26-12-23 |
3180 рет қаралған
2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.
2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын аяқтады.

Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының соңғы отырысы өтті.

Отырысқа қатысушылар Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған Комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Комиссия, ең алдымен, зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берді. Оның қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталды.

Сондай-ақ 2021 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының архив құжаттарын қабылдайтын орталық құрылған.

Айта кетсек, құғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша әр өңірде аймақтық комиссия құрылған. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етіпті. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды.

Бүгінгі жиын барысында қазірдің өзінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталғаны айтылды. Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізгені де белгілі болды.

Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен әзірленді.

Саяси қуғын-сүргінге қатысты зерттеу жұмысын XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы ары қарай жалғастырады.
Арнаулы мемлекеттік архивтерден 2 жыл ішінде осы Орталыққа репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілді.

ҚР Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина елімізде алғаш рет өткен ғасырдың 30-50 жылдары арасында ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратурада сақталған құжаттар архивке берілгенін айтты. Ал, аталған орталық осы құжаттарды зерделеумен айналысты.

«Біз ең алдымен осы құжаттардың дін-аман сақталуына баса назар аудардық. Зерттеу ғылымына еніп отырған бұл деректер алғаш рет сараптамадан өтті. Екі жыл ішінде біз 688 мыңнан астам істі қарадық. Орталықта қазір 20 адам жұмыс істеп жатыр, олардың ішінде архив қызметкерлерінен бөлек ғалымдар, тарихшылар да бар», – деді архив директоры.

ҚР Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина архивке қабылданған құжаттардың кейбірі бүлінгендіктен, оларды қалпына келтіру жұмысы жүргізілетінін айтты. Басты мақсат – бұл құжаттарды болашақ ұрпаққа осы күйінде қалдыру.

Сондай-ақ бүгін еш жерде жарияланбаған құжат, деректерден тұратын жинақ жарық көрді. Оған бұрын зерттелмеген 3 мыңнан астам құжат енген. Бұл жинақта Алаш қозғалысы мүшелеріне қатысты қозғалған қылмыстық істер дерегімен танысуға болады.

Орталық ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды цифрлы форматқа көшіріп, электронды қор қалыптастырады. Оның бәрі ғалымдарға, зерттеушілерге және қалың көпшілікке қолжетімді болады.

Отырыстың соңында Мемлекеттік комиссия мүшелері, ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар Комиссия жұмысына және ғылыми-зерттеу қызметін жүргізуге мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсеткені үшін Президентке ризашылық білдірді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.