Logo
Іздеу
Айдарлар

Ресей химиялық қару қолданып отыр ма? – Украина тергеу жүргізуді сұрады

/
Ресей химиялық қару қолданып отыр ма? – Украина тергеу жүргізуді сұрады
Фото: коллаж arasha.kz

Украина үкіметі Ресей Федерациясының химиялық қару қолданғаны туралы мәліметтерге сүйене отырып, Гаагадағы Химиялық қаруға тыйым салу ұйымына (OPCW) ресми түрде жүгінді. Бұл туралы халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.

Украина тарабы OPCW Атқарушы кеңесіне жолдаған өтінішінде Ресейдің тыйым салынған улы заттарды қолдануы халықаралық құқықты өрескел бұзу екенін айтып, дереу тәуелсіз тергеу бастауға шақырды.

Нидерланд пен Германияның барлау қызметтері ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Ресей әскері Украина аумағында хлорпикрин мен CS-газын (көзден жас ағызатын газ) қолданған. Бұл химиялық заттар халықаралық конвенцияларға сәйкес әскери мақсатта пайдалануға қатаң тыйым салынған.

Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылдан бері Украинада осындай химиялық заттардың әсерінен үш сарбаз қаза тауып, 2 500-ден астам әскери қызметкер әртүрлі деңгейдегі улану белгілерімен ауруханаға түскен.

Бұған дейін де тіркелген жағдайлар бар

OPCW бұған дейін де Ресейдің химиялық қаруды қолдануы бойынша бірнеше оқиғаны тіркеген. Атап айтқанда, 2023–2024 жылдары Украина территориясында химиялық заттардың қолданылғаны жөнінде 900-ден астам дерек жиналған.

Украина үкіметі бұл мәселеге қатысты халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерді үнсіз қалмауға шақырып, халықаралық нормалар мен адам құқықтарын қорғауға бағытталған нақты әрекеттер күтетінін мәлімдеді.

«Бұл — тек Украинаға емес, бүкіл әлемдік қауымдастыққа төнген қауіп. Егер химиялық қару қолдану жазасыз қалса, бұл болашақтағы әскери жанжалдарда қауіпті прецедентке айналуы мүмкін», – делінген Украинаның ресми мәлімдемесінде.

Серіктес жаңалықтары