04-12-18 |
800 рет қаралған
Еуропа одағы бірнеше ресейлікке санкция салады.
Европа одағы таяу арада Солсбериде Сергей мен Юлия Скрипальдің улануына қатысы бар делінетін бес адамға санкция қояды. Бұл туралы Азаттық радиосының Брюссельдегі тілшісі Рикард Йозвяк хабарлады. Оның сөзінше, санкциялар «Рождествоға дейін», яғни желтоқсанның 24-іне дейін жарияланады. 

Бұған қоса, журналистің хабарлауынша, Еуропа одағы ертең – желтоқсанның 5-інде өзін-өзі жариялаған, ресейшіл сепаратистер басқаратын «Донецк және Луганск халық республикаларында сайлау өткізуге қатысы бар» деп, тоғыз азаматқа санкция қою туралы шешім қабылдайды.   

Еуропа одағы санкция салуға ниеттеніп отырғанын әлі ресми хабарламады. Тізімде кім болатыны да әзірге белгісіз.

ЕО осы кезге дейін Мәскеудің 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап, ресейшіл сепаратистерді қолдағаны үшін Украина мен Ресейдің 155 азаматы мен 44 заңды тұлғасының активтерін бұғаттап, Еуропаға кіруіне тыйым салған.

Украина, Еуропа Одағы мен АҚШ Украина шығысындағы сепаратистер бақылайтын Донецк және Луганск облыстары аумағында 11 қараша күні өткен аймақ басшыларын сайлауды заңсыз деп атап, оның нәтижелерін мойындамайтынын мәлімдеген.

2014 жылдың көктемінен бері Украина шығысындағы Донецк мен Луганск облыстарының біраз бөлігі ресейшіл сепаратистер қолында тұр. Бұл аймақта Украина үкімет әскері мен сепаратистер арасындағы қақтығыстан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.