20-04-19 |
6520 рет қаралған
«Әлі сол түрі қазақ, тілі орыстар өсіп, өркендеуде» (видео).
«Әлі сол түрі қазақ, тілі орыстар өсіп, өркендеуде» (видео)

Әлеуметтік желіде неше күннен бері көп балалы ана ашына сөйлеп тұрған видео кең тарап, қызу талқыға түсіп жатыр. Видеоны көптеген адамдар бөлісіп, пікірлерін жазуда. Солардың бірі – белгілі тележурналист Мәди Манатбек.

Мәди Манатбек көп балалы ананың видеода айтқан сөздеріне орай өзінің facebook парақшасында бүгінгі елдегі қоғамдық-саяси һәм әлеуметтік жағдайға қатысты көзқарасын қысқаша жазып, видеоны бөліскен екен.

«Ыңғайсыз да болса айтайын, бұл елден кету керек деп жүргендердің бірі өзім. Ең болмаса ұлттық руһы жоқ астанадан қашу керек. Өйткені әр саладағы жемқорлықты айтып, қазақ тілі үшін, ұлттық ұстаным, мемлекеттілік үшін ашық күресіп, соттасып та көрдім. Ашық күрес қауіпті болғасын жан-жаққа жазып, үлкен кісілерге айтып, көзін жеткізгендей болып та жүрмін. Бірақ еш нәтиже, титтей де өзгеріс байқай алмай келем. Үнсіз де күресіп көрдім, өнетін түрі жоқ. Әлі кеңес заманында тұрып жатқандаймыз. Қазақ тіліне, ұлтқа қаншалықты жаның қас болса, қанша сұмпайы болсаң, соншалықты өсесің,- деп Мұхтар Шаханов айтқандай, расында әлі сол түрі қазақ, тілі орыстар өсіп, өркендеуде. Ол аздай таза қазақы саланың өзіне орыстілділерді басшы сайлап, соларға басқарту үрдіске айналды. Біз қайда барамыз, қай елестен сескеніп жүрміз?! Аналардың айқайынан қорқып, жәрдемақы беретін болған еді, ол да әдірәм қалды. Әйтеуір елді сабылту, сабырын алу. Видеодағы апайымның жанайқайын түсінемін. Шәугімді отқа қойсаң, қайнап, тасиды,- дейді ол. Ел де, қоғам да солай» деп жазады Мәди Манатбек.

Биыл ақпан айының басында Астанада жер үй өртеніп, бес бала опат болған еді. Содан кейін елдің әр түкпірінде әлеуметтік көмек көлемін көбейтуді, жәрдемақыны өсіруді талап еткен көп балалы аналар шеруі тоқтамай келеді.

Кейін үкімет ауысты. Жаңа үкімет бұрынғы үкімет бастаған көп балалы аналарды қолдау, жәрдемақы мәселесімен әлі де айналысып жатыр. Вице-прьемер Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкіметтік топ облыстарды аралап, көп балалы отбасыларға барып, жағдайларын өз көздерімен көріп жүр делінеді үкімет баспасөзінің хабарларында.

Үкімет 1-сәуірден бастап, әр балаға 21 мыңға жуық теңге жәрдемақы төленетінін айтқан. Алайда, бір ғана құжатпен рәсімделеді делінген жәрдемақыны алуда көп балалы аналар көптеген құжат жинау кедергісіне ұшыраған.

Билік көп балалы аналарды қолдау, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды демеу жөнінде бірқатар шаралар қабылданып, іске асып жатқаны туралы бірнеше рет айтқан.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.