05-11-18 |
1430 рет қаралған
Үйін су басқан тұрғындар өтемақы сомасына разы емес.
Теміртауда Аққұдық ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың материалдық шығын мен моральдық өтемақы өндіру туралы шағымы қаралып жатыр. Төрт адамы бар, үйінен айырылған отбасы материалдық шығынды үш жарым миллион, ал моральдық шығынды үш миллион теңге деп бағалаған. Олар бұл қаржыны Қарағанды облысындағы шахталар мен металлургиялық кеніштердің иесі «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) компаниясынан өндіріп беруді талап етеді. Шағымданушы осы компанияға қарайтын ескі су құбыры жарылып, үйін су басты деп санайды. Тұруға жарамсыз деп танылған үйдің бір жағында Анастасия Цуприкова екі баласымен, ал екінші жағында оның анасы тұрған.

Бүгін сотта тараптардың өтемақы төлеу шарттарына қатысты әлі келісе алмағаны айтылды.

– Біз шарттарға қатысты келісе алмадық. Жауапкер шағымда көрсетілгеннен әлдеқайда аз сома ұсынып отыр. Ол үш миллион теңгеге баспана сатып алуды, бірақ су басып бүлінген үй мен жердің меншік құқығын өзіне беруді және моральдық шығыннан бас тартуды ұсынды. Яғни, ол шағымның жартысынан бас тарт дейді. Бұл – бізді қорлау. Соманы азайтуға келісе алмаймыз, – деді сотта шағымданушының өкілі заңгер Александр Ожго.

Жауапкер жақтың өкілі заңгер Сергей Цой сотта «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы медиация арқылы шешу мүмкіндігін қарастыруды сұрайтынын тағы да айтты. Ол шағымданушыға үш миллион теңгеге үй іздей беруді ұсынғанын жеткізді. Компания заңгері ұсынылған үш миллион – нақты бекітілген сома емесін айтты.

– Ол жер – батпақты аймақ саналады. Шығын мөлшерін түсіне алмай отырмыз. Біздің мақсатымыз – балаларға көмектесу. Біз мәселені бейбіт түрде шешкіміз келеді. Меніңше, біз көңілге қонымды ұсыныс айтып отырмыз. Мен ол үйді көрдім, жағдайы нашар. Бірақ біз келтірілген зардапты өзіміз бағалай алмадық. Ондай үйге ұсынылған өтемақы қомақты деп ойлаймын, – деді сотта «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бас директорының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Алексей Агуреев.

Бұған дейін компанияның сумен қамту цехының бастығы сотта «су тарату жүйелерінің қызмет ету мерзімі өткенін, құбырлар жиі жарылатынын» айтқан. Оның сөзінше, Цуприковтар үйін су басатын кезде суды тоқтатып қоюға болмайтын құбырлардың бірінен су кеткенін айтады. Жауапкер Цуприковтар үйін су басқанына өзін кінәлі деп санамайды.

Цуприковтар отбасының үйін биыл наурызда құбырдан аққан су басқан. Шығын мөлшерін бағалаған компания өкілі бұған дейінгі сотта үйдің тұруға жарамайтынын және жөндеуге де келмейтінін айтқан.  

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.