Қазіргі Түркияда аса ықпалды екі тұлға бар: Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған және АҚШ-та қашқында жүрген түрік жазушысы, ислам әлемінің беделді тұлғасы Фетуллех Гүлен. Ердоған президенттік сайлауда жеңіске жетіп, билік басына келісімен Гүленмен айқаса бастады. Бұл айқас 2016 жылы Түркияда іске аспай қалған әскери төңкерістен кейін ашық шықты. Ердоған Гүленді әскери төңкеріске дем беруші деп, оның «Хизмет» қоғамдық қозғалысына мүше-мыс делінген мыңдаған әскериді, мұғалімдерді, журналистерді, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қойша топырлатып тұтқындады. Содан бері түріктің екі тұлғасының арасындағы тартыс әлі тоқтаған жоқ. Түрік халқы бізге туыс, Түрік Республикасы бауыр деп сипатталады. Туыс-бауыр болғанымен, оты басқа, ошағы басқа, елі бөлек, заңы бөтен, ұғым-түсініктері де өзгешелеу, салт-дәстүрі, діни бағыттары – бәрі-бәрі басқа. Әйтеуір, түбіміз бір түркі халықтарының сапынанбыз. Саяси жақтан алсақ, Түркия мен Қазақстан арасы о бастан жақсы. Ағайынгершілік те бар. Екі ел арасындағы сауда-саттық, барыс-келіс ойдағыдай. Бірақ Түркиядағы жағдайдың салқыны біздің елдегі Білім-инновация лицейінің ұстаздарына тиіп жатқандай. Ердоған Гүленді түртсе түрткен шығар, лицейді не түлен түрткені белгісіз. Белгілісі – Түркия азаматы болып есептелетін лицей ұстаздары өздерінің және отбасы мүшелерінің құжаттарын кезекті рет виза уақытын ұзартуға бергенімен, құзырлы орындар олардың визасын ұзартпай, қайтарып жатқанға ұқсайды. Виза ұзартылмаса, ұстаздар Түркияға оралуы тиіс. Еліне оралса, Гүлен қозғалысына қатысы бар делініп қуғынға түсуден қорқады. Осылайша лицейлердегі түрік ұстаздар шарасыз күйде отыр. Сондай шарасыздықтан Керекудегі (орысша Павлодар деп аталады) Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімдері Демирел Осман мен Алтыншаш Иса облыстық көші-қон қызметі басқармасына өтініш жазып, өздеріне және отбасы мүшелеріне босқын мәртебесін беруді сұраған. Ал босқын мәртебесін беру мәселесін арнайы комиссия 90 күн ішінде қарап, шешім қабылдайды екен.
Түрік лицейлері деген атпен танылған мектептер әлемнің 150-ге жуық елінде бар. Деректерге қарағанда, Қазақстанда 34 лицей бар. Түркиядағы іске аспай қалған әскери төңкеріс және Гүленнің жақтастарын қудалау ісінен кейін қазақ-түрік лицейлері ресми атауын өзгертіп, Білім-инновация лицейі болды. Жалпы, бұл лицейлер KATEV халықаралық қоғамдық қорына қарайды. Ал бұл қор 1997 жылы Түркия мен Қазақстан арасындағы 1992 жылғы келісімнің нәтижесінде құрылған.
Біздегі лицейлердің білім беру ісі өте мақтаулы. Жұрт баласын осы лицейлерде оқытуға талпынады. Ел ішінде беделі жоғары. Лицей оқушылары жыл сайын халықаралық білім сайысында бәйге алып жатады. Осы күнге дейін лицейлерде діни бағытқа қатысты әлдебір тосын оқиға естілген емес. Мұғалімдердің білімі мен біліктілігі, көзқарасы жайлы өткен аптада белгілі математик Асқар Жұмаділдаев «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында астын сызып айтыпты. «Менің түрік ағайындармен жұмыс істегеніме талай жыл болды. Олардан бір жаманшылық көргенім жоқ, жаман пиғылын да сезгенім жоқ. Біз сөйлескенде мұғалімдердің барлығымен математика, физика жайлы сөйлестік. Бір рет болсын не дін жайында, не саясат жайлы сөйлескеніміз жоқ. Мен бұлардан тек қана пайда көрдім. Ақылды, парасатты, еңбекқор жігіттер». Жұмаділдаевтың сөзі – сөз.
Лицейдің елдегі білім деңгейінің көтерілуіне қосқан үлесін ешкім жоққа шығармас. Ол жерде оқыған қазақ баласының жерде қалғаны жоқ. Жақсы білім қай кезде де жарқын болашақ. Оған дау жоқ. Бірақ саясаттың салқыны аталған білім ошақтарына тимесе екен дейсің.
Ердоған былтыр Астанаға сапарлап келгенде президент Н.Назарбаевқа лицейлердің Гүленмен байланысы бар деп еді. Сонда Н.Назарбаев: «Бұл мектептер мемлекеттің бақылауында. Білім көрсеткіші өте жоғары. Түркияға қауіп төндіретін кім де болса оны біз қолдамаймыз. Келісілгендей, лицейлерді тексереміз. Егер мұғалімдердің қандай да бір (Гүленмен) байланысы анықталса, онда біз ол мұғалімдерді ауыстырамыз», – деп жауап берген болатын. Бірақ лицейдегі түрік мұғалімдерінің визасын ұзартпай, олардың қайткенде де Түркияға оралуын қалайтын әрекетті түсіну қиын. Бұл баяғы түлкібұлаң саяси ойындардың бірі болса керек. Бейресми ақпараттарға қарағанда, виза мерзімін ұзарта алмаған ондаған түрік ұстазы Қазақстаннан Қырғызстанға, Германияға, АҚШ-қа табан астында ұшып кеткен. Олардың көбінің бала-шағасы әзірге Қазақстанда қамалып отырған көрінеді. Біз осы мәселенің ақ-қарасын білмекке, елге есімдері таныс түрік ұстаздарына қоңырау шалып та көрген едік. Бірақ ұялы телефондары өшірулі тұрды. Ал сол ұстаздардың жақындары, таныстары қандай да бір ақпарат айтудан қашқақтады.
Қазақ баласының білімін өсіріп, болашағына анық бағдар беріп отырған айтулы лицейдің шарасыз күйге түскен мұғалімдерінің мәселесін үкімет ашық әрі жан-жақты зерделеп, анық жауабын бергені жөн. Әрі бұл мәселені лицейдің білім беру ісінің ақсап қалмауы тұрғысынан қарастыру шарт. Әгәрәки жағдай осылайша жұмбақ күйде жалғаса берсе, лицей оқушылары мен ата-аналары әр мұғалім үшін араша сұрайтыны әлден-ақ менмұндалап тұрған жайт.
Дереккөз: Жас Алаш
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024
-
10.10.2024