22-02-19 |
3180 рет қаралған
«Үкіметті отставкаға жіберуге түрткі болған халықтың наразылығы».
«Үкіметті отставкаға жіберуге түрткі болған халықтың наразылығы»

Үкіметтің отставкаға кетуі бір жағынан аса тосын жаңалық емес. Қалыпты жағдай. Өйткені, Үкіметті кім мәңгі басқарады дейсіз?!

Алайда, қанша дегенмен, мұқым республиканың тамырына қан жүгіртіп отыруға, тұрмыс-тіршілігіне жауапты тұтас Үкіметтің отставкаға кетуі назарды бұрмай тұрмайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша, ендігі экс-премьер-министрге айналған Бақытжан Сағынтаев мәлімдеме жасады. Тәуелсіз мемлекетті аз уақытта осындай деңгейге жеткізу оңай еместігін айтып, бұл жолдағы Елбасының еңбегін еске салды. «Өткен екі жарым жыл бойы Үкімет тізгінін тапсырып, жоғары сенім білдіргені үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шынайы алғысымды білдіремін», – деді мәлімдемесінің соңында. Иә, елге емес, Елбасыға алғыс айту да біздің шенеуніктеріміз үшін қалыптасқан «дәстүрге» айналғалы қашан. Соған қарағанда, ол кісілер үшін халықтың оларға сенгені не сенбегені маңызды емес-ау, шамасы.

Енді Үкімет басына кім келетінін кім білетіні бәріңізге мәлім. Ал, Сағынтаев басқарған Министрлер кабинеті неліктен, қай кемшілігі үшін таратылды?! Бізге «қызығы» осы. Бұл «кабминнің» отставкаға кетуіне басты себеп – қорқақтығы болса керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, Елбасы қаңтарда оларға қаһарын төккені есте. Жұмыстарындағы олқылықтарды айта келе Мемлекет басшысы «Сендер үкімет немесе министр емес, қорқақсыңдар…» деп сөккен болатын. Мұндай қорқақ Үкіметтің керегі не деген шығар?!

Аталмыш отырыстан кейін бұл Үкімет ұзаққа бармайтынын саясаттанушылар айта бастаған-ды. Олары ақыры ақпанда ақиқатқа айналды.

Әлгі отырыстан бес күн өткен соң Астана іргесіндегі елдімекенде времянка өртеніп, бір үйдің бес бірдей қызы отқа оранды. Алдында ғана Елбасы жинап алып сілкілеген шенеуніктерді әлгі қайғылы оқиғадан есеңгіреген, ашынған ел жерден алып, жерге салды. «Көп балалы отбасыға көңіл бөлінсе, елге әлеуметтік жағдай жасалса, әлгі бес қыздың анасы түн жарымда жұмысқа кетіп, періштелерінен айырылмаған болар ед» деп ашынған аналар жоғарыға батыл талап қойып, бас көтерді. Әкімдіктерге барып, шу шығарды.

«Қашайын деп тұрған киік ед, артынан таяқ тиіп ед» демекші, Сағынтаев басқарған Үкіметтің таратылуына осы жағдай да түрткі болған секілді. Себебі, Елбасы да кешегі мәлімдемесінде тиісті қаржы бөлінгенін айта келіп, «Алайда, сонда да жүйелі жұмыс жасалмады. Халықтың шынайы табысы өскен жоқ (алдында Қазақстанда әрбір отбасы орташа 500 мың теңге табыс табатынын айтқан-ды). Отбасы бюджеттерінің азық-түлікке шығыны өсіп барады. Атқарушы органдардың формальды іс-әрекеттерінің нәтижесінде халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы мекенжайлық әлеуметтік көмекпен қамтылған жоқ» деді.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының алдағы съезінде осы мәселеге байланысты бірқатар нақты ұсыныстар енгізетінін, Ұлттық қор мен бюджеттен бөлінетін қыруар қаржы халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігінің өмірін жақсартуға, тұрғынжай жағдайын түзеуге жұмсалатынын айтып қалды.

Осылайша, елдегі түйткілдердің кінәсі «ескі» Үкіметке таңылып, ол таратылды. Ал, жаңа Үкімет қаншалықты жарылқайтынын көре жатармыз.

Сейдахмет ҚҰТТЫҚАДАМ, саясаттанушы:

– Сағынтаев басқарған Үкіметті отставкаға жіберуге түрткі болған ең бірінші халықтың наразылығы. Халық әбден шаршаған, тозған. Сосын, соңғы кезде әйелдер көтерілді. Қытайдан келіп жатқан басқыншылық және бар. Олар бәрін алып жатыр. Меніңше, негізгі мәселелер осылар.

Екінші, транзит деген мәселе бар. «Ағамыз» да біраз жасқа келіп қалды, 30 жыл басқарды, сондықтан кетуге дайындалып жатқан сияқты, меніңше. Кетуі де керек шығар. Себебі, көп отырып қалды.

Үшіншіден, бұл арада баяғы саяси ойын. Осы арқылы қоғамды алдарқату бұрыннан бар тәсіл.

Алайда, бұл жолы саяси ойынның уақыты кетті. Енді шынайы өзгеріс болып, шынайы ел басқаратын премьер-министр мен министрлер келмесе, халық енді тоқтамайды. Сондықтан, өзгеріс керек. Ең үлкен нәрсе, мәселен осы уақытқа дейін ер азаматтар шеруге шығып, талаптарын айтып келсе, осы жолы әйелдер кірісті. Бізде мұндай ешқашан болмаған. Әйел-аналар өте қатты ашынып, жылап шығып отыр. Өйткені, мәселе олардың балаларына, болашағына байланысты. Тұрмыс әбден тұралатқан. Кезінде Латын Америкасында «кәстрөл революциясы» деген болған. Ерлер шығып жүйені өзгерте алмаған соң, жаңағы революцияда әйелдер шыққан ғой. Сол себепті, әйелдер шықса – бұл енді үлкен мәселе. Оларды тоқтату қиын.

Сондықтан, мұның соңы неге апаратынын әзірге айту қиын. Бірақ, тағы баяғыдай әншейін орын ауыстыру саяси ойыны болса, онда халықтың көңілі толмайды. Билік осыны түсінуі керек. Бұрынғы Үкіметтің ары кетсе 30 пайыздай «жарамдысын» алып қалсын, 70 пайызы кетіп, орнына елді ойлайтын, беделді, сөзі өтімді жаңа адамдар келуі керек. Сосын, «ағамыз» да елге алғысын айтып, жайлап кетуі керек қой. Кезінде Ельцин де кетті. Ельцин елді нашар басқарды, бірақ жақсы кетті. Ешкім ойламаған жерден.

Егер Үкіметке премьер болып ештеңе бітірмеген баяғылардың біреуін қойса, онда ол өзгеріс емес. Ондай өзгеріске халықтың көңілі тоймайды. Бір анығы, «енді бәрі жақсы болады, 30 жылдан кейін, 50 жылдан кейін» деген секілді бұрынғыдай халықты алдау, жұбату ойындары енді жүрмейді. Халыққа мәселелері бүгін шешілуі тиіс. Себебі, қазір жағдай қиын. Мемлекет қарызы бойдан асты. Қазаққа тиесілі ешнәрсе қалған жоқ, бәрі сатылып кетті. Жастар баспанасыз, жұмыссыз жүр.

Айбар САҚ, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.