13-07-23 |
1280 рет қаралған
Үкімет Ұлттық қордың қаржысын ысырап етіп жатыр.
Үкімет Ұлттық қордың қаржысын ысырап етіп жатыр

Белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов кеше ғана Тоқаев қол қойған «Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы» заңға қатысты пікір білдірді.

«Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы» заң бар болғаны мал-мүлікті тартып алуды заңдастырудың бір түрі секілді көрінеді. Көпшілік оны бірінші президент пен оның әулетіне қарсы заң деп қуана қабылдады. Оны кез келген адамға, тіпті заңның авторларына қарсы қолдануға болады. Сондай-ақ бұл заң Назарбаев пен оның кланына тиімді – деп жазды жақиянов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол өзі айтып отырған мәселені былайша түсінідіріп көрді.

Егер қазіргі билікте саяси ерік-жігер болса, қолда бар заңдар «активтерді қайтаруға» жеткілікті. Яғни, шын ниет болса, елдің есебінен заңсыз байығандарға қарсы қылмыстық іс қозғап, дәлелдерді жинап, соттау керек еді. Тіпті Назарбаевтың мал-мүлкі тәркіленіп ғана қоймай, тұңғыш президенттен бастап қылмыскерлердің бәрі түрмеге қамалуы тиіс еді. Сондықтан заңды жазғандардың мақсаты активтердің иелерін түрмеге отырғызбай олардың мал-мүлкін оңай жолмен тартып алудың амалын табу болған сияқты. Келесі сұрақ – сол мал-мүлік кімнің пайдасына жұмсалмақ? Бізге Ақорда «халыққа» қайтарамыз деген ертегіні айтады. Осы активтердің қызығын қарапайым азаматтар емес, жоғары лауазымды шенеуніктер немесе жаңа «қожайындар» көретін секілді. Оған қазіргі мемлекет активтерінің жартысынан көбін басқаратын «Самұрық-Қазына» дәлел – дейді ол.

Ол «жақында «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылданды. Олай болса, Қазақстан азаматтары алдындағы борышы мен міндеттерін атқармайтын «Мемлекеттік тұлғалардың банкроттығы туралы» заңды неге қабылдамасқа? Шенеуніктердің бұрынғы іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылмайынша, оларға қомақты қаржы мен ұлттық байлықты қалай сеніп тапсыруға болады?» – деген сұрақтарды қойып, оған өзі жауап береді.

Мәселен, қазірдің өзінде әлем нарығындағы қолайлы жағдайға қарамастан, біздің Үкімет Ұлттық қордың (Нацфонд) қаржысын ысырап етіп жатыр. Ұлттық қордың бастапқы идеясы экономикамызды «Голланд ауруы» (Dutch disease) немесе «ресурстар қарғысы» (resources curse) деп аталатын экономикалық «дерттен» қорғау болды. Мен кезінде басқарған Стратегиялық ресурстарды бақылау агенттігі бұл мәселені алғаш рет 1997 жылы көтерген болатын. Сонда біз бұл «ауруды» емдеудің тиімді жолы – табиғи ресурстардан түсетін орасан мол табысты «залалсыздандыру» және арнайы қорға жинау деген қорытындыға келгенбіз. Расында, дамыған елдердің үкіметтері де солай істеді – дейді ол.

Біздің Ұлттық қор 2000 жылдан істей бастады. Оның аналогы одан он жыл бұрын құрылған Норвегияның Мұнай қоры (Oil Fund) болды. Екі қорға да шикізаттан, көбінде мұнайдан түскен артық табысты жинау міндеті қойылды.

Сонымен қатар, қорлар бұл қаражатты инвестиция салуға және сол арқылы байлықты арттыруға мүмкіндік алды. Енді, мұнай-газдың бағасы жоғары болған кейінгі жиырма шақты «майлы» жылдың ішінде қандай нәтижеге жеткенімізді салыстырайық. Норвегия қорында 1,37 трлн доллардан астам байлық жинақталса, бізде 52 млрд долларға тең келетін құнды қағаздар бар делінеді. Айта кету керек, екі ел де бірдей көлемде, яғни күніне шамамен 1,7 млн баррель мұнай өндіреді. Ұлттық қордағы қаржыны жан басына шаққанда оларда 250 мың доллар, ал бізде одан жүз есе аз!!! Біреулер «Мынадай салыстыру дұрыс емес, өйткені басқа ресурстардың үлесін ескеру қажет» деп айтуы мүмкін. Рас, норвегиялықтарда мұнайдан бөлек металдар, энергетика және теңіз ресурстары бар. Алайда бізде де металдар, уран және жер байлығы баршылық. Оларда бар, бізде жоқ жалғыз нәрсе – демократия. Мұнайға бай басқа да мемлекеттерді алып қарайық. Демократиялық Нидерланды мен Канаданы, авторитарлық Венесуэла мен Нигерияны салыстырсақ, ұқсас көріністі байқауға болады. Демек, ел байлығын сақтау, көбейту мәселесінде де саяси жүйенің маңызы өте зор – дейді саясаткер.

