29-03-21 |
610 рет қаралған
ЕЛБАСЫНЫҢ ЕҢ ЖАҚЫН ТУЫСТАРЫ БИЛІКТЕН КЕТІП ЖАТЫР – САРАПШЫ.
ЕЛБАСЫНЫҢ ЕҢ ЖАҚЫН ТУЫСТАРЫ БИЛІКТЕН КЕТІП ЖАТЫР – САРАПШЫ

Бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов қызметінен кетіп, оның орнына Алмасадам Сәтқалиев тағайындалды. Су жаңа басшыны қор ұжымына премьер-министр Асқар Мәмин таныстырды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жақын туысының қызметінен алынуының астарында қандай мән бар?

Бір апта бұрын әлеуметтік желіде Ахметжан Есімовтың уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты қызметінен босатылғаны туралы құжаттың көшірмесі жарияланған болатын. Шын мәнісінде ол еңбекке жарамсыз ба, жоқ әлде қор басшылығының қызметтен алынуының басқа да бір себебі бар ма? Ахметжан Смағұлұлын «Еңбекке жарамсыз» демей неге «Зейнеткерлікке кетті» деп бірден хабарламады? Жоқ әлде 71 жастағы шенеуніктің денсаулығы шынымен сыр берді ме?

Осы және өзге де сұрақтарымызды сарапшы Қазыбек Бейсебаевқа қойған болатынбыз. Сарапшының айтуынша, Ахметжан Есімовтың қызметінен кетуінің астарында терең сыр бар.

«Бір қарағанда Ахметжан Есімовтың қызметінен кетуіне таңғалудың қажеті жоқ. Жасы 70-тен асқан адамның жоғары лауазымды қызмет атқаруға шамасы жете бермейді. Сондықтан да жас мамандарға орын беру қажет. Бір басшының орнына екінші басшы келді. Алайда Есімов сияқты азаматтың «Еңбекке жарамсыз» деген себеппен қызметтен алынуы түрлі ойларға жетелейді. Оның үстіне ол Елбасына нағашы ма, жоқ әлде жиен болып келеді. Әйтеуір экс-президентпен жақын туыстығы бар. Менің ойымша, Елбасының ең жақын туыстары биліктен кетіп жатыр. Мәселен бұған дейін Елбасының қызы Дариға Назарбаева ҚР Сенат төрайымы қызметінен босатылды. Енді міне кезек Ахметжан Есімовке келіп отыр. Бұдан туатын ой Елбасының туыстары биліктен кетіп жатыр. Ақиқаты – осы . Өздері кетіп жатыр ма, жоқ әлде біреулер кетіріп жатыр ма, ол жағын дөп басып айта алмаймын. Біз тек қана болжам жасай аламыз. Жоғары билікте өзгерістер болып жатуы әбден мүмкін», – дейді сарапшы.

Елбасының ең жақын адамдары қызметтен кетіп жатса, демек Қасым-Жомарт Тоқаев күшейіп келе жатыр деген сөз. Шынында президенттің ықпалы артып келе жатыр ма?

«Қазіргі жағдайды бағамдасақ солай болып тұр. Алайда әлі де болса «Тоқаев күшейіп жатыр» деп нық сеніммен айта алмаймыз. Ал Есімовтың «еңбекке жарамсыздығына байланысты қызметінен кетті» дегені жай сылтау.

Егер ол шынымен денсаулығына байланысты қызметінен кетсе, сонымен деңгейлес әрі Елбасының ең жақын адамдарының бірі қорды басқаруы керек еді. Себебі «Самұрық Қазына» қорына келіп жатқан Алмасадам Сәтқалиевтың Елбасымен жақындығы болса да, экс-президенттің жақын туысы емес, бар болғаны құда-жегжаты ғана.

Жалпы Ахметжан Есімовтың қызметінен босатылуы бір нәрсені көрсетіп тұр. Себебі ол жай адам емес. Менің ойымша, Елбасының ең жақын адамдарының дәуірі аяқталып, қызметтен кетіп жатыр. Егер Назарбаевтың ең сенімді адамдары қызметінен кетіп жатса, демек Тоқаевтың позициясы күшейіп жатыр», – дейді сарапшы.

Ахметжан Есімовтың жасындағы азаматтар әлі де болса қызметте отыр. Мәселен 80 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев бір емес бірнеше қызметте қатар отыр. Шын мәнісінде Есімовтың денсаулығында кінәрат бар ма, жоқ әлде мұның басқа да бір себебі бар ма?
«Самұрық қазына» қоры дегеніміз не? Бір сөзбен айтқанда алтын мен қазына деген сөз. Мұндай жауапты орынға «қарапайым» адам отырмайды. Бұл тіпті Үкіметпен деңгейлес қызмет болып саналады. «Самұрық Қазына» қорының басшысының ықпалы Үкімет жетекшісінен еш кем емес. Өйткені оның қолында ақша бар. Елбасы президенттік қызметтен кетер алдында өзін-өзі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы етіп сайлады. Қордың басшылығында Нұрсұлтан Назарбаев, ал жұмысын Есімов жүргізетін болған. Біз «Назарбаев президенттіктен кетті» деп айтқанымызмен ол елді көлеңкеде басқарып отырған. Мәселен «Самұрық Қазынаны» Елбасының ең жақын адамы басқарып отырды. Бір қызығы енді оның ең сенімді адамы қызметтен кетіп отыр», – деді Қазыбек Бейсебаев

Еңбекке жарамсыз дегеннен қарағанда зейнеткерлікке кетті деген сөз әдемі естілетін еді. Еңбекке жарамсыз деп шығарып салудың астарында не жатыр?

Сарапшының айтуынша, енді Ахметжан Есімов сенатор болып тағайындалады. Немесе ол шынымен денсаулығына байланысты қызметінен кетуі мүмкін.

«Иә, ол «Менің жасым келді, зейнеткерлікке шығамын» деп кетуі де мүмкін. Ал ол неге кетеді? Биліктен ешкім өз еркімен кетпейді. Биліктен кетуге мәжбүр етеді немесе қатты аурып жатыр. Бірақ Есімовты аурып жатқан азаматқа ұқсамайды», – деп түйіндеді ол.
Ахметжан Есімовтың қызметінен кетуіне түрткі болған тағы бір мәселе қор жұмысының кері кетуі болса керек. Мәселен былтыр есеп комитеті ел экономикасын қолдау үшін құрылған қордың мемлекет ресурсын дұрыс жұмсамай жатқанын сынап, қордың табысы (салық, материалдық активтердің тозуы және экономикалық амортизацияны шегермегенде) 2017 жылғы көрсеткіш – 18,7 пайыздан 16,5 пайызға түсіп кеткені де хабарланған. Сол кезде сатып алу процедураларының ашық еместігі де айтылды. Есеп комитеті былтыр жыл басында «ҚазАгро» және «Бәйтерекпен» бірге «Самұрық-Қазынаның» да жұмысын тексеретінін айтқан.

Демек экс-президенттің туысы саналатын Ахметжан Есімовты «Жұмысты жүргізе алмады» деп қызметтен алғанша, денсаулығын желеу етуі әбден мүмкін. Қалай болған күннің өзінде бұл кетістің астарында зор мән жатыр.

Серік Жолдасбай

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.