12-11-20 |
850 рет қаралған
«Менің өмірімді жарқын, әдемі етіп толықтырып тұрған нәрсе – саяхат».
«Менің өмірімді жарқын, әдемі етіп толықтырып тұрған нәрсе – саяхат»

Оның өмірі желідегі жұрттың көз алдында өтіп жатыр. Оның армандары қалай бірінен соң бірі орындалып жатқанына куә адамдар көп. Өмір оған гүл сұраса – гүл, су сұраса – су ұсынып отыр. Екеуміз кездескенде: «Армандаған өміріңді өз қолыңмен жасап алуға болады», -деді. Осы арқылы ол өзгелерге үлгі болып, өз-өзіне сенуге мотивация бергісі келеді. Бұл жиһангез-блогер, психолог-лайф коуч Динара Болат.

Бірнеше жыл бұрын Динара өзін жиһангез-блогермін деп жариялай бастаған кезде көпшілікке «жиһангез» деген түсінік таңсық еді. Көшпенді елдің ұрпағы болғанымызбен, тұрмыстық қажеттілік емес, өз рақатымыз үшін ел кезіп, жер кезу қазақ қоғамына жат болатын. Тұрмысы қарапайым адамдар тіпті бұлай өмір сүруді армандамайтын да. Алайда Динараның армандары батыл екен. Осы күні ол отыздан астам елге барып, топырағын басып, ауасын жұтты. Тіпті, «Соңғы кезде барған елдерімді санамай кеттім», -дейді.

Динара Болатпен кездескенімде сонау Африканың Кения елінен оралып, әне-міне Түркияға жолға шығамын деп отырған еді. Бір қызығы біз кездескен кофехананың үстелінің үстінде Африка табиғаты бейнеленген әдемі журнал жатқан еді. Динараның көзіне бұл сурет оттай басылды: «Мен мына ертегідегідей көріністі өз көзіммен көрдім ғой. Сол сәтте бақыттан жылағым келетін сәттер болы. Міне, мынау Танзания мен екі ортадағы Килиманджаро тауы. Мына ағаштың аты Акация екен. Кения шайының сыртында бейнеленген ағаш осы. Африкадағы күннің батысы, жыртқыш аңдар, бәрін-бәрін көрдім», -деп әсерленді сұхбаттасым.

Сөйтіп, біз әңгімемізді Африкадан бастадық.

– Динара, Африканың басқа елдерден ерекшелігі қандай екен, көзқарасыңды өзгерткен тұстары болды ма?

– Африка дегенде біз көбінесе тақыр кедейлерді, қап-қара балаларды, өте ауыр жағдайды елестетеміз ғой. Кенияға барған кезде мен зәулім ғимараттар, олардың жанындағы лашықтарды көрдім. Иә, кедей адамдар бар. Киімдеріне қарап жағдайлары аса мәз емес екенін түсінесің, бірақ Үндістандағыдай көлігіңнің терезесін қағып, мазаңды алып, қайыр сұрап жүрген не кішкентай бала, не үлкен кісі жоқ. Сонысы мағант қатты ұнады.

Негізінен Кенияға сафарилерді, аңдарды, джунглилерді көруге барады. Шынымен де торға қамалмаған аңдарды емін-еркін, далада көру өте әсерлі. Ең қатты әсер еткен көрініс – піл су ішіп тұр екен және оның айналасында құстар басына қонып, аяғына шырмалып жүр, оның қасында торайлар жүр. Шын өмірде аң-құс бейбіт, керемет дос болып, мультфильмдегідей жүргендері қатты әсер етті.

Жануарлардың дала заңдылығы, бір-бірімен қатынасы, бірін бірі аңдуы, белгілі бір қиын жағдайларға ұшырауы, адамдар мен жануарлардың қатынасы, өмір үшін күресін, оның бәрін көрдік. Біздің өмірімізге ұқсайтын тұстары да бар сияқты. Мұның бәрін сигнал ретінде, психологиялық кітапты қопармай-ақ аңдардың тіршілігін зерттейтін болсақ, соның өзінен өзіміз үшін көп сабақ алуға болады.

Үлкен-үлкен жыртқыш аңдарды көрген кезде ішіңде үрей пайда болған жоқ па?

– Ең алғаш жолда арыстанды кездестірген кезде сәл тартыншақтап, қазір бізге келіп қояды-ау деп, дыбысымызды шығармайық, тынышталайық деген сияқты қорқыныш болды. Бірақ кейін жанымыздағы гид: «Олар көлік пен адамды біртұтас объект ретінде көреді, ең бастысы сіздер көліктен шықпасаңыздар, олар сіздерден агрессия сезбесе, оларды атайын деп жатпасаңыз, пышақ ұстап тұрмасаңыз аңдар сіздерге тиіспейті», -деді. Содан кейін кішкене босаңсып, қорқынышымыз басылды.

