08-09-18 |
3950 рет қаралған
Экологиялық заңнамаларды сақтау міндет.
Экологиялық заңнамаларды сақтау міндет

Ертеңін ойлаған ел барын бағалап, жоғын түгендеуді бүгіннен бастайды. Біздің елімізде де адамзатты қоршаған табиғаттың бүлінбеуін, құртылып кетпеуін көздеген заңнамалар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ өмірге келді. Табиғатты аялауға, құрметтеуге деген алғашқы қадам еліміздің 1997 жылы халықаралық Киото хаттамасын ратификациялауынан бастау алды.

Киото хаттамасына қосылғысы келетін елдерге қойылар талап жоғары. Соның ең негізгісі, халықаралық шарттың толық мүшесі болудан үмітті елдер ең әуелі қоршаған ортаны, оның табиғи байлықтарын тиімді пайдалану мен қорғауды, тұрақты даму саясатын жүргізуді өз міндетіне алуы тиіс. Бұл құндылықтың бәрі Қазақстанда экологиялық талаптарды сақтауға бағытталған «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңда толық ескерілген. Заң халық мүддесі үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін белгілеп, сонымен бірге экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, шаруашылық және өзге де қызметтің табиғи экологиялық жүйелерге зиянды әсерін болғызбауға, табиғатты ұтымды пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған. Әрине, алғашқы экологиялық құжат болған соң мұнда біраз кемшіліктердің кездескенін жасыруға болмас. Үш жылдан кейін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі соның дәлелі.

 Ал, енді бұл құқықтық құжаттан кейін қоғамға жол тартқан «Экологиялық кодексте» қоршаған ортаға келтірілген залалға алғаш рет ресми анықтама беріліп, кемшілікті жоюдың негізгі басымдықтары ұсынылған. Осы жерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «экономика мен экология арасындағы өзара теңгерімді табу қажет» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Расында нарықтың жазылмаған заңы экономиканы алға шығарып, экологиялық мәселелерді кейінге ығыстырды. Өйткені, экологиялық зардаптың көлемі, зияны бірден байқалмайды. Экономикадағы құлдырау көзге көрініп тұрса, табиғи байлықтың сарқылғанын, тозғанын тек бірнеше жылдардан кейін ғана байқауға, бағамдауға болады. Экономикадағы қателікті, зиянды есептеу оңай болғанымен, экологиялық зардапты қаржылай есептеп шығудың қиын екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Содан болар, экологиялық талапты бұзушылар айып тағылғанда «Ешкімге зияным жоқ» деп ақталып, кінәні өзінен аулақтатып жатады. Мысалы, мұнайды игергендер қара алтынды алғанды білгенмен, орнын толтыруды ескере бермейді, Қызыл кітапқа енген аң-құсты атқандарды да қолмен ұстап алмасаң қылмысын мойындамайтыны белгілі. Ауаны ластайтын, суды лайлайтын, тұнықты бүлдіретіндер де мұны қалыпты жағдайға балайды. Өйткені, ауа да, су да, аң мен құс та өз құқығын қорғауға дәрменсіз. Адам үшін, адамзаттың өмірі үшін жаралған бұл құндылықтарды тіршілік иелері бағалай алмағандықтан, құқық бұзушылықпен күресте құзырлы орындардың қырағылығы, қадағалауы мықты болуы керек.

Жақында Астанадағы минералды ресурстар және металлургия саласындағы алғашқы қазақстандық халықаралық конгресте Елбасы Қазақстанда жиналған 20 млрд. қалдықтың үштен бірі залалды екенін жеткізді. Мұнда негізінен тау-кен өнеркәсібі мен металлургия қалдықтарының үлесі басым. Осы ретте Президентіміз «Бұлай жалғаса беруі мүмкін емес. Біз табиғатқа кері әсер тигізетін ықпалды барынша төмендетіп, болашақ ұрпаққа қамқорлықпен қарауымыз қажет»дегенді қадап айтты.

