Біз
әлеуметтік
желіде
12-02-25 |
1970 рет қаралған
Шоқан кәсіби журналист болған ба?.
Шоқан кәсіби журналист болған ба?

XIX ғасырда өмір сүрген Шоқан Уәлиханды этнограф, саяхатшы, ғалым екенін білсек те, журналистиканың принциптерін сақтаған медиа маманы ретінде оны көбі біле бермеуі мүмкін. “The Elements of journalism” еңбегіндегі қағидаларды негізге ала отырып, Шоқан Уәлихан өз заманында кәсіби журналист болған ба деген сұраққа өзінің медиа мұралары негізінде жауап беріп көрейік.

Журналистиканың негізгі мақсаты — қоғамға шынайы және обьективті ақпаратпен бөлісу. 2001 жылы Том Розенстил мен Билл Ковачтың “The Elements of journalism” еңбегі жарық көрді. Еңбекте журналистиканың бірнеше принципі айтылған. Олардың ішіне әділдік, анықтық және тәуелсіздік деген принциптерді байқауға болады.

Әділдік принципінде журналист әр адамның құқығын сақтай отырып, түрлі көзқарасты беруге міндетті.

Шоқанның “Жоңғария очерктері” атты еңбегінде әр түрлі халықтан ақпарат алу арқылы жан-жақты ақпарат жинап, анық ақпарат таратқанын көруге болады.

“Қанша қауіпті болса да, мен жол бойы да, Қашғардың өзінде де күнделік жүргізіп отырдым. Жергілікті тұрғындармен, ғалымдармен және шенеуніктермен достық байланысым болып, өңірді еркін аралағандығымнан осы бір тамаша елді түгелдей шарлап шығуға мүмкіндік алдым. Түрлі тайпалардан шыққан және түрлі елдерден келген көпестермен танысып, мен олардан көрші елдердің көптеген бағыттары туралы, сауда жүргізуі туралы біліп, сондай-ақ этнографиялық және статистикалық мәліметтер алдым. Ылғи да көпестердің ортасында болып, керуен-сарайларда тұрып, мен Орта Азиядағы сауданың ерекшеліктерімен, керуендік сауданың тауарларымен, жалпы және де Қашғардың өзінде Орта Азиялық көпестікпен, оның коммерциялық түсініктерімен таныстым.

Сонымен қатар оның сол деректер негізінде Орта Азияның картасын сызғанын көруге болады.

“Қазір мен жазбаларымды тәртіпке келтіріп, аса мәртебелі генерал-квартирмейстердің тапсырмасы бойынша ең жаңа суреттер мен біздің топографиялық депода сақталған бай материалдардың негізінде Орта Азияның картасын сызумен айналысудамын.”

Шоқан кәсіби журналист болған ба?

1860 жылы Шоқан құрастырған карта. Орталық Азия.

Шоқанның тағы бір ерекшелігі, Қашғарда жүрген кезінде жергілікті жердегі халық сөйлейтін ұйғыр тілін үйренуге тырысуы. Оның пайымдауынша, бұл тіл еуропалық ғалымдарға мүлдем белгісіз, олар тек шағатай тіліне ұқсайтын кітаби тілді ғана аздап біледі.

Журналистиканың келесі принциптерінің бірі — анықтық. Ол журналистің жариялайтын дерегі анық, әрі нақты фактілерге негізделуін қадағалайды.

Мысалы, дәл сол Жоңғария очерктері атты шығармасында Шоқан буруттардың үйсіндерден тіл және салт-дәстүр тұрғысынан бөлек халық екенін айта отыра, Гумбольдт пен Риттер сынды ғалымдарды ашық түрде сынайды.

“Буруттар мен үйсіндер туралы өзімнің этнографиялық жазбаларымды аяқтай келе, осы бір-біріне тіпті де ұқсамайтын екі халықты араластырмау керек екенідігіне назар аударғым келеді. Бұл туралы кезінде Левшин, Мейендорф мырзалар, әсіресе Иакинф басып айтқан болатын, бірақ осы уақытқа дейін ешкім оларға құлақ аспады. Олардың өздері айдалада көмек сұрағанның айғайындай болды, тіпті Гумбольдт пен Риттер де істің мән жайын дұрыс ұқпады, олар буруттардың және Ұлы қайсақ жүзін құрайды деп, және бұл орданы Кіші және Орта жүзден айыру керек деп санады. Бұл құрметті ғалым ағаларының үлкен қателігі болды. Қырғыз-қайсақтардың Ұлы, Орта және Кіші жүздері “қазақ” атты бір халықты құрайды, олар қытайлықтар “буруттар” деп, ал орыстар “қара” деп атаған қырғыздардан басқа халық. Бұл екі халықтың тілі де, салт-дәстүрі де бөлек халық. Буруттың бет әлпетінде де қазаққа тән емес бір ерекшелік бар.” — дейді Шоқан Уәлихан.

Шоқан кәсіби журналист болған ба?

1856 жылы Шоқан салған Боранбай манаптың суреті.

Ал тәуелсіздік принципінде әрбір медиа өзін қаржыландыратын мекеме не тұлғадан тәуелсіз редакция саясатын жүргізуі керек.

