30-07-20 |
1010 рет қаралған
«Күрес әлі де жалғасуда».
«Күрес әлі де жалғасуда»

Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерінің еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға арналған кеңестегі есептерінен соң, ағымдағы шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру, сондай-ақ, көрші елдердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, елімізде карантин шараларын тағы да екі аптаға ұзартып, кезең-кезеңмен жеңілдету туралы шешім қабылдады.

Екі айға созылған Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейінгі кезеңде өздеріне жүктелген міндеттерді шенеуніктертің шала орындауы,  Денсаулық сақтау министрлігі жұмысындағы кемшіліктер, Үкімет тарапынан бақылаудың әлсіздігіне қатысты және жалпы еліміздің аумағында карантиндік шаралардың дұрыс сақталмауы нәтижесінде эпидемиологиялық жағдай нашарлап, COVID-19 инфекциясымен ауырғандардың саны күрт өскендіктен елімізде карантин қайта енгізілген болатын.

5 шілдеден бастап енгізілген кезекті карантин кезеңінде оған дейін жіберілген кемшіліктерден сабақ алу, сондай-ақ Мемлекет басшысының 10 шілдедегі ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген нақты тапсырмаларының нәтижесінде елдегі эпидемиологиялық күрделі жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік туды.

Үкімет басшысының мәліметіне сәйкес екінші карантин енгізілген 5 шілдеден бастап індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайды. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өскен. Кейбір аймақтардағы жағдайдың тұрақтануына байланысты уақытша ауруханалар түріндегі жеті нысан және жалпы саны 1070 төсек-орыннан тұратын бір жұқпалы аурулар ауруханасы жабылды, ал 6 уақытша ауруханалардағы төсектер 855 орынға азайтылды.

Бүгін біз жағдайдың қалай тұрақтанғанын, екінші карантиннің енгізілуі халық арасында инфекцияның таралуын тоқтатып, денсаулық сақтау жүйесіне түскен ауыртпалықты азайтқанын байқап отырмыз. Ендігі кезектегі негізгі мәселе күнделікті өмірдегі жеке карантиндік шараларды сақтау, халықты және медициналық мекемелерді уақытылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі маңызды болып табылады. Алдағы уақытта дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында аймақтарда тұрақтандыру қорлары құрылды, оның ішінде: Алматы қаласында – 5 млрд. теңгеге, Нұр-Сұлтанда – 1,2 млрд. теңгеге, Шымкентте – 180 млн. теңгеге, Ақтөбе облысында – 500 млн. теңгеге, Шығыс Қазақстан облысында. – 250 миллион теңгеге қор жасақталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аталынған бағытты Денсаулық министрілігі және әкімдіктер тікелей өз бақылауына алса, Үкімет тарапынан медициналық көмектің қол жетімділігі мен сапасы, қажетті дәрі-дәрмектер және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша өңірлердегі ахуалға күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады.

Сондай-ақ, бұған дейін Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар аймақтары мен бас қалалары әкімдерінің аталған өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайындағы есебін тыңдап, жалпы жағдайдың тұрақтанғандығына көз жеткізген Президент ахуалды қатаң бақылауда ұстап, аталған міндетке басым бағыт ретінде мән беруді тапсырды. Бұл ретте әсіресе ауылдық жерлердегі жағдайға көңіл бөлу қажеттігі айтылды.

Қазақстан халқының тең жартысының ауылды жерлерде тұратынын ескеретін болсақ, жергілікті жерлерде диагностика жасау және емдеу шараларының қол жетімдігі, қарапайым дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету маңызды мәселе болып отыр. Пандемияға қарсы күрес аясында қазіргі таңда ауылдық жерлерге де амбулаториялық-медициналық көмек көрсетуге ерекше назар аударылады, 1500 мыңнан астам мобильді топ құрылып, жұмыс істеуде, бұл қажеттіліктің 94% құрайды. Сонымен қатар, қажеттілікке сәйкес барлық аймақтарды жылжымалы диагностикалық кешендермен, облыстық ауруханаларды отандық өндірістің сандық рентген аппараттарымен жабдықтау мәселесі де шешілуде.

Алайда күрес әлі де жалғасуда. Азаматтар карантиннің жеңілдетілуін және жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақтануын вирустың түпкілікті жеңісі деп қабылдамауы керек. Оң өзгерістерге қарамастан, бұрынғы қалыпты өмірге қайта оралу әрбір қазақстандықтың жеке ұстанымына, карантин шараларын сақтауына, әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін айта кеткен жөн.

Алмас Арзықұлов,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ,

Әлеуметтік-экономикалық зертетулер

 бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.