26-10-23 |
2160 рет қаралған
«Қазақ қоғамын құқықтық сауатты ететін – қазақтілді заңгерлер».
«Қазақ қоғамын құқықтық сауатты ететін – қазақтілді заңгерлер»

Аймақтардағы халықтың құқықтық сауаты қандай? Заңгерлер азаматтардың мүддесін қорғауда қандай қиындықтармен бетпе-бет келеді? Өңірлердегі құқықтық жағдайды білу үшін заңгер, медиатор, «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент филиалының басшысы Айжан Кесебаевамен сұхбаттасқан едік.

– Айжан Өмірзаққызы, аймақтағы азаматтардың құқықтық сауаттылығы қандай?

– Өз тәжірибемнен айтар болсам, халықтың заман ағымына, қоғам талабына орай көзі ашылып келе жатыр. Бүгінгі күні айналамыздан құқықтық сауатымды арттырсам, көрсем, білсем деген оң үдерісті байқауға болады. Алайда, жасанды интеллект, жаңа технологиялардың әсерінен де мысалы интернет алаяқтық секілді құқық бұзушылықтар түрленіп, алаяқтар адам ойына кіріп шықпайтын амал-айлаларды ойлап табуда. Осы ретте айтарым – халық денсаулығына тікелей дәрігерлер жауапты болса, білім беру ісінің басы-қасында мұғалімдер жүреді, сол  секілді, халықтың құқықтық сауаттылығын көтеру тікелей заңгерлерге байланысты дер едім. Сол себепті заң саласында жүрген әріптестерім өз мамандықтарына бизнес, табыс көзі деп қана емес, миссия ретінде қараса нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ қоғамын құқықтық сауатты ететін – қазақтілді заңгерлер. Осыны ұмытпауымыз керек және көп жұмыстануымыз керек. Өкініше орай, қазақ тілді әріптестерімнің басым көпшілігі, әрісере жас буын арест шешу, графикке қою деген қызметтерден ары аса алмай жүр.

– Қарапайым азаматтар заңгерлер қауымынан қандай мәселе бойынша жиі көмек сұрайды?

– Ең бірінші мәселе – қаржылық қатынастар, ақшамен байланысты туындайтын түйткілдер. Мерзімі өткен несие, қорқытып-үркітіп жатқан коллекторлар, тиімді несие рәсімдеу, мемлекеттен қайтарымсыз грант алу жолдары және т.б. сияқты сауалдармен жүгінетін адамдар баршылық. Екіншіден, отбасылық мәселелер. Бүгінгі қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала асырап алу, ажырасу, алимент мәселелері өршіп-ақ тұр. Үшіншіден, онлайн бизнес өкілдері көптеп жүгініп жатыр соңғы уақытта. «Онлайн жарнама мен онлайн платформалар» туралы заң қабылданғалы бері онлайн курс сататын эксперттер, блогерлер өз қызметін барынша сақтандыруға, заңдастыруға тырысуда. Себебі, өз елімізде де, шет мемлекетте де салық төлемеген, өз қызметін заңдастырмаған, жалған жарнама жасаған блогерлердің сотталып жатқанын олар да көріп отыр. Мысалы айтсам, осы бір айдың ішінде жиырма шақты блогер, эксперттер құқықтық көмекке жүгінген. Және төртіншіден, әрине әділдік іздеген халықтың мемлекеттік органдарға деген шағымы көптеп түседі. Бұл ретте біз уәкілетті органдарға арызданып, азаматтардың мәселелерінің заңды және оң шешім табуына барынша көмек көрсетеміз.

– Тегін заңгерлік көмек көрсетуде мемлекеттік органдар белсенді ме?

