22-01-19 |
6460 рет қаралған
Емдеймін деп елді алдайтындарға заңмен тыйым керек пе?.
Емдеймін деп елді алдайтындарға заңмен тыйым керек пе?

«Жынын шығарамын деп жанын шығарды». Жақында осындай тақырыптағы материал сайттан сайтқа көшіп, талқыланған-ды. Оған арқау болған оқиға мынандай: Алматы облысында айықпас әрі түсініксіз дертке душар болған 28 жастағы жігітті жақындары жын кіріп кетті ме екен деген күдікпен емшіге емдетуге апарады. Өйткені, бірде отын шабамын деп қолын шапқан, бірде көліктің астына түспек болған, қарадан қарап қараңғыға тығыла беретін жігітті емдеуге медицина да шарасыз болған. Емшіге апарғандары да сол шарасыздық. Бірақ, емшіге бірнеше барғаннан кейін ол белгісіз жағдайда көз жұмады. Ал, бұл үшін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлімі (Денсаулыққа қасақана ауыр зардап келтіру арқылы адам өліміне соқтыру) бойынша іс қозғалып, құзырлы органдар 63 жастағы емшіні күдікті ретінде қамауға алады. Кейіннен емші қолхатпен босап шығады. Өмірден озған жігіттің туыстары болса емшінің кінәсі жоқтығын, оның сотта ақталуына барынша атсалысатындарын айтып әлек. Оқиғаның ұзын-ырғасы осындай.

Мұны мысал етудегі сөз етпегіміз не?! Бақсы-балгер, сәуегей, емші дейтіндер ел ішінде көп-ақ. Бірі жын шығарады, бірі тағдырыңа бал ашады, жол ашады және тағысын тағы. Иә, Ислам дінінде жын-пері ұғымдары бар екенін, олардан адам қорғануы үшін оқылатын арнайы дұғалардың бар екенін, жын әлемі пенделермен қатар өмір сүретіні айтылатынын жоққа шығармаймыз.

Алайда, адам жанын жыннан тазартып, медицина емін таба алмаған дертке дұғаларымен Алладан дауа сұрайтын қасиет екінің біріне қона бермесі анық. Соған қарамастан, халық көп жүретін жерлерде (базар, вокзал маңдары) құмалақ ашамын деп өткен-кеткенді торғайды арбаған жыландай өзіне шақырып отыратындар аз емес. Үйлерінен арнайы бөлме ашып, адам қабылдап отырғандары қаншама. Екі-үш жыл бұрын Аралдан шыққан «емші бала Ербосын» ел есінде болар. Небәрі мектеп жасындағы оқушыға «Үкілі бала» деп ат қойған жұрт қолындағы қамшысының «қасиетіне» сеніп ағылды сонда. Еуразия телеарнасындағы «Кеш қалмайық» бағдарламасы оны қонаққа шақырып (рейтинг үшін), титтей баланың студияда білдей имамдардың бетінен алғаны бар еді. Кейіннен оның алаяқ екені айтыла бастады. Тіпті, адамның сөзіне, іс-әрекетіне қарап баға беретін проффайлинг мамандарға бейнежазбаларын бағалатып, олар «кәсіби алаяқ» деп түйді. Қала берді, ем іздеп Ербосынға барамын деп ауруханадағы ем-домынан қол үзіп алып, қайтыс болғандар туралы жазбалар да сол кезде сайттарда жарияланған-ды. Бұлар бізге белгілілері ғана. Мұндайлардың беймәлімі қаншама. Шарасыз күйге түскен адамдардың сенім әлсіздігін пайдаланып, елде жоқ күшпен емдеймін деп ақша табатындар жоқ емес. Сол баяғы соқыр сенім. Ондайлар діннің, Алланың да атын жамылудан тайынбай жатады кейде.