Ш. Уәлихановтың ата-бабалары бұрынғы сұлтандар әулеті – Шыңғысханның ұрпақтарына жатады. Оның үлкен атасы Абылай (Әбілмансұр) Қазақ Ордасының Орта жүз ханы болған. Абылай ханның (1711-1781) үлкен ұлы, Шоқанның атасы – Уәли де (1781—1819) Орта жүздің соңғы ханы болды. Шыңғыс Уәлихан алты мәрте Аман-Қарағай (Құсмұрын) ауданының сұлтаны лауазымына сайланып, жиырма жыл қызмет атқарды.

XIX ғасырдағы Шоқанның еңбектерін бөлек бір медиа мұра деп есептесек, Шоқанның өз еңбектеріндегі пікірлері басқалардан қаншалықты тәуелсіз болды деген сұрақ туындайды. Бірақ Шоқан бір қызығы, ханның ұрпағы бола тұра сұлтандар мен билерді ашық сынайды. Оны “Cот реформасы” атты жазбасынан байқауға болады.

Аталған үзінді арқылы Шоқан Қарқаралыда билер мен халықтың талаптары мен қалаулары бір-біріне қарама қайшы болғандығын көрсетеді.

“Сыйлы қырғыздардың қадірлі еместерге ожарлығының қып-қызыл мысалы — Қарқаралыда мен тап болған бір жағдай. Онда билер мен сұлтандар өз пікірлерін “қара халықпен” кеңеспестен берді және сондай-ақ олардың округі үшін төрт төбі биді. билердің үстінен билерді таңайындау керектігін көрсетті. Қаншалықты қолайсыз болғанымен де, бұл пікірді мен жазбаға енгізуге міндетті болдым да, бұл жазба приказда көшіріліп алынғанында, менің пәтеріме атты, жаяу қырғыздардың тобыры қаптады.”

Ал 1862 жылы Атбасар уезінің аға сұлтандығына сайлауға түсіп, кандидатурасын ұсынады. Омбы шенеуніктері сайлауда жеңіске жеткен сұлтанның кандитурасын мақұлдамайды. Аға сұлтандардың сайлауға қатысу әрекеті туралы ол Ф.М. Достоевскийге 1862 жылы 15 қазанда жазған хатында былай деп баяндайды:
“Мен қалай да отандастарымның мүдделерін шенеуніктердің алдында көтеріп, оларды бай қырғыздардың деспотизмінен қорғау үшін сұлтан болу керек деп ойладым. Сонымен бірге, мен жерлестеріме білімді сұлтан еліне қаншалықты пайдалы екенін көрсетуді ойға алдым… Осы мақсатпен мен Атбасар ауданының аға сұлтандығына сайлануға келістім, бірақ сайлау құйтырқы шенеулік ойынсыз өтпеді. Бұған облыстық, ауылдық мырзалар түгел қарсы болды. Сіз мұның себебін түсінесіз. Облыстық мырзалар аға сұлтаннан алған бірнеше мыңды жоғалтып алар еді, ауылдықтар егер мен сұлтан болсам, жер кезіп кетер еді…”

1853 жылы 18 жасында Шоқан кадет корпусын әскер кавалериясында корнет ретінде оқуын тәмамдаған соң, Сібір казак армиясының 6-шы атқыштар полкінің офицері болып тағайындалды. Шоқан ресми түрде 6-шы кавалериялық полкте болғанымен, іс жүзінде ол Батыс Сібір генерал-губернаторының жанында қызмет етті, бір жылдан кейін ол Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс облыстарын басқарған генерал Густав Гасфорттың көмекшісі болды. Кейін, аумақтың Бас дирекциясы тарапынан Ш. Уәлихановқа арнайы тапсырма офицері лауазымы тағайындалды.

Шоқанның сөзінше, қандай да бір өзгерісті қабылдамас бұрын, ол халықтың материалдық қажеттіліктеріне сәйкес келіп, ондағы ұлттық мінезге икемделу қажет. Сонымен қатар ол одан тыс қандай да бір өзгертулер зиян болуы мүмкін, ал қазіргі билер соты халықтың дамуын толықтай қанағаттандырады деген қорытындыға келеді.

“Сот реформасы” атты еңбегінде Шоқан тек патшалық үкіметтің сот құрылымын сынап қана қоймай, сондай-ақ бірнеше мәселеге әкімшіліктің назарын аудартуға тырысты. Оның ойынша, түтін салығы мен татар молдаларын қазақ даласына әкелу жағдайды одан әрі ушықтырып жатыр.

“Бізге бұйрықтар, мәжілістер, кіріс және шығыс журналдарымен бірге татар молдалар мен татар білімін әкеліп таңды. Бұл тұрғыдағы реформаларды, өз басымыз, халық үшін мүшкіл жайт және ілгері дамуға зиянды нәрсе деп есептейміз.”

“Орал сыртындағы қырғыздардан жиналатын түтін салығы ғылыми көзқаарас тұрғысынан қате және халық үшін де ауыр.”

Қорыта айтқанда, “The Elements of Journalism” кітабындағы анықтық, әділдік, тәуелсіздік секілді журналистиканың принциптеріне Шоқанның медиа мұрасы сай келетінін көруге болады.

Дереккөздер:
“Сот реформасы” еңбегі
“The elements of journalism” еңбегі
“Жоңғария очерктері” еңбегі
Ф.М. Достоевскийге 1862 жылы 15 қазанда жазған хаты.
Өмірбаяны жайлы ақпарат Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының сайтынан алынған.
https://iie.kz/?p=25133

Руслан Базарбай

2-курс студенті

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.