26-04-23 |
640 рет қаралған
Нашақорлар есірткіден артық бақыт жоқ деп ойлайды.
Нашақорлар есірткіден артық бақыт жоқ деп ойлайды

Есірткі – адам өмірін талқандайтын зиянды дүние. Әсіресе, жастардың есірткінің шырмауына түсуі жиі тіркеледі. Ел болашағы жастардың өз өмірін құртпауы үшін не істеу керек? Өзімізді, жақындарымызды бұл қауіпті құмарлықтан қалай құтқара аламыз?

Есірткіге жол жоқ деген ұранды қала маңдайшаларынан көптеп көруге болады. Зиянды затқа жоламау үшін бұл, әрине, тиімсіз жазулар. Себебі есірткі тұтыну мен сату заңмен қудаланатынын бәріміз білеміз. Дегенмен, онымен ақша табуға тырысқандар мен тәуелді болғандар қатары азаймай отыр.

Наурыз айының өзінде әшкереленген есірткі саудагерлері жайлы ақпарат жаға ұстатарлықтай. Соның бірі Жамбыл облысындағы жайт. 5 адамнан құралған қылмыстық топ есірткі дайындайтын зертхана ашқаны белгілі болды. Операция нәтижесінде 34 келідей «Мефедрон» синтетикалық есірткі тәркіленді. Зертхана үш ай жұмыс істеген. Осындай ірі мөлшерде есірткі өндіру оған деген сұраныстың жоғарлығын көрсетеді.

Жас әнші Nurik Smit «Taboo» бағдарламасында есірткі қабылдайды деген қауесеттің өтірік, жала екенін айтты. Әнші ешқашан ондай сұмдық затқа жоламайтынын және барлық көрерменді есірткіден аулақ болуға шақырды. Оның сөзінше, қалаларға өнер көрсетуге барған кезде оған бірнеше рет аталған зиянды өнімді ұсынған. Өз өмірін құртқанымен қоймай, өзгені де терең тұңғиыққа батыратын есірткімен еліктіретін адамдар бар деп өз таңданысын жеткізді. Есірткіні алдымен тегін ұсынып, тәуелді еткен соң тұтынған адам өзі сатып ала бастайды. Бұл адам өмірімен ойнайтын саудагерлердің маркетингтік айласы. Сәйкесінше тәуелді жан бар ақшасын, дүние- мүлкін осы затқа құяды. Ақшасы біткенде есірткіні қайтсе де алуға тырысқан нашақор ұрлыққа барып, қылмыс жасайды, денесін саудаға салатындары да бар.

Айта кеткен жөн, көзбен көрмеген адамдар үшін нашақорлық елімізде белең алып келе жатқан мәселе екені байқалмауы мүмкін. Құмарлыққа берілген адам жарқын өмірге ұмтылмайды. Ештеңемен айналыспай, есірткіден артық бақыт жоқ деп ойлайды. Егер жақындарыңыз бұл дерттің құрығына ілінгенін байқасаңыз оны міндетті түрде емдетуге апарыңыз. Есірткінің зардабынан психикасы бұзылған адамға қысым жасап, жәбірлегенше, қолдау көрсетіп, емделуіне жағдай жасау маңызды.
Синтетикалық есірткі тәуелділік тудыратын химиялық қоспаларды қолданумен жасалады. Оның әрбір түрі зиян екенін ескертеміз.

Тілеген Шырын

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.