06-12-21 |
530 рет қаралған
Өзбекстан мен Қазақстан одақтас мемлекеттер болды.
Өзбекстан мен Қазақстан одақтас мемлекеттер болды

Өзбекстан президент Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл оның Өзбекстандағы президент сайлауында жеңіске жетіп, екінші мерзімге сайланғаннан кейін алғашқы мемлекеттік сапары.

Мирзиёевті әуежайдан президент Қ.Тоқаев күтіп алды. Екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, БАҚ бірлескен брифинг өткізді.

Өзбекстан мен Қазақстан арасында одақтастық қатынастар туралы Декларацияға қол қойылды. Сарапшылар бұл құжаттың маңызды екенін айтып жатыр. Бұрын екі ел стратегиялық серіктес елдер ретінде өзара қарым-қатынасын дамытып келсе, енді ол жаңа деңгейге көтерілді.

«Біз бүгін одақтастық қатынастар туралы Декларацияға қол қоямыз. Бұған дейін стратегиялық серіктестік қағидаларына сүйеніп келген болсақ, алдағы уақытта біздің өзара қарым-қатынастарымыз шын мәніндегі жаңа деңгейге көтеріледі. Сондықтан бүгін қол қойылатын құжаттар елдеріміздің арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп есептеймін. Біз үкіметтерімізге жақын арада сауда көлемін 5 миллиард долларға, кейінірек 10 миллиард долларға дейін жеткізу туралы тапсырма беруге уағдаластық. Бұл өте жоғары деңгей, – деді Қазақстан президенті.

Өзбекстан президенті де екі ел арасындағы қатынастарды жоғары бағалаған.

– Біз көп қырлы ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері бойынша мүдделеріміз бен ұстанымдарымыздың ортақ екенін тағы да дәлелдедік. Елдеріміз арасында орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Жаңа ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтарымыздың осы сапарға ризашылық танытып жатқанын айтты. Шын мәнінде, шекара маңындағы екі елдің де тұрғындары қатты қуанады. Себебі біз жиі кездескен сайын өзара қатынастарымыз жақсара түседі. Машина жасау, энергетика, электротехника, химия, жеңіл өнеркәсіп, банктер және басқа да салардағы кооперация бойынша сәтті шыққан жобаларымыз бар, – деді ­Өзбекстан Президенті.

Декларацияда бауырлас екі мемлекеттің өте маңызды мәселелері мен ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері және көп қырлы қарым-қатынастары көрініс тапқан.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.