18-06-23 |
1280 рет қаралған
Қазақ ғылымы қазақ тілінде дамуы қажет.
Қазақ ғылымы қазақ тілінде дамуы қажет

Бұл туралы А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан сұхбат барысында айтты.

Түркістанда Ұлттық құрылтай өтті. Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында екі күн бойы қоғамдағы өзекті мәселелер талқыға салынды. Оған қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ басшылары, сарапшылар қатысты. Ұлттық құрылтай мүшесі, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанға бірер сауал қойған едік.

– Ғылым және білімге қатысты секция жұмысына қатыстыңыз. Жұмыс қалай басталды?

–Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы күнінде бірнеше секция жұмыс істеді. Мен білім және ғылым саласына қатысты секцияға қатыстым. Себебі, сол секцияның маманымын. Жиынды Ғылым және Жоғары білім министрі мен Оқу-ағарту министрі жүргізді. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Ғалымқызы Балаева модераторлықпен бастап берді. Секцияға қатысқан ғалымдар, білім саласының мамандары, әлеуметтік мәселелерді зерттеп жүрген мықты-мықты сарапшылар қазіргі Қазақстандағы ғылым мен білім төңірегіндегі қордаланған мәселелер төңірегінде біраз ой өрбітті. Жиынды жүргізген екі министр де айтылған ұсыныстарды түгел жазып алды. Министрлер жиында айтылған ұсыныстар бойынша Ұлттық құрылтай мүшелеріне қандай жұмыстар атқарылатынын, проблемаларды қалай шешетінін анықтап, бізбен хабарласып отыратын болады.

–Қандай өзекті мәселелер көтерілді?

– Президент жанынан Ғылым және технологиялық саясат комитеті құрылды. Сонымен бірге, Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесі қайтарылды. Академия ресми түрде мемлекеттің қамқорлығына алынып, Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы болып құрылды. Қайта құрылғаннан кейін академияның барлық инфрақұрылымы, оның материалдық-техникалық базасы түгел өз деңгейінде жасақталуы керек. Осы мәселелердің бәрі секция жұмысы барысында айтылды. Маған ұнаған тағы бір дүние – Асқар Жұмаділдаевтың айтқан ұсынысы. Академик өз баяндамасында: «қазақ ғылымы қазақ тіліне қарыздар» деген идеяны айтты. Яғни, қазақ ғылымы қазақ тілінде дамуы қажет. Тек қана гуманитарлық бағыттағы, яғни тіл білімі, тарих, әдебиет, философия сияқты ғылымдар ғана қазақ тілінде жасалмауы керек. Сонымен бірге, технология, техника, инженерия, жаратылыстану ғылымы түгел қазақ тілінде контент беруі керек деген мәселені көтерді. Әрі оны шешу жолдарын да ұсынды. Секция жұмысы барысында мемлекеттік тіл мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Академик Кәрімбек Құрманәлиев: «қазіргі қолданыстағы заңдардың өзін мемлекеттік тілде шынайы жүзеге асырсақ, біраз нормативтік базаны жақсартар едік» деген ұсыныс айтты. Секция жұмысы ұзаққа созылды. Талқылаулар өте көп болды. Тіпті секия жұмысына қатысқандардың бәріне сөз алу мүмкін болмай қалды. Арасында тіл ғылымындағы қазір жасалып жатқан жұмыстар төңірегінде айтып үлгердім. Қазір қазақ тілі цифрлық кеңістікке шығуы керек. Ол жәй шыға салмауы қажет, өте сапалы деңгейде болғаны дұрыс. Ол үшін тілтанушылар мен IT мамандары бірлесе жұмыс істегені жөн. Мәселен, бір ғана мысал келтірейін. Яндекс компаниясы – өте мықты компаниялардың бірі. Қазір Яндекстің Алисасы сіздермен күнде телефонмен тірі адам сияқты сөйлеседі. Яндекс Алисаны жасамас бұрын алдымен орыс тілінің ұлттық корпусы деген ақылды мәтіндер базасын жасады. Соның операторы болды. Линвистикалық бүкіл тілдің құрылысын көрсететін корпусты жасады. Біздің институт осындай қазақ тілінің ұлттық корпусын жасап жатыр. Біздің корпусымыздың базасында 30 миллионнан астам сөз қолданысынан тұратын тілтанымдық тұрғыдан ақылды мәтіндер базасы бар. Оны алдағы уақытта да көбейтіп, кеңейтуіміз қажет. Алға қойылған мақсат өте үлкен. Ағылшын тілі корпусында 2 млрд-қа жуық ақылды мәтіндер базасы бар, орыс тілінің корпусы 1 млрд-қа жақындап қалды. Тіл білімі институты істеп отырған осындай жұмыстарға жан-жақтан қолдау қажет.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.