31-10-19 |
610 рет қаралған
Мәнізоров ісі: жемқорлыққа қарсы агенттік бас прокуратурамен келіспейді.
Мәнізоров ісі: жемқорлыққа қарсы агенттік бас прокуратурамен келіспейді

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров ісін жабу туралы бас прокуратура шешімімен келіспейді деді агенттіктің тергеу департаментінің төрағасы Қанат Сүлейменов. Бұл туралы Азаттық жазады.

Сәрсенбі, 30 қазанда бас прокуратура «қылмыс құрамы жоқ болғандықтан» Мәнізоровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды деп мәлімдеген еді.

«Тергеу амалдары жүріп жатқан шақта бас прокуратура қылмыстық істі талап етіп, қылмыс оқиғасы жоқ болғандықтан істі тоқтатты. Біз бұл шешіммен келіспейміз және шағым түсіреміз. Қазір оны [шағымды] бас прокуратура қарап жатыр» деді Қанат Сүлейменов.

Бас прокуратура 30 қазанда істі қозғап, тергеу амалдарын жүргізген органға ескерту бергенін де хабарлаған еді. Қанат Сүлейменовтің айтуынша, агенттік ескертудің қаншалықты орынды екенін қарастырып жатыр. Оның айтуынша, екі адамның шағымынан кейін Мәнізоровқа байланысты іс қозғалған.

31 қазанда жергілікті БАҚ интернетте Бағдат Мәнізоровтің «күмәнді әрекеті» жайлы видео тарағанын да жазды. Адвокаты Алмас Демесінов видеоның монтаждалғанын айтып, Мәнізоровтың «жемқорлыққа» еш қатысы жоғын жеткізген.

Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтың «Алаяқтық» бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Осы апта басында әуелі – жергілікті сайттар, кейінірек бас прокуратура Мәнізоровқа тағылған айыптардың алынғанын хабарлады

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.