12-05-22 |
690 рет қаралған
Тоғжанов неге тулады?.
Тоғжанов неге тулады?

«Батырларға тағызым» атты іс-шарада алматылық азаматтар Сталин мен Берияның суретін көшеге алып шыққаны көпшілікке белгілі. Мұны қоғам белсенділері идеология жұмыстарындағы кемшілікпен байланыстырады. Ал Үкіметтегі идеологияға жауапты тұлға Ералы Тоғжанов екені белгілі. Бірақ вице-премьер аталған жағдайға өзі ғана емес, әрбір азамат айыпты екенін ескертті.

– Өткенде Алматы қаласында кейбір азаматтар Сталин мен Берияның суретін алып, алаңға шықты. Сіз үкіметтегі идеологияға жауапты вице-премьер ретінде бұған не айтасыз?
– Сталин мен Берияға байланысты тарихшылар нақты баға берген болатын. Сондықтан олардың әрекетін қолдаймын деп айта алмаймын. Әйтсе де әр бір азамат демократиялы Қазақстанда өз ойын айтуға құқылы. Бірақ мұндайды болашақта біздің азаматтар ескергені жөн. Бір ашаршылықтың өзі қаншама қазақ халқын қырғынға ұшыратты? Сондықтан мұның бәрін есеру керек. Совет үкіметі кезінде Қазақстанның дамуында жақсы өзгерістер болған шығар, бірақ тарихтың қиын күндерін ешкімнің ешқашанда ұмытуға қақысы жоқ.
– Алматының қақ ортасында Сталин мен Берияның суретін алып шығу – сіздің жұмысыңыздың кемшілігі емес пе?
– Бұған менің жұмысымның да қатысы бар шығар, бірақ мұны елдің бәрі ойлау керек. Бұл әрбір қазақ азаматы немесе әрбір Қазақстан халқының сана сезіміне қатысты сұрақ деп ойлаймын. Оның ішінде сіз және Қазақстан халқының ішіндегі отбасы осы сұрақтарды туған-туыстары мен айналасына түсіндіру қажет. Әр отбасындағы балалардың әртүрлі болатынын сіз жақсы білесіз. Сондықтан мұндай нәрсе болып тұрады.
– Үкімет 30 жыл бойы неге отарсыздану саясатын жүргізбеді?
– Түсінбедім.
– Үкімет отарсыздану саясатын неге жүргізбеді?
– Ол не деген сөз?
– Отарсыздану деген Ресейдің отарында болған немесе бір кезде әлдебір елге колония болған мемлекеттер отарсыздану саясатын жүргізу деген сөз. Мысалы, өткеніне теріс баға беріп, арылу жұмыстарын жүргізеді. Сіздер неге 30 жыл бойы отарсыздану саясатын жүргізбедіңіздер?
– Сіз осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстарға қарауыңыз керек қой. Мынадай сұрақ қойып, баға беру үшін өткен жұмыстарға терең зерттеу жүргізу керек. Бұл бағытта жүргізілген жұмыстарды сіз көрмеген шығарсыз. Сондықтан сізден мұқият қарауыңызды сұраймын.
– Алматының қақ ортасында Сталин мен Берияның суретін алып жүрген азаматтар сіздің жұмысыңыздың айқын көрінісі емес пе?
– Біздің жұмысымыздың көрінісі. Оның ішінде журналистердің жұмысының нәтижесі бар, келістік пе?
– Сіз жаңа демократия туралы жақсы айттыңыз (Тоғжанов келесі журналиске бұрылып, сұраққа жауап беруден жалтарды. Авт). Мен сұрағымды толық қойып болған жоқпын. Біздің көшеде…
– Айқайламай сөйлеңізші…
– Мысалы Алматыда адамдар Әблязовтың суретін алып шықса, оны құқық қорғау органдары ұстай ма, ұстамай ма?
– Ол әңгіме Әблязовтың суретінде емес. Әрбір шыққан дүниелердің бәрі заңға сәйкес болуы керек.
– Яғни біздің елде Әблязовтың суретін алып шығуға болады ғой…
– Мен сізге қайталап айтамын, әрбір шығатын дүниенің бәрі жергілікті мемлекеттік органдардың рұқсатына, оның ішінде заңға сәйкес болуы керек.

P.S.

Ералы Лұқпанұлы сұраққа жауап беруден жалтарып келесі журналистің сұрағына бұрылып кетті. Идеология саласында жіберілген кемшілікке өзінің қатысы жоқтай, жаппай халықты кінәлауы қалай? Қит етсе халықты масыл деп айыптайтын Үкімет бұл жолы да жауапкершіліктен жалтарып отыр.

Серік Жолдасбай, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.