18-05-19 |
6940 рет қаралған
Айдос Сарым: Ашаршылық құрбандарын еске алу шеруіне рұқсат бермеу еш қисынға келмеді.
Айдос Сарым: Ашаршылық құрбандарын еске алу шеруіне рұқсат бермеу еш қисынға келмеді

«Соғыс құрбандарына арналған шеруге рұқсат бере отырып, ашаршылыққа тиым салу ешқандай қисынға келмейтін нәрсе. Болмаса екеуіне де тиым салыңыздар, онда түсінер едік. «Бессмертный полктың» артында Кремль тұрғаны, оның саясаты тұрғаны белгілі», деді саясаттанушы Айдос Сарым arasha.kz тілшісіне берген пікірінде.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігі “Ақ жол” партиясының 31-мамырда “Алашқа” тағзым атты ашаршылық және саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу бейбіт шеруін өткізу туралы өтінішіне рұқсат бермеген еді. Осы тұрғыда саясаттанушы Айдос Сарымға «9 мамырда шеру өткізуге рұқсат берілді, ал ашаршылық құрбандарын еске алуға аранлған бейбіт шеруге не себепті рұқсат берілмеді?» деген сауал қойған едік.

Айдос Сарым, қоғам қайраткері, саясаттанушы:

  • Бұл жерде керемет ақыл немесе батылдықты күтудің қажеті жоқ сияқты. Дегенмен біздің Қазақстанда билік ойланатын үлкен тақырып бұл. Жалпы бізге Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс, ашаршылық күні деген сияқты жады саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді. Қазір сол екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан ардагерлердің саны некен-саяқ. Олар бүкіл Қазақстан бойынша көп болса 2-3 мыңның айналасында қалды. Ең жас қатысқандарының өзі 90-ға келіп жатыр. Демек, мәселе олардың көңіл-күйіне келіп тіреліп тұрған жоқ.
  • Бүгінгі жас ұрпақ әлі де сол Кеңестік замандағы идеологиямен, мейраммен жүре ме, әлде Тәуелсіз мемлекетке сай сол елдің мақсат, мүддесінен туындаған жолмен жүреме деген мәселе тұр. Бұл көптен бері айтылып жүрген әңгіме, менің ойымша Жеңіс күні деп дабырлатпай, аза немесе бірігу, еске алу секілді  ойланатын, мешітке барып құран оқытатын күн болуы керек. Бұл расымен де тойлайтын күн емес, мыңдаған қандасымыз сол соғыстан оралған жоқ. Оның үстіне сол соғыстың қазақ қоғамына көптеген әсері болды. Бүгінгі арақ ішіуден бастап, біраз жаман әдеттер сол соғыстан басталған. Қазақтың болмысын өзгерткен, бүкіл табиғатын өзгерткен үлкен тағдырлы оқиғалар. Яғни біз салют атып, тойлайтын дүние емес. 
  • Екіншіден, бізде шын мәнінде өзіміздің тарихымызға, басқасына деген өз көзқарасымыз болу керек. Кремльдің айтағымен жүреміз ба, әлде өзімізге сай өзіндік мақсат-міндетімізден, идеологиямыздан туындаған іс-шараларды жүргіземіз ба деген мәселе бар.
  • Ашаршылық құрбандарын еске алу күні де тойлайтын мейрам емес. Жалпы бұрынан бізге жады институты керек деп айтып жүрмін. Оның басты міндеті осы сұрапыл соғыс бар, оның алдындағы үш ашаршылық бар, Сталиндік репресияның барлығының өз орнын табу. Мысалы үшін, Польша мемлекетінің осындай иниституттары бар. Олар дүниежүзінде осылай айдалып, қуғындалып кеткен поляк азаматтарының орнын табады. Жақында Манкенттен үш поляктың зираты табылған екен. Кезінде осында айдауда жүріп, қайтыс болған. Соның басында Польша үкіметінің арнайы жасаған құлпытасы тұр. Онда «бүкіл Польша халқы сіздерді ұмытпайды, ерліктеріңіз біздің мәңгі жадымызда» деген сияқты жазу бар. Мәселен Ресейден, Украинадан біздің де белгісіз аталарымыздың орны табылып жатыр. Жоғалып кеткен, әлі күнге дейін ұрпақтары, аталарының қай жерде өліп кеткенін білмейтін мыңдаған отбасы бар. Солардың барлығының жанын тыныштандыратын, ертең ұрпақтарын басына апарып құран оқытатын бізге бір мекеме керек секілді.
  • Ашаршылықта өлгендер соғыста өлгендерден 20-30 есе көп. Сонымен бұның қайсысының құны артық деген де әңгіме бар. Сосын қырсығу яғни, «ал сендер оны өткізсеңіздер, біз мынан өткізейік» деген де бар. Соған жол бермеу керек, жалпы тарихты қоғамды бөлетін емес, қайта біріктіретін тұрғысынан ойлануымыз керек. Сондықтан Астана қаласында белгілі бір адамдар мейлі ол жүз адам немесе бес жүз адам болсын, Алаш қайраткерлерінің суретін алып шығып, ескерткішке дейін белгілі бір жолды жүріп өтуі, кейін мешітке барып құран оқыту ол – қарапайым адамгершіліктен туындайтын ұрпақтық парыз деп білемін. Ал оған тиым салу, яғни анаған рұқсат бере отырып, мынаған тиым салу ешқандай қисынға келмейтін нәрсе. Болмаса екеуіне де тиым салыңыздар, онда түсінер едік. «Бессмертный польктың» артында Кремль тұрғаны, оның саясаты тұрғаны белгілі, оның мақсаты ата-бабасын еске алу емес. Кремльді жақтаушыларды топтастыру, оларды ортақ іске, міндетке жүктеу. Айналып келгенде, мемлекеттің өзіне іріткі салу. Қазақстанның халқын бөлуге бағытталғанын біз барлығымыз біліп, сезіп, көріп жүрміз. Осындай шерулер түбі неге апарарын тағы да сезіп отырмыз. Елімізде қос азаматтығы бар адамдар бар дегендей, айналып келгенде мұның бәрі ойыншық емес.
    Қазір Алматыда бір топ азаматтар 31 күні ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай шеру өткізу бойынша әкімдікпен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ойымыз Желтоқсан ескерткішінен қаралы саябаққа дейін өтіп, ескерткішке гүл шоқтарын қою, сол жерде суреттерін алып тұру.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.