17-09-20 |
1790 рет қаралған
«Праймериз» деген сөзді алу қате, сауатсыз әрекет болды.
«Праймериз» деген сөзді алу қате, сауатсыз әрекет болды

Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы, конфилктолог:

– Биліктегі «Нұр Отан» партиясы өткізіп жатқан түсініксіз науқан праймериз туралы пікір сұрағандар болды. Осы кезге дейін жауап бермей келгенмін, себебі бұл туралы жеріне жеткізіп айтқан мамандардан асырып ештеңе дей алмаспын. Дегенмен осы тақырыпқа қатысты кейбір жеке ойларымды тезис күйінде қайырғанды жөн көрдім.
1. «Праймериз» деген сөзді алу саяси тұрғыдан да, тілдік тұрғыдан да қате болды. АҚШ-тағы және басқа да партиялық бәсеке тарихы тереңге кеткен елдердегі праймериз бен біздегі науқанды бірдей сөзбен беру күлкілі. Оның үстіне, өзге мәдениеттe, басқа тарихи контекстіде, басқа мазмұнмен өтетін доданың сол елдерде қалыптасқан тарихи атауын әкеліп «совок» партияның науқанына жапсыра салу қоғамдық пікір тұрғысынан да сауатсыз әрекет болды. «Нұр Отан» халықтық партия десек, партияның электораты саясаттан алыс қарапайым адамдар десек, олардың дүниетанымы Батыстан «копи-паст» жасалған түсініксіз терминді қабылдай ма? Оның мәнін түсініп, ол праймериз бен бұл «праймеризді» салыстырып жүрген адамды байқамадым.
2. «Нұр Отан» – осыған дейінгі жүріп өткен жолымен-ақ өзіне өзі «жақсы» жарнама жасаған партия. Халықтың көбі үшін биліктің үлкен машинасы, жан керек болса, бала-шағаңды асырағың келсе, оның алдына шықпау керек, таптап кетеді. Мұғалімдер, дәрігерлер, бюджет мекемелерінің қызметкерлері ондаған жыл ішінде биліктің, соның ішінде «Нұр Отанның» шабарманына айналған. Сайлаулар кезіндегі бұрмалаулардан бастап барлық оқиғалар халықтың көз алдында. Сондықтан қанша жұлдызды, әнші, спортшы, психолог, журналисті қосып, миллиондаған ақша шашып алаулатып-жалаулатса да оның «Нұр Отанның» имиджі үшін керемет нәтижесі бола қоймас.
3. Нәтижесі болмайды деуге негіз көп. Солардың бірі – бәсекесіз, тежеу және теңгеру механизмдерінсіз, жабық, ебедейсіз, плюрализмнен ада саяси жүйенің қалыптасуы. Бұл саяси жүйе еркін, ашық, әділетті сайлауға белсенді түрде қатысу, өз ойын еркін білдіру, өз кандидатыңды, саяси ұйымыңды қолдау деген нәрселерді тек кітапта ғана болатын ертегіге айналдырды, яғни «саясатқа араласу – елдің болашағы үшін маңызды» дегенді сезіну мүмкіндігінен айырды. Оппозиция алдымен құбыжыққа айналдырылды, сосын бөлшектелді, сосын қуыршақ бәсекелестер жасалды. Соның кесірінен сайлаушылардың тұтас бір буыны бейсаясиланып кетті. Орта жастағылар мен қарт адамдардың көбі тіршілік қамы үшін шабарман болғанымен, жасырын дауыс беруге келгенде «биліктен басқа кез келген адам жеңсін» деген принципке сүйенеді. Былтырғы «Қосанов феномені» осыны дәлелдеді.
4. Сайлаушылардың жаңа буыны өсіп-жетілді, оларға «Нұр Отанның» жарнамасы өтпейді. Олар кезінде Савостина, Қажыгелдиндер бастап, кейін Болат Әбілев, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы сияқты қайраткерлер өткен «тар жол, тайғақ кешуді» көрген жоқ. Ал «Нұр Отан» ол кездегіден де алпауыт, ол кездегіден де әміршіл «совокқа» трансформацияланды. Ең белсенді, жалынды, аңғал бірақ білімді де қайратты, демократияшыл жастарды «праймериз» деген «модный» сөздің еліте алмағаны байқалады. Әлеуметтік желідегі жастар пікірінің ауанынан оны байқау қиын емес. Сайлауға белсенді түрде баратын, бақылаушы болатын, құқықтарын қорғайтын және билікті демократиялық жолмен өзгертуге болады деп санайтын да осылар. Праймеризшілер бұл топ ішінен көп қолдаушы іздеп шығындалмай-ақ қойса да болады.
5. «Нұр Отан» өзінен басқа ешкім жоқ бәйгеде озып жүрген «сәйгүлікке» ұқсайды. ЕҚЫҰ-ның демократия және адам құқықтары бюросының миссиясы сияқты тәуелсіз бақылаушылар «Нұр Отан» қатысқан сайлаулардың ешқайсысын демократия талаптарына сай ашық, әділ сайлау деп таныған жоқ.
«Нұры» жоқ «Отан» болған 2000-жылдары Қазақстанның партиялық өмірінде бәсеке нышандары байқалған. Биліктің өз ішінде де «Асар» сияқты жобалар, «Ақ жол», Республикалық халықтық партия, Коммунистік партия сияқты түрлі идеологиялық бағыттарды қолдайтын саяси ұйымдар, тұлғалар болған. 2004 жылғы мәжіліс сайлауында нағыз оппозиция бола білген «Ақ жол» партиясы «Отаннан» кейінгі екінші орынды иеленген. 2005 жылғы президент сайлауында оппозиция ортақ кандидатын ұсынған, тіпті болашақ үкіметінің құрамын жасақтап, жаңа конституция жобасын да ұсынған.
Сол саяси плюрализмнен қазір ештеңе де қалмады десе болады. 12 пайыз дауыс алған оппозицияға мәжілісте бір-ақ орын берілді. Оппозиция өкілдері терезеден де секірді, қудаланды, әкімшілік жазаға да кесілді. Ірі тұлғалар жұмбақ жағдайда қаза болды. Мұның соңы жүйелі, салмақты, тегеурінді оппозициялық күштердің ыдырауына алып келді.
Тіпті билік маңындағы партиялардың өзі «Нұр Отанға» өтіп, Назарбаевты қолдаушылардың арасында да бәсеке қалмады.
Партиялық бәсекенің бұлайша құлдырауына, қазіргі «доданың» нағыз саяси жарысқа ұқсамай тұрғанына сол кезден бері билікте отырған, сайлау туралы, партия туралы заңдарды қарастырған, осының барлығының идеологиясын жасаған «Нұр Отан» моральдық тұрғыда жауапты.
Енді саяси алаңда жалғыз қалған билік партиясының «праймериз» деп жаңалық ашып, идеялар бәсекесіне, ашық пікірталасқа шақыруы қаншалық орынды?

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.