Сонымен қатар ол біздің Ұлттық қордың қаражаты қайда жұмсалғанын қарастырады.

Үкіметіміз бюджетті толтыруға өз дәрмені жетпей, Ұлттық қорға қолын жиі сұғуға әбден құмар. Жыл сайын, сондай-ақ биыл Ұлттық қордан шамамен 10 миллиард доллар алады. Яғни, бюджетіміздің төрттен бір бөлігі Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелді. Одан қалса, болашақ ұрпаққа арналған халық қазынасынан басқа да себептерге қаражат алынып тұрады. Мәселен, 2020 жылы ковид пандемиясына байланысты президент Тоқаевтың жарлығымен төтенше жағдай жарияланып, Ұлттық қордан 10 миллиард долларға жуық қаражат бөлініп, неше түрлі күмәнді бағдарламалар мен банктерге көмек ретінде берілді. Сол кезде олар бұл қомақты қаржының инфляция мен теңгенің құнына ауыр әсер тиетінін ойламаған да, бастарында қатырмаған. Ақшаны осылай есепсіз шашқандар біздің ұлттық қазынаны жоқ дегенде Норвегия қорының оннан бір бөлігіне дейін толтыра алады дегенге сенуге бола ма? – дейді Ғалымжан Жақиянов.

Сонымен қатар, ол Қазақстан басшыларының Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің жартысын балаларды оқытуға жұмсау бастамасы да бар екенін айтады.

Аталмыш инвестициялық кіріс әр жылда әртүрлі боп келді. Орта есеппен жылдық өсімі 1.6% ғана, ал 2022-де кірістің орнына шығын шықты. Шенеуніктердің өздері айтуынша, әрбір шотта алдағы 18 жыл ішінде 3500 доллар жиналады. Яғни, сақталған күннің өзінде ол ақша қазіргі жастардың білім алуына жұмсалмайды. Жалпы, Ұлттық қордың қаражатын жас ұрпаққа сапалы білім беру мақсатында жұмсау идеясы қолдауға тұрарлық. Бұны ең табысты, маңызды, дұрыс инвестиция ретінде қарауға болады. Егер президент Қ. Тоқаев шынымен де бастамасын іске асырғысы келсе, неге онда 18 жыл тоспай, дәл қазір қолға алмасқа? Ресми мәліметке сенсек, қазір Ұлттық қорда 4 адамнан тұратын әр отбасының 10 мың доллардай еншісі бар екен – дейді саясаткер.

Айтпақшы, жоғарыда айтылған жаңа заңға сәйкес, шамамен осы сома шегінде жеке тұлға өзін банкротпын деп басындағы қарызын кешірте алады.

Бірақ ол үшін қажытатын және ар-ожданын қорлайтын процедуралардан өтуге тура келеді. Мен мұны борышкерлерді ақтау үшін айтып отырған жоқпын. Олар да түрлі себептермен, өмірлік жағдайлармен қарызға батқан шығар. Айтайын дегенім – ақыры Конституцияда жер қойнауындағы байлық халықтыкі деп жазылған соң, неге онда азаматтарға қарызын өтеу үшін Ұлттық қордағы өзіне тиісті мүлкінің бөлігін бір рет пайдалану құқығын бермеске? Қазақ айтпақшы, ойда болғанша бойда болсын. Мұндай шешім экономикамыздың қаржы жүйесін жақсартуға жанама әсер ететіні анық. Бұл Ұлттық қордың қаржысын банктерге таратқаннан гөрі әлдеқайда тиімді және әділетті шешім. Қорыта айтқанда, Қазақстан азаматтарына не Ұлттық қорды басқаруға араласатындай құқық беру керек, не болмаса қазынадағы тиісті еншісін қайда жұмсайтынын әр адамның өзі шешуі керек. Жемқор және паразит құрылымдарды, өз міндеттерін атқара алмаған мемлекеттік тұлғаларды банкрот деп жариялайтын уақыт әлдеқашан жетті – дейді Ғалымжан Жақиянов.

Arasha.kz

ФОТО: tazael.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.