26-06-23 |
900 рет қаралған
Лукашенко Назарбаевпен сөйлесу арқылы Тоқаевты сыйламайтынын аңғартты – сарапшы.
Лукашенко Назарбаевпен сөйлесу арқылы Тоқаевты сыйламайтынын аңғартты – сарапшы

Кеше БАҚ-да Беларусь президенті Александр Лукашенконың экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы тілдесіп, Беларусь-Қазақстан қатынастарын талқылағаны хабарланды. Беларусь президенті баспасөз қызметінің Telegram-арнасы Лукашенко мен Назарбаев халықаралық саяси құбылыстарды, аймақтық оқиғаларды және Қазақстан-Беларусь қатынастарын талқылағаны жазылды.

Жалпы экс-президенттің Лукашенкомен екі елдің қатынасын талқылағаны қаншалықты орынды? Беларус басшысының Қасым-Жомарт Тоқаевқа хабарласпай, Назарбаевқа телефон шалуы нені аңғартады?
Экс-дипломат Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде Назарбаевтың Лукашенкомен сөйлесетін реті бар. Мәселен, Беларусия президенті Назарбаевтың қал-жағдайын сұрап хабарласса, онда тұрған ешқандай сөкеттік жоқ.

«Бірақ Беларусия басшысы экс-президентке ресми түрде хабарласып, екі жақты мәселені талқылағаны түсініксіз дүние. Біздің президентіміз бар емес пе? Егер ол екі жақты мәселені талқылағысы келсе, Тоқаевқа хабарласуы керек еді. Лукашенконың Назарбаевқа хабарласуының астарында қандай ой жатқанын түсінбеймін. Бұл мүлде логикаға сәйкес келмейді. Оның үстіне бұл дипломатияға қарама-қайшы. Назарбаев кезінде «зейнеттегі адаммын» деп ресми түрде айтты ғой. Жалпы бұл жағдай президент Тоқаевқа ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның беделіне кері әсер етеді. Заңды сайланған президентке хабарласпай, Назарбаевқа қоңырау шалу жақсылықтың белгісі емес. Демек ол халықты да менсінбей отыр деген сөз. Шыны керек бұл әрекет Қазақстан халқының намысына тиіп жатыр. Назарбаев қандай адам болса да, ол қазір билікте емес», – дейді ол.

Назарбаев пен Лукашенконың телефон арқылы сөйлесуі экс-президенттің билікке қайта келгісі келетінін аңғара ма? Экс-дипломат мұның негізсіз екенін айтады. Әйтсе де ол Назарбаев өзі тәрбиелеген шәкірттерінің бірін билікке әкелсе, таңғалмайтынын ескертті.

«Қазір Назарбаев өзі тағайындаған кадрлары билікте отыр. Демек өзі тәрбиелеген адамдар билікке келуі мүмкін. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Негізі Қазақстанның атынан президенттің тапсырмасы бойынша Сыртқы істер министрі келіссөз жүргізе алады. Кей кезде Үкімет басшысы немесе Сенат төрағасы шет елдің басшысымен сөйлесу мүмкін. Бірақ біздің шет елмен қарым-қатынасымызға президент пен Сыртқы істер министірі қана жауап бере алады. Лукашенко әуелі Тоқаевпен сөйлесіп, кейін Назарбаевпен сөйлесуі керек еді. Беларусь басшысы Назарбаевпен сөйлесу арқықы Тоқаевты сыйламайтынын аңғартты», – деді ол.

Ал саясаттанушы Дос Көшім Назарбаев пен Лукашенконың телефон арқылы сөйлескенінен ешқандай сөкеттік көрмейді. Оның айтуынша, бұл ескі достардың өзара әңгімелесуі болып саналады.

«Кейбір сарапшылар Ақорда мен Кітапхана деп бөледі. Бірақ мен Назарбаевты биліктен 2019 жылы кетті деп есептеймін. Мүмкін баяғыда араласқан достарымен жеке пікірлесу болуы мүмкін. Бірін бірі құттықтап, қал-жағдайын сұрасқанда тұрған ештеңе жоқ. Әйтсе де мемлекеттің ішкі жағдайын талқылайтын Назарбаевтың ешқандай статусы жоқ. Ал енді «Назарбаев орайы келсе, билікті қолына алғысы келеді» дегенге өз басым сенбеймін. Билік Тоқаевтың өзі айтқандай Назарбаевтың моделіне сай жүріп жатыр. Ұзын-сөздің қысқасы президент сол бағытты әлі күнге дейін жалғастырып келе жатыр», – деді саясаттанушы.

Серғали Асланбек, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.