Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын негізгі шикізат пен стратегиялық тауарлар жаңа тарифке ілінбейді.
Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың Қазақстан өнімдеріне 25%-дық баж салығын енгізуіне қатысты ресми пікір білдірді.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан экспортының басым бөлігі жаңа тарифке жатпайды және бұрынғыдай кедергісіз жеткізіле береді. Бұл, әсіресе, негізгі шикізат пен стратегиялық тауарларға – мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал және титанға қатысты. Бағалаулар бойынша, қабылданған шаралар Қазақстанның АҚШ-қа экспортының шамамен 95%-ына әсер етпейді.
Қазақстан Үкіметі Ақ үй әкімшілігіне өзара сауданың шарттарын жақсартуға бағытталған ұсыныстар мен бастамалар жолдаған.
«Қазақстанның мақсаты – нарыққа кіру және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдерге қол жеткізу», – деп мәлімдеді министрлік.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақстандық тауарлар импортына 25%-дық баж салығын енгізу туралы хабарлаған болатын.
«Өтінем, түсіністікпен қараңыздар – 25% деңгейі біздің еліңізбен сауда теңгерімсіздігін жою үшін қажет мөлшерден әлдеқайда төмен», – деп жазды Трамп.
Жаңа тариф 1 тамыздан бастап күшіне енеді.