Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Ресей Федерациясының кезекті шабуылы туралы хабарлады. Әскери ведомствоның мәліметінше, 9 шілдеге қараған түні Ресей Украинаға жүздеген әуе шабуыл құралдарын қолданып, қайта шабуыл жасаған.
Ресей әскерилері 728 дрон қолданған, олардың ішінде соққы беруші «Шахед» аппараттары мен имитациялық дрондар да бар. Сонымен қатар Украинаға алты «Кинжал» аэробаллистикалық зымыраны атылған. Негізгі нысандар ретінде Луцк пен Житомир таңдалған.
Украиналық және ресейлік тәуелсіз БАҚ бұл шабуылды соғыс басталғалы бері болған ең ауқымды соққы деп бағалап отыр.
Украина Қарулы күштерінің мәліметінше, 718 шабуыл құралын залалсыздандыру мүмкін болған. Жеті «Искандер» қанатты зымыраны атып түсірілген. Дегенмен, төрт нысанға снарядтар тигені белгілі.
Шабуылдың салдарынан тұрғын және шаруашылық нысандар бүлінген, оқиға орнында өрт шыққан.
Ресей алдыңғы ірі соққыны Украинаға бірнеше күн бұрын жасаған болатын. Бұл шабуыл Путин мен Трамп арасындағы әңгімеден кейін көп ұзамай орын алды. Трамп сол кезде Ресей басшысының сөзі мен әрекетіне қатты наразы екенін мәлімдеген еді. Ол бұл пікірін кейін де бірнеше рет қайталаған.