18-07-23 |
700 рет қаралған
«Конституциялық реформа – қауіпсіз қоғам, әлеуметтік саясат».
«Конституциялық реформа – қауіпсіз қоғам, әлеуметтік саясат»

Жаңа Қазақстан жарияланған тұста жалпыхалықтық референдум өтіп, конституцияға көптеген өзгерістер енді. Содан бастап, біз жаңа конституциямен өмір сүріп жатырмыз. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовамен қысқа сұхбатта сол конституцияға енгізілген өзгерістер сөз болады.

Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты:

–Конституцияға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бір жыл ішінде не өзгерді?

–Ата заңымыз Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі референдумның тарихи маңызы зор деп ойлаймын. Оны Референдум өткеннен кейінгі Конституциялық реформаның негізінде жүзеге асырылған өзгерістер мазмұны айқындайды. Мәселен, Шілде айында өңірлерді аралап, халықпен кездестік. Мысалы, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Эмбі қаласының әкімі конституциялық реформаның негізінде әкімдердің сайлауында жеңіске жеткен тәуелсіз кандидат екен. Бұл жаңартылған «Сайлау туралы» конституциялық заңда аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлауға қатысты енгізілген және қабылданған нормалар арқылы мүмкін болғандығын мойындағанымыз абзал. Енді Конституциялық реформаның негізінде азаматтар облыстардағы 170 аудан мен 38 облыстық маңызы бар қала әкімін өз бетінше сайлайды. Бұл Референдумның басты мақсаты – азаматтардың мемлекеттік органдарды құру мүмкіндіктерін кеңейту, саяси процестерге кеңінен тартылуы арқылы халықтың жүріп жатқан процестерге ықпал етуін қарастырады. Яғни, Эмбі қаласының Әкімі болу құзыретін Эмбі қаласының тұрғындары өз дауыстарын беру арқылы шешті. Ендігі кезекте азаматтарды жаңа саяси мәдениетке баулу, өзінің азаматтық жауапкершілігін сезінуге үйрету керек деп ойлаймын. Сол Эмбі қаласының сайланған Әкімінен өмірдің сапасын жақсартуды талап ету, қаланың бюджетінің ашықтығын талап ету арқылы әрбір қазақстандықтың еліміздің тағдырын шешуге тікелей қатысу мүмкіндігін толық пайдалануы қажет деп ойлаймын. Себебі, Биліктің қайнар көзі – халық. Президентке деген халық тарапынан қолдау үлкен екендігін осы сапарда тағы да көз жеткіздік. Бүгінде біздің қоғамдағы және әлемдегі жағдай өзгеруде. Жалпы, қоғам ретінде саяси инфантилизмнің екі түрін бастан өткердік деп айтсам қателеспеймін: «біз үшін бәрін шешеді», сол арқылы – «бәріне басқалар кінәлі» деген патерналистік ұстанымдар болды. Бұл проблемадан арылу үшін әрине білімге ұмтылу, сана-сезімді, саяси мәдениетті және мінез-құлықты өзгерту керек, ол мемлекеттік жүйені жетілдіру арқылы және саяси модернизацияны белсенді жүзеге асыру арқылы мүмкін болды. Өзгерістер әрбір азаматтың өмірі мен тұрмысында оң көрініс табуы үшін қоғамдық бақылау теткітерін жетілдіру қажет деп ойлаймын. «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жобасына «Самұрық-Қазына» әл-ауқат Қорына, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев Университетіне қоғамдық бақылау енгізілді. Бұған дейін ондай нормаларды Заңға енгізбек түгілі армандау мүмкін емес еді. Бұл өзгерістер Конституциялық реформалардың негізінде мүмкін болды. «Заңсыз иемденген активтерлі қайтару туралы» қабылданған Заң да және Мәжілісте қарастырылып жатқан «Жер қойнауын пайдалануға» байланысты Заң жобасы да конституциялық реформалардың жемісі.

Конституциялық реформа нәтижелі болуы үшін тыңбай заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстарын белсенді атқаруымыз қажет. Ең бастысы, Конституциялық реформа – қауіпсіз қоғам, әлеуметтік саясат, заң алдындағы теңдік, мүмкіндіктер теңдігі құндылықтарын қалыптастырып, дамытудың негізгі факторы ретінде оң нәтижесін бере бастады деп ойлаймын.

–Референдумнан кейін Парламент сайлауы өтті. Бұл сайлаудың бұрынғыдан ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

–Алдымен, Конституциялық реформа Президенттің жергілікті атқарушы билікке ықпал ету, саяси партияға мүшелігі және отбасы мүшелерінің билікке араласпауы, басқа да өкілеттіктерін шектеу нормаларын қамтығандығын айтқым келеді. Негізгі өзгерістер адам құқықтарын қорғау және сайлау жүйесіне қатысты болды. Алғаш рет Конституциялық Сот және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылданды. Конституциялық реформа адамдардың құқығын қорғау институттарының ерекше мәртебесін Заңмен айқындады. Мемлекет халықты тыңдауда, қоғамның мүддесі мен сұранысын ескеруде мемлекеттік саяси институттарды дамыту арқылы қадамдар жасап келеді.

Парламенттің депутаттық корпусты қалыптастыру тетігі айтарлықтай өзгерді. Президент реформаларының нәтижесінде Парламенттің рөлі де, мәртебесі де күшейді. Биылғы Сенат пен Мәжіліс сайлауы елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды. Бүгінде проблема туындаса халық алдымен депутатты іздейді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде 6 саяси партиясының фракция депутаттары және бір мандатты округтерден сайланған депутаттар парламентаризм тарихында алғаш рет заң шығару және халықтың мұң-мұқтажы, талап-тілектерін орындауға байланысты шешімдер қабылдауға атсалысуда. Депутаттық сауалдардың көптігі, көтерілген мәселелердің алуандығы, депутаттардың комитет отырыстарындағы белсенділігі ерекше.

Жалпы, Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды. Ең өзекті заң жобалары депутаттардың бастамасымен әзірленуде. Депутаттар бастамашы болған заң жобаларының ішінде – заңсыз алынған активтерді қайтару, сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері, кәсіптік біліктілік туралы заңдар бар.

Аралас жүйе арқылы Мәжіліс пен облыстардың мәслихаттары сайланды. Мысалы, облыстардың Алматы, Шымкент және Астана қалалары мәслихаттарының жартысын партиялық депутаттар құраса, екінші жартысын бір мандатты округтардан сайланған партиялық емес депутаттар құрайды. Бұл өте маңызды өзгеріс деп білемін, өйткені аталған өзгеріс азаматтардың депутаттарды сайлау мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, әрбір қазақстандыққа сайлану мүмкіндігін берді. Бұл нормалар жергілікті жердегі жағдайды түбегейлі өзгертті. Өңірлердің дербестігін арттыруға, жергілікті бюджетті сапалы әрі тиімді қалыптастыруға ықпал етуге және оның орындалуын бақылау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді. Түйіндеп айтқанда, Мемлекеттік саяси биліктің түбегейлі жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Президенттің биліктің монополиясын болдырмау жөніндегі дәйекті саясаты азаматтық белсенді қатысудың жүйесін қалыптастырып, дамытуда.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.