30-08-22 |
400 рет қаралған
Саясаттанушы: Біздің елде үкіметтің отставкасы және жаңадан тағайындалуы ешнәрсе өзгертпейді.
Саясаттанушы: Біздің елде үкіметтің отставкасы және жаңадан тағайындалуы ешнәрсе өзгертпейді

Бірер күннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған жолдауын жариялайды. Десе де, саяси маусым саналатын күз мезгілі болғанына қарамастан қоғамда үмітсіздік басым. Тұрғындар батыл шешімдер мен өзгерістердің тезірек орын алғанын қалайды. Тоқаев күзге қарай кадрлық шешімдер қабылдау керек болатынын, ауқымды саяси реформалардың да жүзеге асатынын айтқан еді. Дегенмен, тәуелсіз сарапшылар мен эксперттер өзгерістердің ауылы алыс екенін, саяси режим ауыспайынша бұлардың орындалуы екіталай екенін алға тартады. Осы ретте, саясаттанушы Димаш Әлжанов қоғам арасында саяси өзгерістер Тоқаевтың екінші мерзімі кезінде болады деген нарратив барын, оның жаман көрініс екенін айтып отыр.

– Сіздің ойыңызша, Тоқаевтың қыркүйектегі жолдауында не айтылуы мүмкін? Бұл не үшін қажет болды?

Менің ойымша, жолдауда Тоқаевтың имиджін жақсартатын қадамдар болуы мүмкін. Мәселен, тұңғыш президент туралы заңнан бас тарту және Мәсімовті сотқа тарту деген сынды. Мүмкін кезектен тыс сайлау өтерін естіп қалармыз. Бірақ бұл бастамалар мәселенің тек сыртқы жағы. Назарбаев пен Мәсімовтің қызметтеріне қатысты ашық тексерісті біз көре алмаймыз. Тоқаевтың экономика саласына қатысты үлкен мәлімдемелеріне қарамастан соңына дейін жеткізілмейді. Себебі, оның негізгі приоритеті жеке билігін күшейту. Қазірдің өзінде саяси өзгерістер Тоқаевтың екінші мерзімі кезінде болады деген нарратив бар. Бұл – жаман белгі. Назарбаевтың алдымен экономика, сосын саясат дегенімен бірдей…

– Саяси билікке халықтың қолдауы мен сеніміне ие болуы үшін жолдаудан бұрын не істеу керек деп ойлайсыз?

Қолдау мен сенім – таза сайлау, әділетті сот жүйесі мен халықтың өз үкіметін, депутатын және әкімдерін таңдау құқығы болған кезде қалыптасады. Тоқаев протестте атылғандардың кінәсін мойындамады, қаңтар оқиғасы бойынша тәуелсіз тексеріс жүргізбеді, белсенділер мен саяси оппоненттерінің көбін түрмеге тықты. Яғни, ол осы әрекеттері арқылы қоғамды одан сайын ызаландыра түсуде. Ол не жасаса да оның легитимділігі әлсіз, сосын қоғамдық көңіл толмаушылық тек қаңтар оқиғасы үшін емес, Назарбаев билік құрған жылдардың да салмағы соның мойнында. Ол үшін дұрыс шешім – қоғаммен және саяси қарсыластарымен диалог орнатып, келісімге келу, сосын бір кездері Испания мемлекеті жасағандай қудалаудан демократияландыруға өту қажет.

– Саясаттанушы ретінде айтсаңыз, күздегі саяси маусымнан қандай саяси өзгерістер күтуге болады?

Қаңтар оқиғасынан кейін саяси жүйе өзгермеді. Мәселе осында. Тоқаевтың тарапынан болып жатқан әрекеттерге қарасақ, Назарбаев кезеңінде негізі қаланған «ойын ережесі» мен тәртіптер сол күйі қалғанын көреміз. Елде қажетті реформалар жүргізілмеді, толықтай алғанда жағдай сапалы жаққа ауыспады. Тоқаев қоғаммен кездесудің орнына өз билігін күшейтуді басымдық санады. Осы логикамен қарағанда өзгерістер тек Тоқаевтың алдыңғы жылдардағы билігі секілді үстіртін сипатта болады. Реформаның орнына – имитация, экономикадағы батыл қайта құрулардың орнына жеңіл шешімдер қабылданып жатыр.
Бүгінгі Қазақстан қалыптаспаған мемлекет образына ұқсайды. Үстіртін, жеңіл шешімдер арқылы мемлекет алдында тұрған фундаменталды проблемалар мен қауіптерді реттеу мүмкін емес. Қазір оппозиция өкілдері ғана емес, билік өкілдерінің өздері тағы саяси дүмпулер мен көтерілістердің болуы мүмкін екенін айтып жүр. Қазақстан өзінің супер президенттік жүйесі арқылы өзінің түбіне жетуде. Енді сұрақ, біз жаңа сапаға, өзгерістерге қалай өтеміз? Көтерілістер мен атыстар арқылы ма? Жоқ, әлде саяси реформалар арқылы ма? Бірақ, өкінішке қарай қазір бірінші вариант келіп тұр…

– Қасым-Жомарт Тоқаев күзде үкімет отставкаға кетуі мүмкін екенін айтты. Қалай ойлайсыз, бұл мәселені түбегейлі шеше ала ма?

