24-06-21 |
330 рет қаралған
Эпидемиологтар журналистерге вакцина алуды міндеттеді.
Эпидемиологтар журналистерге вакцина алуды міндеттеді

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауынан хабар тарататын БАҚ өкілдері вакцина алуға немесе ПТР-тест тапсыруға тиіс.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

«Сайлау комиссияларының барлық мүшесінде, бақылаушыларда, сенімді өкілдерде, БАҚ өкілдерінде вакциналау паспорты болуға тиіс. Егер вакциналау паспорты болмаса, онда нәтижесі теріс, мерзімі үш күннен аспаған ПТР анықтама болуы шарт», – деді Есмағамбетова.

Бұл талап коронавирустың таралуы бойынша қай аймақта («қызыл», «сары», «жасыл») орналасқанына қарамастан, барлық өңірге қатысты, деп атап өтті ол.

Бас мемлекеттік санитар дәрігер тиісті қаулыға қол қояды деп күтілуде.

«Вакциналау үшін медициналық қарсы көрсетілімдері болса, мерзімі үш күннен аспаған ПТР-тест нәтижесі бар адамдар жіберіледі. Дене қызуы жоғары немесе коронавирус инфекциясына тән басқа да симптомдары бар сайлау комиссияларының мүшелері не болмаса басқа да қатысушылар сайлау учаскелеріне кіргізілмейді», – деді Есмағамбетова.

Айта кетсек, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы 40 күн бұрын жарияланады. Ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталуына 10 күн қалғанда өтеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.