Ол жақта туристерге жалпы қауіп бар ма?

– Мен Кенияға бардым ғой. Оның астанасы Найроби қауіпті қалалардың бірі деп есептеледі. Бұған дейін жай бара салмайсың, интернеттен мақала оқисың, дайындаласың, солардың ішінде көп ескертілетіні қараңғы уақытта жалғыз жүрмеңдер, қараңғы уақытта әуежайға келсеңіздер көшеге шығып кетпеңіздер деген. Біз көбінесе күндіз жүрдік, бірақ қас қарая қорқуға негіз бар сияқты. Себебі кедей аудандар өте көп. Бізге атылып, ала көздерімен қарағандарын байқаған жоқпыз. Бірақ кешке бәрі бір іште үрей болады. Сол көшелердің бойымен мен өз елімдегідей емін еркін өте алмас едім деп ойлаймын.

Барған елдеріңде балаларды суретке түсіріп, олар туралы ой түйіп жүресің. Африка балалары қандай екен?

– Иә, әр түрлі елдерге барғанда балаларды суретке түсіруге тырысамын. Өзбекстан, Үндістан, Еуропаның балалары бөлек, кедей елдердің балалары бөлек. Бірақ Африканың ішінде Кенияның балаларын айтар болсам, себебі Африканың ішінде де қатты кедей елдер бар, дамып кеткен елдер бар. Мен Кениядағы балалардың жүзінен мейірім көрдім. Қаланың баласы мен ауыл-аймақтың баласы бөлек болуы мүмкін кез келген жерде сондай шығар. Қалада ондай жылулықты балаларынан байқамадым, ал жолда кетіп бала жатқанда сафари кезінде, ауыл шетіне тоқтағанда балалар өте жылышырайлы, жаймашуақ, сенен ештеңе сұрамайтын болып көрінді. Көбінесе біз кедей елдерде жүргенде қуыстанып, сөмкелерімізді өздерімізбен ұстап жүреміз. Ұрлап кетпесе екен деп. Ал бұлардан ондай қауіп байқамайсың. Саған «Жамбо!» деп сәлемдеседі. «Жамбо» деген сәлем деген сөзді білдіреді. Содан кейін сені жай ғана шетелдік адам ретінде қызықтайды.

Олар туристерге үйренген бе екен?

– Үйренген сияқты, бірақ шеттен келген адам олар үшін бәрі бір қызық.

МЕМЛЕКЕТТІҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН КӨШЕДЕГІ ӘЖЕТХАНАЛАРЫНА ҚАРАП-АҚ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ

Туризмге бейімделген ел ме Кения?

– Туризмге өте бейімделен ел. Себебі мемлекеттің туристік әлеуетін көшедегі әжетханаларына қарап-ақ анықтауға болады. Кенияда біріншіден сізді сафари кезінде, немесе қаладан қалаға кетіп бара жатқан кезде міндетті түрде кәдесый сататын дүкендерге кіргізеді. Жолдың бойында бірнеше километрден кейін міндетті түрде кәдесый сататын дүкендер болады. Яғни жергілікті халық туристер арқылы қолөнерлерін сатып ақша табды. Сосын, дәретханаға барғыңыз келсе жанармай бекеттерінде дәретханалар бар, одан кейін кәдесый сататын дүкеннің ішінен кіріп, аралап, сосын барып, дүкеннің түбінде дәретхана болады. Яғни сіз дәретханаға бару үшін міндетті түрде сол дүкендердің ішімен өтесіз. Сондай жүйе қойылған. Және дәретханалары таза, әдемі, кафе сияқты стильді жасалған.

Яғни дәретхана мәдениеті жағынан бізге Кениядан үлгі ау керек деңізші?

– Иә.

Отыз елге табаным тиді дейсің, кей елдерге бірнеше қайтара бардың. Бір елден келіп, екінші елге кетіп жатасың. Шаршамайсың ба?

– Өз саяхаттарымнан шаршамаймын. Бірақ мен коронавирусқа дейін тур ұйымдастырып келдім ғой. Ол кезде жанымда адамдар бар, олардың көңілінен шығатындай қылып елді көрсету, діттеген жерге аман-есен жету, елге аман есен алып келу жауапкершілігі бар болғандықтан моральдық тұрғыда кішкене шаршайтынмын. Бірақ бір елге қайта барсам да немесе он елге бару жоспары қатар тұрса да шаршамаймын. Мүмкін физикалық тұрғыда шаршайтын шығарман, бірақ бір ұйқымды қандырып алып, қайтадан жолға шығуға көңілім тартып тұрады.

Бір жерден екінші жерге ұшып барсам, бірден демалу керек болып тұрады. Ал сен энергияны қайдан аласың?

