар мен билердің жанында отырған керім қыздардың жаңа сәнмен жасалған қасы, дүрдиген ерні, жасанды кірпігі бірден кері итермей ме? Бұдан бөлек, фильмнің дыбысталуы да көңілге кірбің ұялатады. Актерлар рөлді жақсы ойнағанымен, диалог кезінде қазақша сөздерге тілі келмейтіні, кібіртіктеп, ойланып, үндестік заңын белден басатыны көңілге қаяу түсіреді. Осының өзі тарихи туындылар түсіруге дайындықтың төмендігін көрсетеді.

Қазақстандағы тарихи кинолар түсіруге қызығушылық танытып жүрген шығармашылық топтың сол заманның көрінісін беретін атрибуттарды жасауда да сараңдық танытатыны байқалады. Қазақы ауыл дегенде өңі кеткен төрт-бес қазақ үйді көрсету, даласы төрт түлікке толған халықты бірді-екілі сәйгүлікке телміртіп қою ойға сыймайды.

Тарихи фильмдер – халықтың мерейін өсіруі, ұлттың ұлы мұраттарын көрсетуі, қиын-қыстау сәттерді суреттей отырып, халықтың бірлігін ғана емес, ерлігін, байлығын, барын, нарын ел алдына алып шығуы керек емес пе? Мысалы сөзіміздің басында айтқан «Ғажайып ғасыр» сериалының бас кейіпкері Сұлтан Сүлейменге фильм барысында 200 шапан тігілген екен. Және бұл киімдерде ұлттық ерекшелікке айрықша назар аударылған. Сұлтанның шапанын бағалы тастармен безендіріп, сән-салтанатын келістіру арқылы бүкіл түрік халқының болмысын бейнелеуге күш салынған. Сонымен қатар, бұл киімдерді тігуге елдегі ең мықты, ең шебер тігіншілер мен дизайнерлердің шақырылғанын айта кеткен орынды.

Сериал барысында кейіпкерлердің қоғамдағы алатын орнына, беделіне байланысты лайықталып 1950 түрлі костюм тігілген. Оларды дайындауға 15 мың метр мата жұмсалғаны да түріктердің тарихи филмдерден ешқандай қаржыны да, қолдауды да аямайтынын айғақтайды.

Осы жағдайларды ескере отырып, біздің елімізде түсірілетін алдағы тарихи фильмдерде сценарийдің сауатты жазылуына, актерлердің дұрыс таңдалуына, тарихи оқиғаларды суреттейтін көріністерді неғұрлым шындыққа жақындатуға, сонымен бірге, тарихи тұлғалардың киімі мен қолданған құралдарына жіті назар аударуға көңіл бөлу керек.

Кино – елдің өткені мен бүгінін жалғайтын, мемлекетті әлемге танытатын идеологиялық құрал. Сондықтан, мұндай маңызды құралды кім көрінгеннің қолына қстата салмау керек. Әсіресе тарихи киноларды түсіру ісіне өте жауаптылықпен қараған жөн. Танымал тарихшы Сұлтан Әкімбеков елімізде түсіріліп жатқан фильмдерге тарихшыларды тарту жағына көңіл бөлу керектігін алға тартады. Расында, тарихшылардың көмегінсіз, білімінсіз тарихи туынды түсіру қате. Өйткені, бұл өткенімізді бұрмалауға, сауаты төмен дүниелер жасауға алып келеді. Тарихшылар мен сценаристер бірігіп дайындаған еңбектердің халықтың көңілінен шығары талассыз.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.