Рас, Алматы алып шаһар болғанымен, мұнда ірі өндіріс ошақтары санаулы. Бірақ, бұл оңтүстік астанада экологиялық мәселелер жоқ, оның барлығы толық шешімін тапқан деген түсінікті білдірмесе керек. Алысқа бармай-ақ, Алматы көшелерінде жүрген көліктің көптігі үлкен экологиялық мәселелерге негіз қалап отыр. Бірақ, көлік те адам қажеттілігіне қызмет ететіндіктен, одан бас тарту қиын. Тек оның қоршаған ортаға зиянын азайтқанымыз абзал. Ескі көліктерді утилизациядан өткізу, экологиялық талаптарға сай келмегендеріне қомақты айыппұл салу секілді тыйымдар бұл проблеманы түбегейлі шешуге қауқарлы емес. Сондықтан, қала ауасын көк түтінге толтыратын техникалық ақауы көп көліктермен күресті бір сәт те тоқтатуға болмайды. Мысалы, қалада орта есеппен 500 мыңға жуық автокөлік болса, оның әрқайсысы 1 кг бензин жағу үшін 200 л оттегін қолданады. Бұл адамның бір тәулікте жұтатын оттегінің көлемінен де жоғары. Автокөліктердің пайдаланған газдарында зиянды заттардың көп болуына техникалық дейгейінің төмендігі, ескілігі, қозғалтқыштардағы ақауларды анықтау құралдарының жоқтығы себеп болып отыр. Соған орай, халықаралық стандарттарға көшіп, жолдарда автокөліктерді пайдалануды өркениетті деңгейге жеткізу бәріміздің парызымыз. Дегенмен, қанша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп,  ескерту жасалып жатқанымен, азаматтар экологиялық талаптарды сақтаудың құзырлы орындарға емес, әуелі өзінің денсаулығына, балаларының болашағына керектігін түсіне бермейді. Көк түтінді будақтатқан машинасымен әсем қалада жүйткіп бара жатқан жандарды көруіміздің себебі осы. Бұл әрине үлкен қылмыс болып саналмауы мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылдың 14 желтоқсанда жариялаған  «Қазақстан-2050: стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» жолдауында көрсетілген қоғамдағы тәртіпсіздіктер мен құқықбұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидасын қалыптастыру идеясы өз ретімен орындалғанда мұндай кемшіліктерге де жол берілмес еді.

Қоршаған ортаны сақтау, қорғау әркімнің өзінен басталады. Нөдік төзімділік идеясының түпкі мәні сол. Табиғатты құрметті қағидасына «Менің кескен бір ағашымды тұрған не бар?» деген немкеттілікпен жауап беруге болмайды. Дәл осы мәселе Алматыда да бар. Бір қуанарлығы, Алматы әлдеқашан жасыл қала, гүлзарлы мекен деген атауға бұрыннан ие. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірден көбейген құрылыстар талай ағаштардың оталып кетуіне түрткі болғанына тұрғындар куә. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар қазір реттеліп, рұқсатсыз ағаш кесу мәселесі заңнамаға сай шешілген. Қала аумағындағы қартайған ағаштарды кесуде де тәртіп, талап ескерілетінін, олардың орнына жас теректердің отырғызылып жатқанын аңғару қиын емес. Бұл да әкімдік, қадағалау органдары секілді жауапты мекемелер арасындағы үйлесімді жұмыстың бір көрінісі болса керек.

Жалпы, экологияға  ірі зауыт, компаниялардың тигізер залалы қомақты болатыны айтпаса да түсінікті. Және миллиондап табыс табатын кей кәсіпорын иелерінің табиғатты сақтауға, өздері келтірген залалдың орнын жабуға әрекеттенбейтіні де ешкімді таңғалдыра қоймайды. Көпшілігі «Табиғатты пайдаландың ба, жауаптылығын да ұмытпа!» деген ұстанымды ұмыт қалдырады. Тіпті, айыбын көрсетіп, олқылықтың орнын толтыр деген құзырлы орындарға қасқайып қарсы шығатындары да бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін осындай бір-екі мысалға тоқталып өтейік. Мәселен, дауы бірнеше жылға созылған «МВТ» ЖШС мен «Масло-Дел» ЖШС-на қатысты қаралған істерді алайық. Былай қарасаңыз екеуі де ірі өндіріс орындары. Екеуі де жүздеген адамды жұмыспен қамтып, Қазақстанда өз өнімін шығару арқылы пайда тауып отырған кәсіпорындар. Соның ішінде газ-бетон өнімін шығаратын зауыт ретінде танымал «МВТ» ЖШС-на Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мемлекеттік мекемесінің Алматы қаласы бойынша экология департаменті тарапынан қойылған талап арызды Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қараған болатын. Талап қоюшы өз арызында «МВТ» ЖШС-ның арнайы су пайдалану құқығына ие болмастан 2014 жылдан бері табиғатқа орасан зиян келтіріп, суды қолданып келгенін нақты дәлелдермен көрсете келіп, шығын  көлемін 141 961 008 теңге деп белгілеген. Расында, кәсіпорынның суды пайдалану туралы рұқсатының мерзімі 2014 жылдың 1 қазанынан бастап  аяқталған. Содан бері ешқандай құжат жасап, рұқсат сұрамаған кәсіпорын суды есепсіз қажетіне жаратқан. «Қысқасы, «Судың да сұрауы болатынын» есінен шығарған. Алайда, құзырлы орындардың қырағылығының арқасында, табандылығының нәтижесінде іс дұрыс шешімін тапты. Алдымен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, кейіннен апелляциялық тәртіпте қараған Алматы қалалық соты талап қоюшының сөзін қуаттап, «МВТ» ЖШС-ынан 141 961 008 теңгені мемлекет пайдасына өндіруге шешім қабылдап, бұған қоса, айыпты компанияға мемлекеттік жарна үшін 4 258 830 теңге төлеуді міндеттеді.

