Logo
Іздеу
Айдарлар

13 адамның өмірін жалмаған өрт бойынша кінәлілерге үкім шықты

/
13 адамның өмірін жалмаған өрт бойынша кінәлілерге үкім шықты
Фото: NUR.KZ

Алматыда 13 адамның қазасына себеп болған хостелдегі өрт бойынша сот үкімі шықты. 

Тоғыз айға созылған процесс нәтижесінде хостел директоры Әділбек Мұхамедияров ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзу, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне себеп болу) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Өрт дабылы жүйесін орнатқан кәсіпкер Александр Пекельник ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлігі (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау, соның салдарынан адамның өліміне әкеп соғу) бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотта Пекельник дабыл жүйесін өзі орнатпағаны, біліктілігі жоқ адамдар жұмыс атқарғаны және жүйенің жобасы мен қауіпсіздік талаптары сақталмағаны анықталды.

Мұхамедияров жертөледе 48 адамға арналған 6 жатын бөлме ұйымдастырған, эвакуация жолын жауып тастаған және дәлізге матрастар төсеп, өрт кезінде шығуға кедергі жасаған.

Екеуі де кінәсін мойындамағанымен, сот оларды айыпты деп таныды.
Сот зардап шеккен тарапқа әр сотталушыдан 7 млн теңгеден моральдық шығын және материалдық шығын өндіріп беруге шешім шығарды.

Жаза тағайындау кезінде сот Мұхамедияровтың 5 кәмелетке толмаған баласы, ал Пекельниктің бір баласы барын ескеріп, жазаны жеңілдетті.
 

Серіктес жаңалықтары