28-05-19 |
4880 рет қаралған
Әнуар Нұрпейісов: «Халықтың пікірімен санаспайтын билік бізді өзі оятты».
Әнуар Нұрпейісов: «Халықтың пікірімен санаспайтын билік бізді өзі оятты»

Әлеуметтік желілерде бір топ жас актерлар, блогерлер және белсенділер #менояндым хэштегімен видеоролик жариялап, флешмоб бастады. Бұл видеоролик арқылы жастар Қазақстандағы саяси жүйеге қарсылықтарын қөрсетеді. Шараны қолдаған әлеуметтік желі қолданушылары осы хэштегпен мыңдаған жазбалар жариялап, белсенділік танытып жатыр. Қазіргі уақытта инстаграм желісіндегі жазбалардың саны 5 мыңға жуықтап қалды.

Осы орайда біз флешмоб авторларының бірі, белгілі актер Әнуар Нұрпейісовпен сұхбаттасқан едік. 

Араша: Әнуар, #менояндым хэштегімен флэшмоб ұйымдастыру идеясы қалай пайда болды?

Әнуар Нұрпейісов: Бұл идеяның қайдан шыққанын мен өзім де білмеймін. Оянатын уақыт келді. Бір күні ролик түсіру туралы идея келді. «Оянған» адамдардың басын біріктіріп, осындай ролик түсіру керек деп ойладық.

Араша: Сіз сонымен қазіргі саяси жүйеге қарсылығыңызды білдіргіңіз келді ғой.

Әнуар Нұрпейісов: Енді ол түсінікті ғой.

Араша: Флешмобтарыңыздың әлеуметтік желідегі қаралымы мен таралымына көңіліңіз тола ма?

Әнуар Нұрпейісов: Шыны керек, соншалықты қаралым болады деген тіпті үміт болған жоқ. Бірақ бұл идеяға жақсы сендік. Өйткені билік протестік көзқарастағы адамдар аз деп есептейді. Ал біз #менояндым деген хэштегі арқылы адамдарды біріктіріп, билікке наразы халықтың қаншалықты екенін көрсеткіміз келді.

Араша: Ал сіз халықтың саяси белсенділігін қалай бағалайсыз?

Әнуар Нұрпейісов: Әсіресе 19 науырызда бірінші президент өз орнын босатып, оның есімін Астана қаласына бергеннен кейін халық оянды. Қазір халық шаршады. Елдің пікірімен санаспайтын билік бізді өзі оятты.  Астанада тұратын азаматтар өздерінің қарсылықтарын көрсетуде әлі де белсенді емес. 

Араша: Сайлау қалай өтеді деп ойлайсыз?

Әнуар Нұрпейісов: Мұны келесі бейнероликтерімде көрсетемін.

Араша: Яғни, осы іспеттес видеоролик түсіруді жалғастырасыздар ғой.

Әнуар Нұрпейісов: Иә, әрине.

Араша: Қазақ тілді желі қолданушылары сіздерді «орыс тілділер» деп атап жатады. Бұған не дейсіз?

Әнуар Нұрпейісов: Айта берсін. Керек болса қазақ тілінде де жазамыз, қазақ тілді аудиторияға да таратамыз. Шыны керек, біз орысша ойлаймыз. Яғни, біз біріншіден, өзіміз ойлайтын тілде айтуымыз керек. Егер біз бірден қазақ тілінде видео түсірсек, онда біз өзімізге пиар жасаған сияқты болып қаламыз. Сондықтан біз бірінші өзіміздің аудиториямызды бастамаға қаратып алғымыз келді. Екінші қазақ тілді аудиторияны қаратуға тырысамыз. Егер керек болса…

Араша: Керек пе?

Әнуар Нұрпейісов: Әрине, керек.

Араша: Рахмет, Әнуар!

СұхбаттасқанБалжан Жеңісқызы, arasha.kz

#менояндым хэштегімен видеороликті төменде ұсынып отырмыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.