16-10-23 |
670 рет қаралған
Ербол Жұмановтың үкімі өзгеріссіз қалды.
Ербол Жұмановтың үкімі өзгеріссіз қалды

Жоғарғы сот 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді деп айыпталған Тараз қаласының тұрғыны Ербол Жұмановтың үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Бұл туралы қазақстандық Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро хабарлады.

Ер адамға қаруды заңсыз алып жүрді және ұрлады, сондай-ақ мемлекеттік қызметкердің өміріне қол сұқты деген айып тағылды. 16 жылға бас бостандығынан айырылған Ербол Жұманов сол күні қолына қару алғанын жоққа шығармаса да, кісі өлтіру жайлы кінәсін мойындамады.

Мен қаруды 16:00-де алдым, ал марқұмды 15:18-де атып тастады. Мені еш себепсіз түрмеге жіберіп жатыр, – деп хабарлады Азаттық радиосы бірінші инстанциядағы сот барысында Жұмановтың сөзін.

2023 жылғы 28 сәуірде Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ербол Жұмановты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының өліміне кінәлі деп тапты. 18 тамызда апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.

ҰҚК баспасөз қызметі 2022 жылдың қаңтарында «350-ге жуық адам атыс қаруы мен молотов коктейльдерін қолданып» Жамбыл облысындағы департамент ғимаратын басып алуға әрекеттенгенін хабарлады. Бұдан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған барлау қызметкерін «Мемлекет мүддесін қорғау жолындағы ерліктері үшін» орденімен марапаттауды бұйырды.

Arasha.kz

ФОТО: ulysmedia.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.