26-07-23 |
1130 рет қаралған
Рымбек Ізғали: Интернет сапасы – үкіметті ақтап алуға болмайтын шығар.
Рымбек Ізғали: Интернет сапасы – үкіметті ақтап алуға болмайтын шығар

Соңғы кездері  цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің интернетке байланысты пікірі қызу талқыланып жүр. Әу баста «Біздің қолданушылар үнемі интернетте отырады, осыдан жүктеме жоғары боладыә десе, күні кеше «Астана интернет жылдамдығы бойынша Токионы басып озды» деп айды аспанға шығарды. Министрдің интернетке қатысты пікірі қаншалықты орынды? Осы және өзге де сұрақты ІТ маман Рымбек Ізғалиға қойдық.

 – Күні кеше Бағдат Мусин «Астана интернет жылдамдығы бойынша Токионы басып озды» деп айтты. Министрдің бұл пікіріне қаншалықты сенуге болады?

Бағдат Мусин айтқан рейтингке сенуге болады. Өйткені speedtest.net деген сайтта қай елдің интернетінің жылдам екені жазылып тұрады. Содан кейін олардың математикалық формулалары бар. Сол арқылы аталған сайт нақты мәлімет бере алады. Сол себепті халықаралық рейтингке сенуге болады. Бұл «халықтың 70 пайызы былай ойлайды, 30 пайызы былай ойлайды екен» деген секілді рейтинг емес.

Бірақ Астананың белгілі бір аймағына интернет дұрыс ұстамай жатуын немен байланыстырасыз?

Астананың «Хан Шатыр» ойын сауық орталығының артында интернет нашар болғаны белгілі. Бір кездері «Хан Шатырдың» артындағы Шанхай деп аталатын аймақта интернет мүлде жоқ болды. Оның бірнеше себебі бар. Мысалы Бағдат Мусин аталған аудандағы кейбір азаматтар тұрғын үйге антенна орнатуға қарсы болғанын айтты. Бір тұрғын үйде 200 пәтер болып, оның біреуі қарсы болса, ол жерге антенна қойғызбайды екен. Сондай заң болған. Қазір ол заңды өзгерткен болуы керек. Осының арқасында аталған жерге жылдамдығы ең жоғары 5G деген интернет орнатылды. Мен өзім сонда барып, интернеттің жылдамдығын тексеріп көрдім. 

Өз басым Астанада интернет сапасы әлдеқайда жақсы деп санаймын. «Астана Опера» театры, Мәңгілік ел көшесі секілді жерлерде 5G ұстап тұр. 5G 500 мегабит болса, ондай жылдамдық тіпті Wi-Fi-да жоқ. Сондықтан да Астанадағы интернет жылдамдығы заманауи елдердің ғаламторына сай деп айтуға толық негіз бар.

Әлеуметтік желіде интернеттің нашар екені жиі сынға алынады. Ал сіз «Бәрі тамаша» деп отырсыз. Қарапайым халыққа сенеміз бе, жоқ әлде ІТ маман ретінде сізге сенеміз бе?

Ауылды жердегі адамдар «Мобильді интернет нашар» деп айтады. Бұл пікірмен келісемін. Бірақ ол қай мобильді оператордың интернеті? Кей оператордың интернеті жақсы болып, екінші байланыстың интернеті нашар болып жатады. Мысалы менің туған жерім Ақтөбе облысынан 200 шақырым жерде «Актив» операторының интернеті нашар, ал «Билайн» байланысының интернеті тәуір жұмыс істейді екен. Өйткені ол жерге «Билайн» арнайы антенна орнатқан. Сондықтан да ауылдың азаматтары аталған байланыс нөмірлерін ұстайды.

Негізі тауға шыққан кезде интернет нашар болуы мүмкін. Бірақ жалпы алғанда интернет нашар деген пікірмен келіспеймін.

Бағдат Мусин «Біздің қолданушылар үнемі интернетте отырады, осыдан жүктеме жоғары болады. Шетелде, Америка не Еуропада қолданушы бір видеоны ашпас бұрын, “Бұл маған керек пе, жоқ па?” деп ойланады» деп еді. Министрдің бұл сөзінің қаншалықты жаны бар?

Азаматтардың интернетте қаншалықты жиі отыратыны туралы менде нақты ақпарат жоқ. Бірақ менің бақылауымша, шет елде Қазақстан туралы түсірілген видеолар өте көп қаралады. Біреу қазақты мақтап, Қазақстан туралы түсіріп жатса, оның қаралымы өте жоғары болады. Ресейдің аудиториясына арналған спикерлердің видоларында Қазақстаннан жарнама алып жатады. Мұның себебі неде? Себебі аталған ютуб арналарды Қазақстан азаматтары жиі тұтынады.  

2021 жылы Қазақстан мен Украина ұлттық құрамалары Киевте футбол ойнаған кезде, сондағы журналистермен танысқан болатынмын. Былтыр Қазақстанға ресейлік азаматтар ағылған сәтте менен және Украина тарапында соғысып жүрген Жасұлан Дүйсенбинннен арнайы сұхбат алды. Әдетте оның видеоларын 100-200 мың адам қарайды екен. Ал біз қатысқан сұхбат 2 миллион қаралым жинапты. Яғни, орташа қаралымнан 10 есе жоғары.

Кейбір адамдар Қазақстанмен салыстырғанда Қырғызстанның интернеті сапалы екенін айтады. Біздің территориямыз үлкен, ал кейбір мемлекеттер біздің 2-3 облыстай ғана болады. Бұл біздің Үкіметтің ақталуына негіз бола ма?

Әрине, бұл жағдай ақталуға негіз болады. Мысалы мобильді интернеттің басшысы болсаңыз 1000 тұрғыны бар ауылға антенна қоярма едіңіз? Сол 1000 адамның әр қайсысы 5 мың теңгенің тарифін пайдаланса, айына небәрі 500 мың теңге табыс табасыз. Ал онда қойған құрылғыңыз ондаған миллион теңге тұрады. Кәсіпкердің қыруар қаржы шығарып, ауылға антенна қоюуы оның шығынын ақтай ма? Біз осы жағында ойлауымыз керек.

Бірақ солай бола тұра Үкіметті ақтап алуға болмайтын шығар. Өйткені ауылды жерге бәрібір интернет керек. Бірақ мен ауылды жерде мүлде интернет жоқ дегенмен келіспеймін. Мысалы ауылға барған кезде олардың «Қазақтелеком» арқылы интернет орнатып алып, пайдаланып отырғанын көрдім. Иә, шағын ауылда интернет нашар болып, тіпті болуы да мүмкін.

Серғали Асланбек, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.