Индустрия және құрылыс министрлігі қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру үшін 39 кен орны бойынша электронды аукцион жариялады.
Өтінімдер 2 шілдеден 2 қыркүйекке дейін minerals.e-qazyna.kz платформасында қабылданады, ал аукционның өзі 19 қыркүйекте өтеді.
Аукционға қойылған кен орындарының қатарына еліміздің түрлі өңірлеріндегі – Абай облысынан Атырау облысына дейінгі – алтын, мыс, асбест, никель, кобальт, көмір және басқа да пайдалы қазбалар кіреді. Негізгі ірі учаскелерге Қасқабулақ (алтын), Мамонтовское (алтын-кварц), Берёзовское (қорғасын, мырыш, күміс, алтын), сондай-ақ Қарағанды облысындағы темір кендері жатады.
Жоба жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай платформасында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта онда 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылған. Алдағы уақытта геологиялық есептерді талдауға арналған жасанды интеллект енгізіліп, геологиялық зерделену базасы құрылмақ.