18-02-21 |
680 рет қаралған
Әшімбаев ашаршылық туралы сенатта тыңдау өткізеді.
Әшімбаев ашаршылық туралы сенатта тыңдау өткізеді

Ашаршылық қазақ, орыс арасында ұлтараздықты қоздырмайды деп білемін. Тек әңгіменің ашығы айта білуіміз керек. Қазақ, украин, орыс шаруаларын қырған Сталин, Голощекиндер екенін айтуымыз керек.

Бұл туралы ойын Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры, жазушы, кинодраматург, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай Facebook парақшасына жазды.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, ұлттың ұлы қасіретін үзбей зерттеу үшін Әшімбаев Сенат алдында тыңдау ұйымдастырмақ.

«Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Орталық кітапханада бір тарихи «дөңгелек стол» өтті. Тарихи дейтінім бұл жиын  1921 жылғы ашаршылықтың 100 жылдығына арналды.

Өкініштісі сол , әлеуметтік желідегі жұртқа ол әңгімелер толық жетпепті. Олардың құлағына  «Ашаршылықты саясаттандырмау керек!» деген Сенат төрағасы айтқан 99 сөздің ішіндегі тек осы бір ауыз сөз ғана жетіпті. « Бұ несі-ай?!  Үндеме дегені ма? Қашанғы үндемейміз?!» деп бұлқан-талқан болып жатқандар бар. «Неге бұлай болды? Жиын өте батыл рәуіште өткен еді ғой!» деп біз де таң қалдық.

Сөйтсек, ұйымдастырушылар тарапынан бір қате кетіпті. Ол – ол жерде айтылған әңгімелерді толық жариялауы керек еді .  Ал, негізгі ресми ақпаратта тек Төрағаның бір ауыз ресми сөзі ғана берілген. Соның нәтижесінде; Төраға мына зиялы қауымға ақыл айтып оларды ауыздықтау үшін жинаған ба, деген жаңсақ пікір туған. Нәтижесінде Әшімбаев бізді ашаршылық туралы деректерге  негізделген ащы шындықты айтуға шақырғаны, және науқаншылдыққа салынбай бұл ұлттың ұлы қасіретін үзбей зерттеу керектігін айтқаны, түгел Сенат алдында тыңдау ұйымдастырмақ жоспарының да бар екені туралы бізді қуантқан  ақпараттар жұрт құлағына жетпей қалды.

Егер жұрт Мәулендей жас Төраға ауызынан бұндай батыл пікірлерді естіген болса  біз сияқты « Өй, Жарайсың! Міне, нағыз әкесіне тартқан ұл!»  деп қуанып қалар еді. Қанша айтқанмен Мәулен Сағатқанұлы үлкен билік тізгінін ұстап отырған тұлға. Сондықтан, ол креслода отырған адам ретінде ең алдымен жұрттың тыныштығын ойлайды . Біз Сияқты айқайлап айта алмайды. Ол өйте алмайды. Бірақ, оның айта алмағанын біз айта алатын болғандықтан ол бізді жинады. Сол үшін де түгел Сенатта осы тақырыпта тыңдау өткізбек ниетін білдірді. Бұны біз батылдық, батырлық демей не дейміз! 

Ұлтараздық жөнінде. Қазақ бастан кешкен бұл апатты ұйымдастырған Сталин. Ол орыс емес. Содан кейін -Голощекин. Ол да орыс емес. Ендеше орыс пен қазақ арасында  қандай проблема болуы мүмкін?! 1944 жылы түркі тарихын зерттеуге  қаулы қабыддап тиым салған Сталин түркілерді  жақсы көрді деп айту қиын. Осы жиында тарихшы Талас:  «Сталин қазақ интеллигенциясына қарсы геноцид ұйымдастырды!» деді. «Жалпы ұлттық геноцидке жол берді дей алмаймын» деді.  Мен айтар едім : Сталин бай, кулақ аталатын ауқатты шаруаларға қарсы ашық геноцид  жасады . Сталин ол геноцидтің атын «Кулақтарды тап ретінде жою» деп атады. Малсыз күн көре алмайтын көшпенді қазақ сол кезде түгел кулак болып шыға келді. Малын сыпырып алғаннан кейін қырылды . Американдықтар үндістерді құрту үшін бизондарды құртқан ғой!Сол кезде  үндістер өзінен өзі қырылды емес пе?! Сталин-Голощекин қазақтарды қырудың осындай сұрқия саясатын қолданды деп білемін. 5 миллион қазақ және біздегі 200 мың өзге ұлт өкілдернің қырылуына кінәлі сол кезде гі  большевиктер партиясының Кремльдегі көсемі Сталин және қызыл партияның Қазақстандағы көсемі Голощекин деп білемін. Осы тақырыпты жарты ғасыр зерттеген қаламгер ретінде біздің келген қорытындымыз осы.

Бұл – осы 2 қызыл көсемнің қылмысы. Сондықтан да бұл тақырыпты қозғағанда өз басым ашаршылық қазақ , орыс арасында ұлтараздықты қоздырмайды деп білемін. Тек әңгіменің ашығы айта білуіміз керек. Қазақ, украин, орыс шаруаларын қырған Сталин, Голощекиндер екенін айтуымыз керек. Сонда біздің ұлтаралық бірлігімізге ешкім сына қаға алмақ емес»,- деп жазды Смағұл Елубай.

Қоғам қайраткері ашаршылықтың 100 жылдығына орай өткен дөңгелек үстелде «Ұлы даладағы ұлы апат» тақырыбында баяндама жасады.

Еске сала кетсек, осыған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың ашаршылық тақырыбын саясиландырмайық деген ойын жазған едік.

Кейін Arasha.kz сайты Әшімбаевтың ойына қатысты сұқбат берген саясаттанушы Досым Сәтпаев ашаршылық туралы ашық айтылса, Кремльдің көңіліне кірбің түсетіні туралы айтқан пікірін ұсынды.

Ал Тарихшы Талас Омарбек ашаршылық биліктің  30 жыл бойы қашқан тақырыбы екенін айтты.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.