23-06-22 |
720 рет қаралған
Маңғыстаудағы наразылыққа бала-шаға қосылды.
Маңғыстаудағы наразылыққа бала-шаға қосылды

Маңғыстауда «Шыны талшықты құбыр зауыты» жұмысшыларының ереуілде тұрғанына тура бір ай. Наразылықта  тұрған азаматтарға енді әйелдері мен балалары қосылған. Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы дауды  31-арнаның “Информбюро” бағдарламасы тыңдап қайтты.

Бір айдан бері зауыт алдында түнеп, наразылық білдіріп тұрған жұмысшылардың ереуіліне жөргектегі баласын ұстаған әйелдері қосылды. Зауыттың құрылтайшысы бір ай ішінде жұмысшылардың талабын тыңдамады, мәселені шешуге де асықпайды дейді олар. 

“Далада қаңғып жүре береміз бе күннің астында? Тезірек шешетін уақыт болды ғой. Бүкіл Қазақстанның мәселесін шешіп жатқандай, бір кішкентай зауыттың мәселесін әліге дейін шеше алмай отыр. Не сұмдық бұл? Осы қазақ жігіттерден ақшасын аяй ма? Азғантай ақша сұрап тұрғанымыз, көп емес”, – деді жұмысшы Асқар Сәркенов.

“Бір айдан бері үй көрместен біздің азаматтарымыз осы жерде жатыр. Оның отбасысы, балалары бар. Балалары әкелерін сағынды. Енді келу үшін сол балалары, жолдастары келіп, әкелерін көруге мәжбүр болып жатыр. Аспаннан жұлдыз сұрап тұрған жоқ. Өздерінің еңбек ақысын дұрыстап алу”, – деп қосты жұмысшының жұбайы Тілектес Күмісбаева. 

Жұмысшылар аптап ыстық болса да талаптары орындалмай тарқамауға бекінген.

Ал зауыттың бас инженері компаниядағы барлық мәселе тек құрылтайшының келісімімен реттелетінін айтады.

“Зауыт тұрып қалды. Берілген мөлшерді істей алмай тұрмыз, қазір жаңа нысандар беріліп жатыр. Енді осы балалардың мәселесін шешу керек. Оған енді біздің құрылтайшылар алдында Алматыдан адамдар келді. Мына жерде келіссөз болды. Сөйлесіп, бірк елісімге келген секілді еді. Бірақ оны жылдамырақ шешу керек, бір шешімге келу керек”, – деді «Шыны талшықты құбыр зауытының» бас инженері Есей Мұқашұлы.

Бас инженердің айтуынша, жұмысшылардың ереуілде тұрғаны зауыттың өндірісіне кесірін тигізіп жатыр. Бір ай ішінде компания 44 шақырым құбыр жасау жұмыс көлемінен айырылып, 40 миллион теңгедей шығынға ұшыраған. Сондықтан құрылтайшы жұмысшылардың талабын орындамаса, негізгі тапсырыс беруші «МаңғыстауМұнайГаз» компаниясының жұмыс көлемінен айырылып қаламыз деп мойындады.  

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.