09-01-23 |
1070 рет қаралған
Жапаров Қырғызстанның сыртқы қарызын жасыл жобаларға «алмастыруды» сұрады.
Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Фейсбук парақшасында Қырғызстан қарыз алған халықаралық қаржы институттары мен елдерге үндеу жариялады. 

Мемлекет басшысы Қырғызстанның «жасыл экономикаға» бет бұрғанын айтып, елдің сыртқы қарызын жасыл бастамаларға «алмастыру» мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма бергенін жеткізді.

«Қазіргі кезде Қырғызстанның сыртқы қарызының көлемі – 4,2 млрд доллар. Әрине, сыртқы қарызды өтеу бойынша мойнымызға алған міндеттерді әрі қарай да орындай береміз. Тек жасыл экономиканы дамыту және әлемдегі экология ахуалын бірігіп жақсартуға үлес қосу жөнінде бастама көтеріп отырмыз. Сыртқы қарызды өтеуге арналған қаражат жасыл бастамаларды қолдауға бағытталса жақсы болар еді. Аталған жобаларды тек донорлар мен серіктестер қаржыландырсын деп отырған жоқпыз. Біз өз тарабымыздан да сондай жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз» деп жазды президент. 

Садыр Жапаров Қырғызстанның лас ауа мәселесін, мысалы су электр станциясын салу арқылы кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. 

Жыл сайын күн суытқанда Бішкекте РМ2,5 қалдықтарының деңгейі күрт артады. Былтыр жыл басында табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі Динара Құтманова 2016 жылдан бастап Бішкек әлемдегі ең лас қалалардың қатарына тұрақты түрде кіріп келе жатқанын айтты.  

Жуырда Финляндия метеорология институтының ауа сапасы туралы зерттеуі Бішкек ауасының ластануына бірінші кезекте көмір әсер етіп отырғанын анықтаған.

 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.