22-04-23 |
1380 рет қаралған
Құмар ойынның құрығынан құтылу оңай болмай тұр.
Құмар ойынның құрығынан құтылу оңай болмай тұр

Бүгінгі таңда түрлі спорттық ойындар мен әлемде болып жатқан айтулы оқиғаларға бәс тігумен айналысатын букмекерлік кеңселер қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енуде.

Бұған бірден-бір анық дәлел-құмар ойындарға бәс тігуге шақыратын жарнамалық роликтер бүкіл теледидар кеңістігін толтырды, букмекерлік компаниялардың жарнамалық баннерлері әр қаланың әр бұрышында ілулі тұр, олар әртүрлі бұқаралық іс-шараларға демеушілік жасайды. Халықтың санасына «Бәс тігу арқылы оңай баюға болады» деген желдіртпе ойды салатын букмекерлік кеңселердің құрбанына айналған адамдардың саны да күн өткен сайын өсуде. Құмар ойындардың құрығына ілінгендердің кейпі тегін ірімшікке қызығып, қақпанға қаңтарылған тышқанның бейнесіндей.

Құмар ойын бизнесі әлемдегі ең табысты бизнестің бірі. Тіпті, ақша айналымының үлкен апанына айналған «криптовалюта» нарығынан да табысы мол саналады. Түрлі бәс тігу жобаларына онлайн тіркелу қызметін ұсынатын букмекерлік кеңселердің жеңіл әрі үлкен ақшаларына ұмтылған қазақстандықтар қолындағы барынан айырылып жатыр. Соған қарамастан букмекерлік кеңселердің жарнамасы мен онлайн казиноның екпіні үдемесе, басылмай тұр. Тіпті, қолында ұялы телефоны бар әрбір кішкентай баланың өзіне дейін ғаламтор желісінен мультсериалын көрместен бұрын кемі бір рет «спорттық бәс тігу» жарнамасын көруге мәжбүр.

Қазақстанды құмар ойындарға деген құмарлықтың толқыны басып кеткені ащы болса да шындық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 350 мыңға жуық құмар ойын құрбаны тіркелген екен. Ал құмар ойындарына бәс тігумен айналысатын букмекерлік кеңселер мен онлайн казино саласындағы ақша айналымы шамамен 500 млрд теңгені құраған, бұл өткен жылдармен салыстырғанда 8 есеге артық көрсеткіш. Яғни, бұл дегеніміз бәс тігуге басымен кіріп, құмар ойындарға құныққан адамдардың саны жылдан-жылға көбейіп жатыр деген сөз.

Қоғамның ауыр дертіне айналған құмар ойындарға елтіген жандардың ақыры өте аянышты. Қарыздың қақпанына түсіп, отбасы ойран болған, тіпті, шарасыздықтан өз-өзіне қол салған тағдырлар қаншама? Ал сол адамдар арасына оңай жолмен байып кету мүмкін деген өтірік насихатын жүргізіп, жеңіл ақшаға қызықтырып жүрген түрлі жарнамалардың көптігінен көз сүрінеді. Қоғам дертінің асқынуына өздері бәс тікпесе де, өзгелердің бәс тігуге құмарлығын оятатын букмекерлік ойындардың жарнамасын кеңінен дәріптеп жүрген түрлі блогер, спорты, әнші, тағысын-тағы аудиториясы мол танымал тұлғалардың да үлесі бар. Әлеуметтік желіде көпке кумир болғандардың сөзіне жанкүйерлері құдайындай сенеді. Тыңдай қалсаңыз, бірен-саран ұтқан кездерін аузы көпіріп айтып отырады. Мұны тыңдаған адамның да құмарға қызығушылығы оянуы мүмкін. Өз кезегінде танымал тұлғалар қоғам алдындағы жауапкершілігін ұғынбайды. Мәселен, ережесіз жекпе-жектің өкілі Дамир Исмагулов букмекерлік кеңселердің бірі – «Olimpbet» – тің амбассадоры, яғни осы кеңсені кеңінен жарнамалаушы.

Кезінде букмекерлік кеңсені жарнамалаған кино актеры, продюсер Нұртас Адамбай да құмар ойындарына бәс тігудің қоғамға тигізетін үлкен зиянын түсініп, әлеуметтік желісінде төмендегі жазбасын жариялаған болатын: «Үш жыл бұрын мен осындай бір букмекерлік кеңсенің жарнамалық түсіріліміне қатыстым. Осыдан кейін мен құмар ойын дертіне тап болған адамдардан бірнеше хабарлама алдым. Адамдар тез пайда табу үшін барлық жиған-тергенін осы құмар ойындарына салған. Тіпті, туыстарын тонап, пәтерлері мен көліктерін кепілге қойған жағдайлар да өте көп. Құмар ойындары бір кірсең, шығуың өте қиын тұзақ. Кезінде сол букмекерлік кеңсені жарнамалауға келіскенім үшін қазір қатты өкінемін».

Иә, қалай айтсақ та, құмар ойындардың құрығынан құтылу әзірге оңай болмай тұр. Талай жанның көз жасын бұлатып, өмірінің талқанын шығарған, отбасын ортасына түсіріп, өмірден баз кештірген құмар ойындарға бәс тігудің қоғамға пайдасы нөл, зияны мол болып тұр. Өз өмірімізге өзіміз жауапты саналы тұлға ретінде қоғамды шірітетін кеселдерден бас тарту, олардың алдын-алу, ең болмағанда олардың көбеюіне үлес қоспау өз қолымызда. Ал қоғамның жаңаруы мен жаңғыруы, өркениеттің дамуы мен кемелденуі саналы азаматтары бар мемлекетте ғана жүзеге асырылмақ.

Аружан Мопыққызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.