Сербияның Врнячка Баня қаласында өткен мектеп оқушылары арасындағы әлем біріншілігінде Астана қаласының 22 мектеп-гимназиясының 4 а сынып оқушысы Жауынбай Әлімжан шахматтан әлем чемпионы атанды.
Он бір жасқа дейінгі жас санатында классикалық шахматтан өнер көрсеткен Әлімжан қарсыластарынан оқ бойы озып шықты.
Бұл додада әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең үздік жас шахматшылар бақ сынады. Қызығы мен тартысы мол турнирде жас дарындылардың арасында суырылып шыққан қазақ баласының жеңісі — еліміздің шахмат тарихындағы жарқын сәттердің бірі.
Айта кетейік, осы жылдың қаңтар айында Әлімжанның туған інісі Алдияр да шахматтан әлем чемпионы атанған еді.
Бұл жеңістер балалардың тынымсыз еңбегінің, ата-аналарының қамқорлығы мен жаттықтырушыларының кәсіби дайындығының жемісі деп білеміз.