Негізгі айтпағымыз, көрші Ресейде мұндайларға заңмен тыйым салынбақ екен. Мемлекеттік Думадағы «Біртұтас Ресей» партиясының депутаты Виталий Милонов сондайлардың сауықтыру мақсатында қызмет көрсетуіне және олар жайлы жарнамалар беруге тыйым салатын заң жобасын әзірлеген. Заң жобасы Мемдуманың қарауына жақын арада ұсынылмақ. Соған сәйкес «Ресей Федерациясы азаматтарының денсаулығын сақтау негіздері» және «Жарнама туралы» федеральды заңдарына тиісті түзетулер енгізілуі мүмкін. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстерінен де осындай іс-әрекетке жол бергендерге әкімшілік жаза белгілейтін өзгеріс көрініс тауып қалуы ғажап емес. Депутаттың айтуынша, кәсіби психологтар мен медицина қызметкерлерінен айырмашылығы, дуагерлер мен емшілер нәтижеге кепілдік береді де, бірақ онысы үшін өздеріне ешқандай жауапкершілік алмайды. Ал, қазіргі ресейлік заңнамада ондай қызмет түрлерін реттейтін құқықтық нормалар жоққа тән екен. Осы олқылықтың орнын толтыру, Ресей азаматтарын әлгіндей дүниелерден қорғау – заң жобасын әзірлеудегі басты мақсат.

Ал, мұндай шектеуді бізде де енгізу қажет пе? Өйткені, әлгіндейлерге сенемін деп әлекке түсетіндердің тізбегі жалғаса беретіні даусыз. Сондықтан, кейде соңы алдау-арбауға, алаяқтыққа ұласып жататын мұндай іс-әрекеттерге бәлкім құқықтық тұрғыдан баға беретін кез келген шығар…

Қайрат ЖОЛДЫБАЙ, белгілі дінтанушы, Нұр-Мүбәрак мешітінің бас имамы:

– Бұған заңмен тыйым салуға болатыны не болмайтыны – күрделі мәселе. Өйткені, метофизикалық нәрсе болғаннан кейін бұлар көзбен көріп, қолмен ұстап, белгілі бір заң шеңберіне тығуға келмейтін нәрселер.

Бірақ, енді іс-әрекеттерінде адамдарды алдау, афиора, әртүрлі жолдармен ақшаларын бопсалау кездесетін болса, оған бөлек заң бар. Оны анықтап, сол бойынша заңға тартқан дұрыс. Бөлек заң арнау, мен заңгер емеспін, алайда қиындау болады деп топшылап тұрмын.

Емшілерге келсек, кез-келген емшімін деген көлденең көк атты емші атануға құқылы болмауы керек. Оның арнайы лицензиясы болуы тиіс. Лицензия беретін мемлекеттен арнайы комиссия құрылуы қажет. Сол комиссия емдеу тәсілдерін зерттеп, ол тәсілдердің шығуға болмайтын шеңберін көрсетіп, белгілі бір ережелермен реттеп берсе, емшілердің емін қолдануға болады деп есептеймін. Себебі, дұға оқып Құранмен емдейтіндер бар және бұл ата-бабамыздан келе жатқан дүние. Суға оқып емдеу, әртүрлі дәрілік шөптермен емдеу, дем салу – мұның бәрі шариғатта бар. Сондықтан, жалпы емшілерге тыйым салып тастаса, медицинаның шамасы жетпейтін кейбір рухани мәселелер болады, соларға да тыйым салған болып шығады. Жаппай тыйым салатын заң шығарудың осындай кері әсерлері бар. Сол үшін оларға лицензия шеңберінде рұқсат беру керек.

Ал, көріпкелдік, бақсылық және оларға сену-сенбеу адамдардың өз құқығындағы мәселе. Әрине, көріпкелдік, біреудің болашағын болжап беру, құмалақ салу дегендер дін бойынша дұрыс емес. Алайда, қазіргідей жаһандану дәуірінде оған заңмен тыйым салып тастау күрделі іс.

Жаппай емес, ондай іс-әрекеттерді жеке-жеке саралау керек. Сонда іс-әрекетінде алаяқтық, біреуді бопсалау, алдау, сеніміне кіріп ақшасын алу амалдары байқалса, сонысына қарай тыйым салу қажет. Ақшасына, мүлкіне, денсаулығына, психикасына зиян келтірсе, оның бәрі сараптамамен анықталып, соған лайықты жаза берілсе, ол дұрыс.

Айбар САҚ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.