– Жолдың өзі, сапарға жиналудың өзі мотивация. Сосын мен жүретін көшелер, халыққа қарап, жай ғана серуендеу, тауы бар, мұхиты бар, оның бәрі тұнып тұрған энергия ғой. Төрт қабырғаның ішінде бір ноутбукқа қарап шаршағаннан гөрі жаяу кезіп шаршаған әлде қайда тәттірек сияқты.

Қай жерде демалған ұнайды?

– Қазақтар жақсы көретін жағажайдағы демалысты ұнатпаймын. Бір қонақүйден шықпай, хауыздың жанында көнге қыздырынып жатқан ұнамайды. Мен жүргенді жақсы көремін. Әсіресе өзінің бояуы бар көшелері, ескі аудандар, жергілікті халық тұрған, олардың бір бөлігі қалған, көшелерін өздерінше безендірген жерлерді жақсы көремін. Жарқырап тұрған ғимараттар емес, көзден таса, бұрыннан қалған, кәдімгі жергілікті халықтың шынайы болмысы көрінетін көшелермен жүрсем, кафелерінде отырсам асықпай, балаларға қарасам, сол жердегі келіншектерге, отбасының тіршілігін сырттай бақыласам мен үшін сол керемет демалыс. Менің саяхатымның орындалғаны сол деп айта аламын. Әрине бірақ Нью-Йорк, Токио сияқты қалаларда ондай жайлылықты сезіну қиын. Дегенмен оның да өзінің бір ерекшеліктері бар. Әсіресе кеште шықсаң түнгі Нью-Йоркты немесе түнгі Токионы үлкен ғимараттан, биіктіктен бақылап тұрсаң, көшемен жүріп өтсең, жастар бас қосатын көшелермен өтсең ол да өзіндік атмосфера.

Қай елдің калориті басым. Қай елден «УАУ!» дейтін сезімде боласың?

– Мен отыз ел деп шартты түрде айтамын. Негізі қанша елде болғанымды санамай кеттім. Соның ішінде біз мойындағымыз келмесе де біздің көрші Өзбекстан, Үндістан және Марокка өзіндік калоритімен ерекшеленеді. Себебі бұл елдерді басқа елдермен шатастырмайсың. Олардың бояуы, олардың тамағы, адамдардың киім киісі, қарттары, бәрі-бәрі мен өзбектіп, мен үндімін, мен мароккандықпын деп тұрады. Біздің елдегідей немесе Америка, Сингапурдегідей неше түрлі ұлт араласып, ортаңқол көңіл күй жоқ. Ұлттық болмыс сақталған сол үш елді атай аламын. Ол жерде фотоға түссеңіз де артыңда тұрған оюларың сенің қай елде болғаныңды айтып тұрады.

Ал біздің елде туризмді қай жағынан дамытқан дұрыс? Біз қай жағынан ерекшеміз?

– Бізде жабайы туризмді дамытқан дұрыс. Себебі біздің елде жағаждайлық демалысқа келетін теңізіміз жоқ. Каспи бар, бірақ оның өзін дамытуға біраз уақыт керек шығар. Дегенмен бізде тау-тас, тарихи орындар, қазба жұмыстарын жүргізетіндей, осы жерде осындай тарих болды дейтіндей неше түрлі табиғи көрнекі орындар бар және сол жерлерге көлікпен саяхаттау, жаяу жүруге, тауға шығуға болады. Мен Норвегия, Скандинавия, Швеция елдерінде болдым ғой, оларда мынандай философия – әр отбасында бір-бір палатка немесе міндетті түрде велосипед бар, міндетті түрде біздегідей джипп емес, үй сияқты жасақталған көлік бар. Демалыс күндері соларға мініп, кез келген жерде өздері кемпинг құрып, табиғат аясына қонады. Менің пікірімше біздің елде де сондай туристік саясатты ұстансақ. Қымбат қонақүйлер міндетті емес, қолжетімді неше түрлі стильдегі, мысалы ағаштан жасалан кішкентай қонақүйлер, кемпингтер, алаңдар болса дейдімін. Біздің туристік әлеуетіміз, жер бедері, табиғи көрнекілік жағынан соған көп келеді.

Карантин кезінде Қазақстанның бірқатар аймағын араладың. Бұған дейін де еліміздің түкпір-түкпірін шарлап жүрсің. Қазақстандықтардың ел ішінде саяхаттау мәдениеті қандай деп ойлайсың?

