22-11-18 |
1650 рет қаралған
Ресей әскери барлауының басшысы қайтыс болды.
Ресей қарулы күштері бас штабы басқармасының бастығы (Ресей әскери барлауы немесе ГРУ) Игорь Коробов 62 жасында «созылмалы ауыр сырқаттан» қайтыс болды. Бұл туралы 21 қарашада ресейлік ақпарат құралдары Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлады. Министрлік Коробов өлімінің мән-жайы туралы өзге ақпарат бермеді. 

Коробов Ресей әскери барлауына 2016 жылы басшы болған. Қорғаныс министрлігі оны «тамаша адам, Ресейдің сенімді ұлы және отанының патриоты» деп атады.

Игорь Коробовқа дейін әскери барлау қызметін басқарған Игорь Сергун 2016 жылы қаңтарда қызметінде жүріп қайтыс болған. Ресми дерек бойынша, ол Мәскеу түбінде жүрек талмасынан көз жұмған. Алайда, АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздері оның Ливанда қайтыс болғанын айтады.

Ресей әскери барлау қызметі соңғы жылдары бірнеше рет дауға ұрынып, АҚШ пен Еуропа елдерінде тергеуге іліккен. Ұлыбритания билігі Ресей әскери барлауын Солсбериде ресейлік бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальді уландырып өлтірмек болды деп айыптайды. Ресей әскери барлауын сонымен қатар бірнеше ел хакерлік шабуыл жасап, сайлауға килікпек болды деп айыптайды. Ресей мұның барлығын жоққа шығарады.

АҚШ Коробов пен Ресей әскери барлауының бірнеше қызметкеріне «Ресей үкіметі атынан киберқауіпсіздікке қатер төндіретін әрекет жасағаны үшін» санкция салған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.