Біздің елде үкіметтің отставкасы және жаңадан тағайындалуы ешнәрсе өзгертпейді. Ал демократиялық мемлекеттер мен жартылай президенттік жүйенің айырмашылығына келсек (Украина, Франция, Португалия), бұл елдерде үкімет парламенттегі көпшіліктің ішінен алынады, яғни парламент арқылы қалыптасады. Олар билікке өздерінің саяси және экономикалық бағдарламалары арқылы келген саяси партия өкілдері. Ал біздің жағдайда үкімет толықтай президентке бағынады, сол себептен саяси іс-әрекеттерін дербес жасай алмайды, өзінің экономикалық бағдарламасы бойынша да тәуелсіз емес. Бұдан көретініміз, Қазақстанда премьер-министрдің ауысуы – бұл тек әкімшілік шешім, Тоқаевтың айналасындағы атқарушы билік пен бюджет шығындарын бақылауға ие болған командаға ықпал етеді, бірақ саяси курстың өзгерісіне әкелмейді. Яғни, Қазақстанның саяси құрылымының модельі – жаман. Бұл модель Тоқаевқа бүкіл кінәні соларға жауып, өзіне таза шығуға көмектеседі. Назарбаевтың өз уақытында жасағанындай…

Егер үкімет толықтай дербес болмаса, әртүрлі министрлердің ауысқаны басты проблеманы, яғни үкімет тиімсіздігін шеше алмайды. Сондықтан біздің алдымызда тұрған міндет – алдымен парламентті саяси оқшаулау (президенттен тауелсіз ету) қажет, сосын соның негізінде үкіметті қалыптастыру керек (өркениетті мемлекеттердегідей). Сол кезде ғана үкімет халық алдында жауапты болады. Президентке қарайлап әрекетсіздік танытпайды.

– Тоқаевтың кадр тапшылығын шешуге мүмкіндігі бар ма?

Тоқаев ешнәрсе өзгерткісі келмейді. Ол өте консервативті және қатал шенеуніктің образында. Оған қаңтар көтерілісін басу қолынан келсе де, сол көтерілістің басты бенефициары өзі. Оның қазіргі жағдайы тұрақты емес. Неге десеңіз, саяси жүйені демократияландырмады, тәуелсіз эксперттер мен саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін сайлау арқылы билік институтына шақырмады. Биліктен айырылып қалу қаупінен және қуғынға ұшыраймын деп қорықты. Сол себептен ол мемлекеттік аппарат ішіндегі ескі, бірақ лоялды кадрларға арқа сүйеп отыр.
Бір айта кетерлігі, қазір ситуация бұдан да күрделіп кетті. Нақтырақ айтқанда оның айналасындағы адамдардың аясы тарылды. Тоқаев өзіне жақын адамдарды жинап алып, бюрократиялық аппараттың ішіндегілермен байланысын азайтты. Яғни Тоқаевтың айналасындағы серіктері арқылы өз жағдайын дұрыстап алады.

– Назарбаевтың кланы саясатқа қандай жолмен қайта келуі мүмкін?

Біз Назарбаев кланы туралы әңгіме қозғаған кезде оның отбасы мүшелерінің саяси қызығушылықтары әртүрлі екенін түсінуіміз қажет. Бұл бірыңғай топ емес. Мәселен, Тимур Құлыбаевтың қызметіне Назарбаев секілді қол сұға алмайды, қазір олар Тоқаевтың қамқорлығында. Осы мәселе бойынша қоғам тарапынан тексерістер жүргізілуі талап етіліп жатса да, олардың қызметтеріне тексеріс жүргізбейді. Бұған қоса, Тоқаевтың өзі Назарбаевтың мұрагері және Назарбаевтың отбасы мүшелерінің қызығушылықтары арқылы президент болып тағайындалды. Сондықтан Назарбаевтың кланы ешқайда кеткен жоқ. Олар қазір саяси жүйенің негізгі бөлігі. Осы тұрғыдан алғанда Тоқаев Назарбаевтың жалғасы, яғни оның істерін жалғастыра береді.

– Қоғам арасында Қажыгелдиннің оралуын талап етіп жүргендер бар? Жаңа Қазақстан оны қажет ете ме?

Жаңа Қазақстан – көз алдымызда ыдырап бара жатыр, «бутафория» сияқты. Қажыгелдинге қатысты айтар болсақ, Тоқаев оны Қазақстанға өткізбейді. Оның Тоқаевтан айырмашылығы өткен саяси жағдайларға қарамастан Тоқаев образын жақсартуға, оң ықпал етуге көмектесуде. Ол қоғамдық саясатта мықты және уақыт өте келе одан билікті тартып алуы ғажап емес. Егер әрине, маңызы жоқ ұсынысты қабылдап, президент жанындағы керексіз советке кетіп қалмаса.
Жалпы, қуғындалған саясаткерлер елге оралып, саясатпен айналысуға мүмкіндіктері болуы қажет.

– Сұхбатымызды еліміздегі актуалды сұрақпен, яғни Қазақстан қоғамын алаңдатқан АЭС салу мәселесімен аяқтасақ. Қалай ойлайсыз, АЭС салу Ресейдің нұсқауымен жүріп жатқан саяси лобби емес пе? Бұл мәселенің салдары неге әкелуі мүмкін?

Соңғы ресми ақпараттан көріп отырғанымыздай, АЭС құрылысы бойынша технология жеткізуге үміткерлер Росатом және Қытай. Бұл әрине өте алаңдатарлық мәселе. Қоғамда осы сұрақ бойынша бірауыздылық жоқ. Тоқаевтың саяси және экономикалық жұмыстарының көрсеткіші нашарлағанда АЭС құрылысы туралы сұрақ бір күнде саяси мәселеге айналып кетуі мүмкін. Өз кезінде Қаңтар оқиғасы басталғандай…

Сұхбаттасқан – Назерке Еркінқызы

Сурет: Азаттық радиосы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.