– Саяхаттау деген нәрсе енді ғана келе жатыр ғой. Әсіресе карантин кезінде қайда барарын білмеген адам бәрі бір қозғала бастады. Жергілікті блогерлер мына жер бар, мына жер бар деп көрсете бастады. Саяхаттау мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Бізде барған жеріңе жауапкершілікпен қарау, экологияны күту, барған жеріңді тазалап кету немесе жол бойына қоқыс лақтырмау деген сияқты қарапайым түсінік әлі де көп жағдайда жетпейді деп ойлаймын. Осы жазда қатты шу болған Көбейтұз көлі болды. Оны да жауып тастады. Оның өзі сабақ болды деп ойлаймын.

ӨМІРІМДІ САЯХАТСЫЗ ЕЛЕСТЕТЕ АЛМАЙМЫН

Саяхат саған не береді?

– Мен өмірімді саяхатсыз елестете алмаймын күйге жеттім. Он жылдан кейін не істейсіз, он бес жылдан кейін не істейсіз, жиырма жылдан кейін немен айналысасыз деген сұрақтар болады. Саяхатаймын. Себебі ол өмір салты. Ол ерекше бір өмір салты, ерекше бір дүние деп есептемеймін. Меніңше ол әр бір адамның өмірінде болуы керек нәрсе. Маған не береді? Мен саяхаттан шабыттанып келемін, демалып келемін елге. Менің екі балам бар. Мен де анамын. Бірақ менің шабыттанып жүргенім, қуанып жүргенім саяхаттап жүргенімнің арқасы деп ойлаймын. Себебі демалған өз алдында, тұлға ретінде, адам ретінде, өз арманын іске асырып жүрген адам ретінде өзіме өзімнің көңілім толады. Өз өмірімді толыққанды деп сезінемін, солай есептеймін. Сондықтан бақыттымын. Голливуд киноларында болады ғой. Сенің арманың немесе зейнетке шыққаннан кейін не істейсің дегенде көбі саяхаттаймын деп саяхатты кейінге шегеріп жатады. Үлкен арман ретінде елестетеді. Немесе өзіне көп уақыт жұмсамаған адам ретінде көңілі түсіп жатады. Ал менің өмірімде бұл бар және оны қазір істеп жатырмын. Менің өмірімді жарқын қылып, әдемі қылып толықтырып тұрған нәрсе ол саяхат.

Саяхаттау идеясына қалай келдің?

– Өскен соң саяхаттаймын деген менің балалық арманым болды. Ауылда мал бағып жүрген кезде, мектеп пен малдың ортасында үлгермей жүргенде болашақта бәрі бір саяхаттаймын, осы ауылдан құтылып алайын деген ой болатын. Себебі мен карталардың ортасында өстім деп жиі айтамын. Анам географ болған. Әлемнің кеңдігін, дүниеде осы ауылдан басқа да қаншама керемет дүниелер бар екенін бала кезімнен сезініп өстім. Саяхаттау өскен соң бірден бола қоймайды ғой. Бір жағдайлар реттелуі керек, түгенделуі керек, содан кейін осы соңғы бес жылда саяхаттарым басталды.

Сені саяхатшы деген сөздің қасына блогер деген сөз қатар жүреді ғой. Блогерлік не береді? Кейбіреулерде блогер жеңілтек деген түсінік бар.

– Мүмкін күлдіре беретін вайнерлерге қатысты айтылатын шығар. Блогерлер салмақты дүниелер жазады ғой. Мен үшін блогер халыққа пайдалы болуы керек. Мысалы мен тек қана екі бағытта жазамын. Оның бірі саяхаттаудың жолдары және психология. Негізгі мамандығым психолог болғандықтан жастарға мотивация, отбасы психологиясы, тұлғалық психология туралы жазамын. Ол халыққа пайдалы деп ойлаймын. Егер блогер болмасам халыққа ойымды жеткізе алмас па едім.

Динара, «өмірге шексіз ғашық» деген сөзді қайдан ойлап таптың? (Динара Болат осы сөзді жиі айтады және оның осы атаумен кітабы шыққан)

– Өмірге ғашық деген болатын болса ол белгілі бір уақыт деген сөзді білдіреді де, мысалы шексіздік ештеңеге қарамастан ғашық болу. Сенің өміріңде қиындықтар болуы мүмкін, оны жеңіп шығуың мүмкін. Өмірдің өзі аумалы төкпелі ғой. Бірақ соған қарамастан бәрі бір өмірді жақсы көру. Бақыт деген сөз тек қана адаммен байланысты емес, ол кең құшақ әлем, мұхит, тау, жан-жануар, аспан, күн, соның бәрі бақыт. Мейлі сен ауырып жат, мейлі кедей өмір сүр, оның бәрін болашақта өзгертуге болады, ең бастысы өмірге шексіз ғашықтықты жоғалтпау, армандау, әрекет ету.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңе рақмет! Алдағы сапарларыңа сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Балжан Жеңісқызы

Динара Болаттың инстаграм парақшасынан оның саяхаттары туралы толығырақ оқи аласыз.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.