17-02-23 |
1590 рет қаралған
Астанада Аягүл Мантай шығармашылығына арналған еске алу кеші өтеді.
Астанада Аягүл Мантай шығармашылығына арналған еске алу кеші өтеді

2023 жылдың 18 ақпан, сенбі күні сағат 11-де Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада (Достық көшесі, 11) «Аягүл» кітабының таныстырылымы мен Аягүл Мантай шығармашылығына арналған әдеби кеш өтеді.

Бір жарым жыл бұрын өмірден мезгілсіз өткен талантты жазушы, көпшілік оқырманның көзайымына айналған «Серпер» сыйлығының, Президент стипендиясының иегері Аягүл Мантай шығармашылығына арналған әдеби кешке, кітабының тұсаукесеріне журналистер, қаламгерлер, Аягүлдің достары қатысады.

Кештің модераторлары — Алма Сайлауқызы және Жазираханым Мейрамбекқызы.

Шарада «Аягүл» кітабының жарыққа шығуына қолдау көрсеткен қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің 7-шақырылымының депутаты, ақын Мақпал Мыса сөз сөйлейді. Сондай-ақ Аягүлмен өмірде жақсы араласқан қаламдас құрбысы ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Айгүл Сейілова естелік айтады.

Еске алу кешіне ҚР Жазушылар Одағының Астана қаласы бойынша филиалын басқаратын ақын, айтыскер Дәулеткерей Кәпұлы; Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы, Аягүлдің оқырманы Бақыт Жұмағұлова; Астаналық ақын-жазушылардан Сұраған Рахметұлы; жас ақын, қоғам белсендісі Салтанат Мадиярқызы; ақын, «Дарын» сыйлығының иегері Динара Мәлік; ақын, кітап тарату саласы маманы Ерболат Сапаров; журналист Өркен Жоямерген; мәдениет саласы қызметкері Риза Әлмұхан, ЖОО оқытушысы Рима Шәкуова және әдебиет саласына жақындығы бар, Аягүл шығармаларын сүйіп оқыған оқырмандары келмекші.

«Аягүл» деп аталатын кітапті Аягүл Мантайдың өмірде жақын, сырлас досы болған Бану Оңдасынова құрастырған. Кітаптің бірінші бөлімінде Аягүлдің жақын араласқан достарының, Мәскеуде бірге оқыған құрбыларының, қаламдастарының естеліктері және Аягүлдің журналистерге берген ең жақсы сұхбаттары топтастырылған. Екінші бөлімде Аягүлдің барлық әңгімесі берілген. Кітап полиграфиялық тұрғыда сапалы жасалған, мәтіннің қарпі, дизайны үйлесімді, мұқабасы қатты. Кітап «Курсив» баспаханасынан басылып шықты.

Аягүл Мантайдың 2009 жылы алғашқы кітабы «Жаңбырлы көктем» әңгімелер жинағы жазушы, баспагер Бексұлтан Нұржекеев басшылық ететін «Жалын» баспасынан «Жас толқын» сериясымен мемлекеттік бағдарлама бойынша шыққан. Екінші кітабы «Жүрекке оралуды» 2019 жылы «Қаламгер порталы» баспасы шығарған.

Аягүл Мантайдың «Жалғыздық биі» әңгімесі қатыстырылып театр сахнасында қойылып жатқан «МҰҢ» триптихінің режиссері Нұрқанат Жақыпбай да кешке шақырылған. «МҰҢ» триптихіне сахналап жүрген Жастар театрының актерлері осы кеште шағын театрланған қойылым көрсетпек.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.