«Масло-Дел» ЖШС-ының да қоршаған ортаға тигізген зардабы аз емес. Бұл мекеменің де суды пайдалану бойынша алған рұқсатының мерзімі 2014 жылдың 1 қазанында аяқталып кеткен. Соған қарамастан, өндіріс жұмысын тоқтатпай, табиғи байлықты заңсыз пайдаланып келген. Құзырлы орындардың көмегімен анықталған бұл іс Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мемлекеттік мекемесіне қарасты Алматы қаласы бойынша экология департаментінің қолға алуымен сотқа түсіп, жан-жақты қаралған еді. Мұндағы шығынның көлемі 8377241 теңгені құрайды. Алайда, өзінің кінәсін мойындамай, әрі оны жеңілдету үшін суды қолдануға қатысты рұқсаттың ескіргенін алдын ала ескертпеген құзырлы орындарға ренішін білдірген жауапкер шығын көлемін барынша төмендетуге тырысып бақты. Соған орай, іс апелляциялық, кассациялық тәртіппен қаралып, ақыры, залалдың көлемін барынша дәлелді, тиянақты, нақты көрсетіп берген талапкер сөзіне тоқтаған соңғы сатының судьялар алқасы 8377241 теңгені мемлекет қоржынына қайтартуға шешім шығарды.

Осы екі істі мысал ете отырып, бірнеше түйін жасауға болады.

Біріншіден, біздегі ірі өндіріс ошақтары экологиялық талаптардың бұзылуын құқықбұзушылық деп санамайды. Соған орай, табиғатты пайдалануға қатысты құқықтық құжаттарға не мән бермейді, не жылы жауып қоя салады.

Екіншіден, кәсіпорын иелерінде экологиялық құндылықтарды сақтауға қатысты жауаптылық аз. Өнімнің көптігін, жұмыстың нәтижелілігін талап еткенімен, көпшілігі экологиялық заңдылықты сақтауға бақылау жасай бермейді. «Суды қалай пайдаланып жатыр, жерге қандай зиян келуде, ауаны бүлдіріп жатқан жоқпыз ба?» деген сауалдарға жауап іздейтіндер санаулы.

Үшіншіден,  құзырлы орындар кемшілікті тауып, құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәні өзінен алыстату, жауапкершіліктен жалтару деректері жиі кездеседі.

Мұндай ахуалдың қалыптасуы қоғам үшін қауіпті. Біздің ертеңгі күнге деген сеніміміз, мемлекеттің болашағына деген үмітіміз осы экологияның сақталуымен өлшенетінін ұмытпауымыз керек. Осылай кете беретін болса біз табиғатты саналы түрде өлтіріп, ұл-қызымыздың жайлы өмірін сүруіне қолдан қастандық жасаймыз. Өйткені, басқа құндылықтардың орнын толтыруға болар, ал, дер кезінде күтім жасалмаса табиғатты сақтап тұру қиын. Мұның соңы алапат қайғыға әкеледі. Елбасының биік мінберлерде үндеу жасап, экологиялық мәселелерге алаңдаушылық білдіруінің астарында осындай түйін жатыр. Экологияға қатысты заң бұзушылықтардың Әкімшілік заңнамадан алынып, Қылмыстық кодекске ауыстырылуының мәнін осы төңіректен іздегеніміз жөн. Жаңа жасалған Қылмыстық кодексте экологиялық қылмыстарға ерекше назар аударылған. Мұндағы 13-тараудың тұтастай экологиялық құқық бұзушылықтарға арналуы соның дәлелі. Дегенмен, экологияға, өскен ортаға деген көзқарас заңнамаға өзгеріс енгізумен шектелмеуі керек. Ең бастысы, мұндай олқылықтарға деген қоғамның көзқарасын түзегеніміз дұрыс.

