15-11-18 |
1320 рет қаралған
Өзбекстан оппозициясының Шымкенттегі құрылтайы өтпей қалды.
Қарашаның 15-і күні Өзбекстанның оппозициялық «Бирдамлик» («Бірлік») xалықтық-демократиялық қозғалысының Шымкенттегі «Достық» қонақүйінде өтеді деп жоспарланған екінші құрылтайы өтпей қалды xабарлайды Азаттық тілшісі.

Халықтық-демократиялық қозғалысының құрылтайы жергілікті уақытпен сағат 09:00-де басталуы керек болған. Белгіленген уақыттан жарты сағат бұрын барған Азаттық тілшісіне қонақүй қызметкерлерінің айтуынша, жиын өткізуге тапсырыс қабылданған. «Жиынның неліктен өтпей қалғанын білмейміз. Кешегі күнге дейін зал бронда болған» деді олар.

Азаттық тілшісі барғанда «Достық» қонақүйінің маңын ондаған полиция қызметкері күзетіп тұрды.

«Бирдамлик» xалықтық-демократиялық қозғалысының жетекшісі Баxодир Хон Туркистонның (Чориев) Азаттыққа айтуынша, Алматыдан Шымкентке құрылтайға келе жатқан он шақты адамды Жамбыл облысы аумағында белгісіз адамдар ұстап, Қордай шекара бекеті арқылы Қырғызстан аумағына шығарған. Өзбекстаннан келе жатқан шамамен елуден аса адамды түрлі себеппен Қазақстан аумағына өткізбеген.

– Біз «Бирдамлик» xалық демократиялық қозғалысының екінші құрылтайын өткізбек болдық. Құрылтайда қозғалыс «Бирдамлик» xалық демократиялық партиясына айналуы керек еді. Партияның жаңа басшысын сайлау, бағдарламасын құру, жұмыс тәртібін анықтау жоспарланған. Кешегі күнге (14 қараша – ред.) дейін еш кедергі болған жоқ. Бізді ұстаған азаматтар ешнәрсе айтпастан Қырғызстан шекарасына алып барды. Меніңше, құрылтайды өткізбеуге Өзбекстан өкіметі ықпал етті, – дейді ол.

Баходир Хон Туркистонның айтуынша, Шымкенттегі құрылтай 15-16 қараша күндері өтеді деп жоспарланған. Ол қазір құрылтайды Бішкектен Telegram желісі арқылы онлайн режимде өткізіп жатқанын айтты.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің баспасөз қызметі Азаттыққа бүгін таңертең шекара бекеттерінен түскен мәлімет бойынша, соңғы тәулік ішінде «шекара қызметкерлері Қазақстан аумағында бір ел азаматтарын ұстап, үшінші елге шығарып жібермегенін» айтты.

Оқи отырыңыз: Өзбектердің «виртуалдық сайлауы»

«Бирдомлик» халық демократиялық қозғалысының құрылтайы Шымкентте өтетін Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық алғашқы форумымен тұспа-тұс келіп отыр. 15 қарашадағы бұл форумға екі ел вице-премьерлері қатысады деп жоспарланған.

Биыл жазда ресми Ташкент «Бирдамлик» халық демократиялық қозғалысының жетекшісі, эмиграциядағы Баходир Чориевтің туысы Бабур Хасанның Өзбекстанға кіруіне рұқсат бермегені хабарланған.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.