04-02-20 |
610 рет қаралған
Үйіңізде, төріңізде, портретте тұрған кім?.
Үйіңізде, төріңізде, портретте тұрған кім?

Қателестіңіз! Ол – Ленин «атаңыз» емес. Экс-президент те емес. Қазіргі президенттің портреті әзір ешкімнің кабинетінде де, үйінде де, төрінде де жоқ. Президент ауысқанмен, портрет ауысқан жоқ. Қос билігі құстың қос қанатындай болып саяси бұлыңғыр, бұлтты бағытқа «самғап» бара жатқан Қазақстан билігінің төріндегі портреттің бәрін де сол баяғы таныс жүз, таныс бейне. Біздің айтпақ болып отырғанымыз, басқа портреттер.

Кейінгі жылдар бедерінде өз портретін өзінің төріне, өз кабинетінің жал қабырғасына іліп қоятын адамдарды жиі көріп жүрмін. Ондай адамдардың ішінде кім жоқ дейсіз: кәсіпкерлер, байшыкештер, өнер және мәдениет қайраткерлері, депутаттар. Әйтеуір өзін ел біледі, жұрт таниды деп ойлайтынның көбі.

Рас, көп қазақ отбасында ата-анасының яки болмаса ата-бабасының (батыр бабаларының) портреттері ілініп тұрады. Еш сөкеттігі жоқ. Ал үйінің, кабинетінің төріне өзінің портретін ілу… Білмедім. Мұның адамтанудың қай қырымен, қандай психологиялық бағытпен түсіндірілетінінен де мақұрым екенмін. 

Жарайды, адам өз бейнесін өзі көруге, салғызуға о бастан құштар келеді. Неге екенін бір Құдай біледі. Бірақ дәл біз көріп жүрген кейіпкерлеріміздей төрге ілу, ол аздық еткендей кабинетке ілуді нарциссизмнен басқаға жатқызу қиын. Яғни өзіне өлердей ғашық, өзі туралы тым жоғарғы ойдағы адамдардың әрекеті. Олай дейін десең, әлгі портретін іліп жүрген азаматтар мен азаматшалар салыстырмалы түрде жалпыхалықтық деңгейде емес, өз орталарында  әжеутәуір белгілі кісілер.

Абай сөзімен айтқанда «әр нәрсенің өлшемін» біледі-ау дейтін әлгіндей адамдардың сондай бір әнтек әрекетіне іштей ыңғайсызданып, ұяласың, кейде. Бәлкім портретті мақтауын асырып сыйлаған да болар. Ал үйінің, кабинетінің төріне апарып ілу жеке өзі қабылдаған шешім-ау. 

Айтпақшы, мұның біз тұспалдайтын тағы бір қыры бар. Ол – саяси тоқырауға ұшыраған жүйенің жеке адамдардың психологиясына тигізген әсері. Мәселен, Қазақстанда жеке басқа табынудың анық белгілері бар екенін ешкім жоққа шығармайды. Сыртқы көріністерінен басқа сөзбен айтылып жататын табыну сипатындағы мақтау сөзде есеп жоқ. Міне, осының бәрі жекелеген адамның бойындағы нарциссизмді тіптен ушықтырып, асқындырып жібергендей.

Қалай болғанда да, бұл өз ойым. Ал өз ойым – өзімдікі.

Өміржан Әбдіхалықұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.