Жалпы, экологиялық құқық ең кенже дамыған сала қатарынан. Содан болар, экологиялық құқықбұзушылыққа қатысты азаматтардың сауатталығы өте төмен. Тұрғындардың көпшілігі экология дегенді заводтардың мұржасынан будақтаған түтін, тартылған Арал, апаттан зардап шеккен Семей полигонының аймағы деп түсінеді. Ал, мұндай үлкен табиғи апаттардың сырт қарағанда болымсыз көрінетін құқықбұзушылықтардан құралатынына мән бермей жатады. Алматының айналасында өзен, су көп емес. Бірақ, жаңбыр жауғанда  Есентай өзені кемеріне жетіп, қап-қара су алыстан көзге түседі. Соның бетінде қалқып жүрген бөтелке, қағаз, целлофан, түрлі қалбырлар басқа жақтан келген жоқ. Оның барлығын қала тұрғындары тастады. Жол бойында тұрған қоқыс жәшіктеріне баруға ерінген азаматтардың жүріп келе жатып қолындағысын лақтыра салатынына әрқайсымыз куә болып жүрміз. Бірақ, көре тұра ескерту жасауды артық санаймыз. Дұрысында, табиғатқа деген жанашырлық осындай қарапайым қағидалардан бастау алады. Өзіміз талапты сақтап қоймай, өзгелердің де тәртіпке бағынуын ескерту арқылы біз қоғамды түбегейлі өзгертуге қадам жасаймыз. Ортаға деген құрмет немқұрайдылықтан арылудан бастау алады. Қазір де Алматының әдемілігіне нұқсан келтіретін, экологиялық жағдайын төмендететін факторлар аз емес. Мәселен, қазір қала аумағы ұлғайып, жақын елдімекендер есебінен шекара кеңеюде. Осы тұрғын үйлерді салуда да экологиялық талаптардың бұзылған тұсы аз емес. Қазір пәтерді жалға беріп, монша жағу арқылы табыс тауып жүргендер бар. Ондағы кәріз құбырлары дұрыс жасалмаған, жиналған судың иісі қолқаны қабады. Бұл өз кезегінде санитарлық норманы бұзып, зиянды жәндіктердің көбеюіне әкеліп соғады. Моншаға отынның орнына дөңгелектер резинасын, тез жанатын қоқыстарды пайдаланатындар да жеткілікті. Солай болғанымен, көршісімен араздасқысы келмейтін тұрғындар мұндай олқылыққа көз жұмып қарауға мәжбүр. Сондай-ақ, өзіне тиесілі жердің әр шаршысын табыс көзі деп есептейтіндер дәретхананы көшенің бойына салып қояды. Көлігін көшеге шығарып жуатындар, қоқыстарды жолдың ортасына жинап өз бетінше өртейтіндер де ортаға аз зиян алып келмейді. Қала маңынан аққан өзен суына көлігін, үйдегі кілем-паласын жуатындарға да қатаң тыйым салатын кез келді. Ортақ құндылық дегенді азаматтар тура мағынасында түсініп, жеке игілігіне пайдаланбауы керек. Қазіргі кезде құзырлы орындар осындай мәселеге де назар аударып, қала тазалығына мән бергені дұрыс деген ойдамын.

Тіршіліктің көзі болып отырған судың күн өткен сайын азаюы, ауаның ластануы, табиғи байлықтың таусылуы, қоршаған ортаның тозуы үлкен мәселе. Қазір біздің еліміз ғана емес, барша халық экологиялық мәселелерді шешудің жолдарын іздеуде. Соның ішінде табиғатқа жаны ашымайтын, мәселені қолдан тудырып отырған жандарды заң арқылы тәртіпке шақыру барлық елде құқықтық тұрғыдан шешімін тапқан. Біз де осы бағытта ізденіс жасап жатқан, экологияның сақталуына мүдделі мемлекеттің біріміз. Биылғы жылы Астанада өткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі сөзіміздің жарқын дәлелі. Бұл маңызды шараның «жасыл экономика» тақырыбына арналуының өзі Қазақстанның экологиялық тазалыққа, айналаның қауіпсіздігіне атүсті қарамайтынын көрсетсе керек.

М.Әжінұрұлы, прокурор

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.