– Ашық есік күндері, арнайы ұйымдастырылған акция, науқандар кезінде болмаса, мемлекеттік органдар үнемі тегін құқықтық көмек көрсетеді деп айта алмаймын. Тіпті кейде интернеттегі байланыс нөмірлеріне хабарласып, байланыса алмай жатамыз. Негізі халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімі неге төмен? Себебі мемлекеттік органдарда әлі де болса ашықтық жоқ, көбіне шаралар мен жиындарды халық үшін емес, есеп үшін жасайды. Әрине мемлекеттік қызметшілердің жұмыс күші де жетпей, үлгермей жатқанына куәгерміз. Бірақ қазір жасанды есептерден халық шаршады. Халыққа шынайылық, ашықтық керек. Әлеуметтік желіні белсенді жүргізіп, өз жұмысын халыққа көрсетіп, халықпен кері байланысты тікелей өзі жасап, етене араласып жүрген мемлекеттік қызметшілер бар ма? Саусақпен санарлықтай ғой мысалы. Мемлекеттік органдар тарапынан осындай алшақтық болған себепті де халық өзінің өтінішін, наразылығын, базынасын блогерлерге, жеке заңгерлерге немесе қоғам өкілдеріне айтқанды жөн көреді.

– Мемлекеттік органдар жұмыс барысында көбінесе қандай құқықбұзушылықтарға жол береді?

– Біздің қызметіміз барысында байқағанымды айтайын. Мемлекеттік орган тарапынан жіберілетін заңсыздықтардың басым көпшілігі – мемлекеттік сатып алу саласында. Елімізде әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы – мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жасалады екен. Қоғамдық мониторинг жасайтын эксперт ретінде мен де растай аламын бұл ақпаратты. Сатып алу әдісін заңсыз таңдау, есептілікті уақытылы толтырмау, сапасыз жұмысты қабылдап алу, кепілдік мерзімі аясында қалпына келтіруді талап етпеу, мемлекет қаражатын тиімсіз жұмсау, нарық бағасынан қымбатқа сатып алу… Айта берсем көп. Мысалы, тек қана Шымкент қаласы бойынша айтатын болсам, жыл басынан бері біздің филиал тарапынан мониторинг жүргізу нәтижесінде мемлекеттік сатып алу порталындағы заңсыздықтар үшін 29 лауазымды тұлғаға 8 073 000 теңге көлемінде айыппұл салынды, 34 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылды. Мемлекет қаржысының 35 815 7474 теңгесін үнемдеуге мүмкіндік жасадық.

– Заңгерлер көрсететін ақылы кеңестер халықтың қалтасына сай ма?

–Ақылы көрсететін құқықтық қызметтердің барлығы қарапайым халықтың қалтасына сай келе береді деп айту қиын. Әсіресе алыстағы, ауылдағы қарапайым шаруаға заңгерлік көмек тіпті қолжетімсіз. Себебі аудандық деңгейде сауатты, білікті заңгер жоқтың қасы, қалаға бару үшін бір күн мал-жанды тастап баруы керек, ақысын төлеу керек дегендей. Біз өзіміздің бірлестік тарапынан құқықтық кеңес, көмекті тегін көрсетеміз. Осындайда онлайнның пайдасы көп. Қазір интернет дамыған заман, үйден шықпай-ақ онлайн кеңес алуға болады. Мысалы жыл басынан бері 203 адамға тегін құқықтық көмек көрсетсек, соның 70 пайызын онлайн жүзеге асырдық. Өз құқығын қорғағысы келген азаматттар осындай мүмкіндікті жіберіп алмауы керек. Сонымен бірге, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, азаматтар күдікті ұсыныстардан, жеңіл табыстардан, оңай олжадан алыс жүргендері абзал. Көлденең пайданың түп-төркінін тексеріп алмай ақша салудың соңы алдануға ұласатын кездер аз емес. Сондықтан азаматтардың құқықтық сауатын көтеру бағытындағы жұмыстар бір сәт те тоқтамауы тиіс. Азаматтардың алданбай, пайдалы іспен айналысып, өмірін дау қуумен, сотқа салдалумен өткізбегені мемлекет үшін де тиімді болса керек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.